Атырауға зағип адамдар арасында дойбыдан бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, Алматы қаласының мүгедектер спорт клубының жаттықтырушысы Марат ҚҰРМАНБЕКОВ келді.
«БӘРІ ДАЙЫНДЫҚҚА БАЙЛАНЫСТЫ»
- Марат Исабайұлы, өзіңіз туралы айтыңызшы...
-Менің балалық шағым Алматы облысы Іле ауданы ҚазЦик ауылында өтті. 1975 жылы 12 жасымда көзім көрмей қалды. Ата-анам мені Қаскелең қаласындағы зағип балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатқа орналастырды. Ол жерде барлық балалар дойбы ойнайтын. Мен де осы ойынға қызығушылық танытып, жарыстарға қатысып жүрдім. Мектептен соң, Алматыдағы Қазақ соқырлар қоғамы кәсіпорындарында жұмыс жасаған кездерімде де ойнап жүрдім.
Сол кезде дойбы ойнауға қызығатын балалар көп болатын. Кеңестік кезеңде осы спорт түрі зағип жандар арасында кең насихатталды, мен мұны дұрыс жасаған деп ойлаймын. Бізде соқырларға арналған дойбы ойнаудың әр түрлі жүрістері бейнеленген қабырғалық күнтізбелер болды. Сонымен қатар, өзіміз спорттық журналдар мен әдістемелік құралдар сатып алатынбыз. Соқырлар қоғамы кәсіпорындары спорт құрал-жабдықтарымен жақсы қамтамасыз етілді, біз республикалық және бүкілодақтық жарыстарға жиі баратынбыз.
Шеберлігіміз артқанда бізді көзі көретін спортшыларға қарсы шығарды. Біз оларға лайықты қарсылық көрсете білдік. Бах Қуанышбайұлы Иманалиев алғаш рет дойбыдан Қазақстанның әмбебап чемпионы атанды. Көптеген жылдар бойы ол республикадағы ең мықты дойбышы болды. Өкінішке орай, ол қазір арамызда жоқ.
Бах Қуанышбайұлы менің жаттықтырушым болды. Кеңестік кезеңде Алматыда көптеген беделді турнирлер өтетін еді, ол жарыстарға көзі көретіні-көрмейтініне қарамастан барлығы қатысатын.
- Көзі көретін адам мен зағип адамның ойыны қалай өтеді? Мұнда әр жүрісіңді жазып отыру керек қой...
- Ойынға мен өз дойбы тақтамды алып келемін. Онда қара тор көз ойылып жасалған. Ақ дойбылар бұдырлы, қара - тегіс. Ал зағип адамдар жүрістерін жазып отыру үшін Брайль аспабы көптен бері қолданылады. Көзі көрмейтін адамның сау адаммен ойнауына еш қиындық жоқ. Барлығы да дайындыққа байланысты.
Мен көп жылдар бойы жүлдегер болып жүрдім, ал соңғы бес жылда Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп жүрмін. Өткен жылы Қаскелеңде болған дойбыдан әмбебеп Азия чемпионатында төртінші орын алдым. Зағип адамдар арасында тек әлем және Еуропа чемпионаттары өтеді. Мен Николай Белокрылов (Алматы), Қайыр Әбділдин (Қарағанды) және басқа да спортшылармен бірге Қазақстан құрамасына кіремін.
Марат ҚҰРМАНБЕКОВ-Қазақстан дойбыдан әлемдік рейтингте қандай орында?
- Қазір Қазақстанда дойбы дамып келе жатыр. Жастар тартыла бастады. Халықаралық жарыстарда ақтөбелік спортшылар - Азия чемпионы, әлем чемпионатына қатысушы Ахмет Бәшімовжәне әлемнің үздік он дойбышысының қатарына қосылатын Мират Жекеев жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Оралда бірнеше дүркін әлем және Азия чемпионы Алтынай Амангелдиева тұрады.
Өткен жылы Польшада зағип адамдар арасында алғаш әлем чемпионаты өтті. Онда спортшылар мүлдем көрмейтін және аз да болса көретін екі топқа бөлінді. Мүлдем көрмейтіндер арасында қазақстандық Генадий Никифоров чемпион атанды. Юрий Носов та сәтті өнер көрсетті. Соңғы партияға дейін ол бірінші орында келе жатқан, алайда шешуші ойында өрескел қателік жіберіп, төртінші орынға түсіп қалды. Ондай жағдайлар да болады...
АҚЫЛДЫ ЖАТТЫҚТЫРАДЫ
- Қазір сізде қанша бала жаттығу жасайды?
- Мен Алматы қаласында Островский атындағы зағип балаларға арналған мектеп-интернатта жаттығу жүргіземін. Өткен жылы менің шәкіртім Жанмұқан Болат зағип балалар арасында Қазақстан чемпионы атанды. Ол, сондай-ақ, шахматпен де шұғылданады және зағип балалар арасында осы спорт түрінен Азия чемпионы болды.
- Қазақстандағы дойбы болашағы қандай болады деп ойлайсыз?
- Кеңестік кезеңде Қазақ соқырлар қоғамы кәсіпорындарының жарыстар ұйымдастыруға, жақсы бапкерлер жалдауға мүмкіндіктері болды. 90-жылдары бәрі бұзылып, дойбымен ешкім шұғылданған жоқ. Дойбы топтары шымкенттік Жандос Үсенов пен теміртаулық Алла Чуприк сияқты белсенділердің арқасында бірнеше облыстарда ғана сақталды. Алла қазір Қазақстан дойбы федерациясының вице-президенті.
Тек футбол, бокс сияқты қызықты спорт түрлеріне ғана қолдау көрсететін шенеуніктерге түсінбеймін. Дойбы, тоғызқұмалақ, шахмат сырт көзге қызықты емес. Мұнда жанкүйерлер үшін шоу жасай алмайсың. Бұл ақылды жаттықтыратын спорт түрі! Біз қабілетті балаларды іріктеп алып, жарыстарға дайындаймыз. Сеніңіздер, дойбыдан чемпион болу мүмкіндігі барлығында да бар.
- Сіз бүгін атыраулық дойбышылармен дойбы ойнадыңыз. Кімді ерекше атап өтер едіңіз?
- 2014 жылдың наурызында зағип жандар арасында Қазақстанның жастар чемпионаты өтеді. Бұл жарыста Атырау намысын АманқосӘбдешевқорғайды. Тағы бір болашағы бар ойыншы - Аман Есімов. Қазір ол үшін қиын. Ол әскер қатарында жүрген кезінде көрмей қалған. Бұл жігітке сезімдерін жеңе біліп, мықтап жаттығу керек. Ол алысқа бара алады.
Берік Молдашев - дені саулар арасында облыстың бірнеше дүркін чемпионы, ол Қазақстан чемпионатында облыс намысын жақсы қорғап жүр.Болат Көшенов - көзі көретіндер арасында Атырау қаласының өткен жылғы чемпионы. Екеуі де белгілі атыраулық дойбышы, жазушы, «Спорт» республикалық газетінің бұрынғы редакторы Жүсіп Хисимовтың шәкірттері. Қазір ол Алматыда тұрады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ