Атырау, 26 желтоқсан 01:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Жаңылдырған жол белгілері

6 637 просмотра

Өтіп бара жатқан жыл жаңа көпірлердің, жол түйіндерінің салынуымен, сондай-ақ өмірі төселмеген жерлерді жаппай асфальттау жұмыстарымен есте қалмақ. Дегенмен де, осынау артықшылықтар атыраулық жүргізушілер үшін де көптеген проблемалар туындатқан еді. Оқырмандарымыздың бірі мынадай жағдайды бастан өткерген екен.

24 қыркүйекте Алмаз өзінің «Субару» маркалы көлігімен М.Горький көшесінде келе жатқан. Күтпеген жерден қиылыста Майлин көшесімен жүріп келе жатқан «Нисан» көлігі бүйірлей соғады. Бағына орай, жапа шеккендер болмаған. Жүргізушілер көліктерінен түсіп, автоинспекторларды шақырып, дауласыпты. Өйткені, Горький көшесі Майлин көшесіне қатысты әрдайым да басты жол болатын. Бұған дәлел ретінде қиылыста «Басты жол» және «Жол бер» деген басымдық белгілері орнатылған. Алайда жол жөндеу жұмыстары кезінде белгі алынып тасталған да, қайтадан орнатылмаған.

Енді, автоинспектор жасаған сызба бойынша, «Субару» жүргізушісі апатқа кінәлі боп, ал жүргізуші куәлігінсіз машинаны жүргізгендігіне (дегенмен, бұл апатқа тікелей қатысы жоқ ЖҚЕ бұзу) қарамастан, «Нисан» көлігінің жүргізушісі жапа шегуші боп шыққан. Жол полициясының қызметкері ахуалды: егер басымдық белгісі жоқ болса, онда қиылыс реттелмейді, ал бұл жағдайда «оң қол ережесі» деп аталатын, яғни оң жақтан бөгелу ережесі күшіне енеді, М.Горький атындағы көшенің бір кездері басты көше болғандығы маңызды емес деп пайымдаған.

Жол-көлік оқиғасына кінәлі мұнымен келіспей, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) бөліміне жазбаша түрде қай көшенің басты жол екендігін анықтап беруді өтінеді. Ондағылар ЖПБ-мен кеңесіп, басты жол М.Горький көшесі екенін айтқан. ТКШ жауабына сүйене отырып, Алмаз сотта өзінің дұрыстығын дәлелдегісі келген. Алайда оны жол-көлік оқиғасының (ЖКО) орын алуына кінәлі деп тауып, оған 14 мың теңге мөлшерінде айыппұл салған. Апелляциялық сатыдағылар бірінші соттың қаулысын өзгеріссіз қалдырған. 

 

КӨПТІ КӨРГЕНДЕР ДЕ ЖАҢЫЛЫСАДЫ

Тілшінің сұрағына жол полициясы басқармасындағылар автоинспектордың ЖҚЕ-сін бұзушыны анықтап, сызбаны дұрыс жасақтағанын атап өткен. Бір жаман жері, мұндай қиылыстардың қалада он шақтысы бар. Өзіңіз ойлап қараңыз, басты жолмен келе жатып, басымдық белгілерімен жабдықталған «қалыпты» қиылыстан өтіп кеттіңіз делік. Ал үш жүз метрдей қашықтықта реттелмейтін қиылысқа кез боласыз. Енді сіздің бағытыңыз басты жол болудан қалады, сіз одан өткен кезде «оң жақтан бөгеліс» ережесін басшылыққа аласыз. Бұл жаңадан көлік жүргізуді үйренушілерді ғана емес, көпті көрген, жылдар бойына белгілі бір бағытпен жүруге дағдыланған, жолындағы әрбір төмпешікті жатқа білетін бірқатар жүргізушілердің де түсінбестігін тудырады.

Біз бұдан бұрын жазып өткеніміздей, облыс орталығына шұғыл арада мыңнан аса түрлі жол белгілерін орнату қажет. Мұның барлығы оны сатып алу және орнату үшін қаржы бөлуге құзіретті қалалық әкімдікке байланысты болып отыр. ІІД ЖПБ жол қозғалысын ұйымдастыру және оны шешу жөніндегі проблемаларын тізбелеп, ол жерге әлденеше рет жедел хабарламалар жолдаған.

Әкімдік бұл проблемаларды әрең шешуде. Редакцияның жолдаған сауалына берілген ІІД баспасөз қызметінің жауабында айтылғандай, биылғы жылы ЖПБ қала жолдарындағы, соның ішінде Горький – Майлин қиылысындағы ескі белгілерді қалпына келтіріп, жаңа басымдық белгілерін орнату қажеттігі жөнінде төрт рет қалалық әкімдікке хабардар еткен. Алғашқы хат 28 қаңтарда, соңғысы 22 қарашада жіберілген деп белгіленіпті. Жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін білуі міндетті екені сөзсіз, алайда қалалық әкімдік уақытында қажетті белгілерді орнатқан болса, бұл апат (бәлкім, басқа да апаттар) орын алмас еді.

 

ШЫҒЫНДЫ ӘКІМДІК ТОЛТЫРУЫ ТИІС ЕМЕС ПЕ?

Сол арада ЖКО-дан жапа шегуші тарап Алмазға қарсы 300 мың теңге сомасында материалдық шығынды өндіріп алу туралы талап-арыз береді.

«Слово Защиты» адвокаттық кеңсесінің заңгері Аслан ЖОЛБОЛОВТЫҢ айтуынша, «Жол қозғалысының қауіпсіздігі туралы» ҚР заңына сәйкес, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, облыстық және аудандық маңыздағы жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарындағы, елді мекендердің көшелеріндегі жол қозғалыстарын  реттеудің техникалық құралдарын енгізу мен ұстау жұмыстарын орындаумен қамтамасыз ету – атқарушы органдардың, яғни, белгілерді уақытында орнатуға міндетті әкімдіктің құзырында болады.

Осы Заңның 14-ші бабында айтылғандай, жол қозғалысына қатысушылардың барлығы дене жарақаттарын, сондай-ақ көлік құралы және (немесе) жүгі бүлінген жағдайда, зиянды өндіріп алуға құқылы. Сонымен қатар, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында құзырлы лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттеріне шағымдануға болады.  

ҚР азаматтық-іс жүргізу заңнамасының нормасы бойынша әр адам өзінің құқығына, еркіндігіне немесе заңмен қорғалатын мүддесіне нұқсан келтірілді деп есептесе, сотқа жүгінуге құқылы.

Бұл жағдайда жергілікті билікке қандайма болмасын талаптар қойған кезде, өз дәлелдеріңізді нақты тұжырымдап, қажетті жол белгілері уақытында орнатылса, бұл оқиғаның алдын алуға мүмкін болар еді деп көрсету керек. Сондай-ақ, жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң негiзгi принциптерi - азаматтардың өмiрi мен денсаулығының шаруашылық қызметтiң экономикалық нәтижелерiнен басымдығы және жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде мемлекет жауапкершiлiгiнiң жол қозғалысына қатысушы азаматтардың жауапкершiлiгiнен басымдығы боп табылатындығына баса назар аудару керек (аталмыш Заңның 3-бабы).

Лев ГУЗИКОВ

P.S. Бүгінгі күні Горький-Майлин көшелеріндегі басымдық белгілері қалпына келтірілген. Алайда Алмазға бұдан жеңіл тиіп отырған жоқ.

15 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.