Атырау, 25 желтоқсан 06:21
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Екі қыз немесе сурет пен поэзияның дуэті

11 756 просмотра

Жуырда  Атырау өлке тану мұражайына жиналғандар суретші мен ақынның творчестволық альянсының куәгері болды. Белгілі суретші Камила ЖАПАЛОВА ақын Маржан ЕРШУОВАНЫҢ поэмасы негізінде салынған «Дина» портреттік туындысын таныстырды. Ол биылғы Дина Нұрпейісованың 150 жылдығына арналған екен.

 

Әрине, ақын мен сазгердің арасындағы творчестволық байланыс ешкімді таң қалдырмайды. Өйткені, сазгерлер ақындар сөзіне арнап ән шығарып жатады. Бірақ ақын және суретшіні табыстырған не? Әлбетте, өнер құдіреті.

 

СУРЕТШІ ҚЫЗ

- Әр кезеңге сәйкес ұрпақ тарихи дәуірге өз көзқарасын білдіреді. Маржанның «Дина»поэмасында күйші ананың образы өзінше сомдалған. Оның ер мінезі, заманының қиыншылығына мойымай күй - өнерді бізге мұра қылған тұрмыс-тіршілігі оқырманға өте түсінікті жеткізілген. Мен оны оқи отырып көзіме елестеген Дина-күйшіні өзімше салып шықтым, - деп түсіндіреді портреттің авторы Камила Жапалова.

Бірақ Маржан Ершуова  оның «Дина» поэмасына Камила портрет салғысы келгенде «өзіңді зорламай-ақ қой, көңіліңнен шығып жатса ғана кіріс» деген көрінеді. 

Сурет холстқа майлы бояумен салыныпты. Сырғып көшіп жатқан құмдар күйдің әуезді сазына ұласа тербеледі. Ал Дина бейнесінің сол жағын ала көзге шалынатын шоқ сексеуіл ақынның қайсар мінезінің баламасы. Оның артында тарих қойнауы Сарайшық сұлбасы, батып бара жатқан күн қазақтың дәстүрлі өрнегімен астасып, тұтас бір тарихи кезеңді көз алдымызға әкеледі.

- Каземир Малевичтің  «Черный квадраты» сырт қараған адамға қап-қара төртбұрыш қана. Бірақ өнер зерттеушілер оның әлі күнге мағынасын талдап әлек. Бұл да менің өз көзқарасым, өз қиялым. Ертең келер ұрпақ Дина - күйшіні басқаша сомдауы мүмкін, - дейді суретші.

Дегенмен Камила Жапалова ендігі өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан суретші. Қазақтың ою-өрнегін абстракциямен табыстырған қаламгер. Оның көп туындылары жібек матаға салынған. Өзінің айтуынша, матаға салғанда ойды дәл жеткізе алмайсың. Өйткені батикке бензин, парафинді және басқа да бояулар түрлерін түтікпен үре отырып өрнектейді. Өкініштісі сол, талантты суретші әлі күнге дейін шеберханасыз. Кезінде Париждегі бүкіл әлемдік суретшілер көрмесінен орын тепкен ғажайып туындылары да өзінің үйіндегі шағын бөлмесінде дүниеге келіп жатыр.

- Бұрын да суретшілер одағына мүше болғандарға арнап шеберхана берілетін еді. Қазір ол жоқ. Мен шеберхана сұрап әкімдерге кірдім бірнеше рет. Нәтиже жоқ, - дейді суретшінің өзі.

Камиланың суретін көргендер жандарына қуаныш сыйлайтынын айтады екен. Ол рас. Суретшінің  туындылары өзі айтқандай, тек жақсы, көтеріңкі көңіл күй кезінде туындайды.

- Маған ой табиғаттан келеді. Шабытты шақтарда үйден шықпай екі-үш картина салып тастаймын. Көбіне сезім, гүлдер, ұшып бара жатқан құс, адамға ой салатын тарихи этюдтерді бейнелеймін. Таңғы 4-терге дейін жұмыс істесем де, таңғы 6-да бір тұрып салғанымды қарап кетемін, - деп күледі.

Суретші әр жылдардағы «Шабыт» творчестволық фестивалінің лауреаты, Алматы, Астанада өткен бірқатар республикалық көрмелерге белсене қатысады. Біраз туындылары жеке коллекционерлер қолында екен.

- Суреттен табар табысыңыз жаман болмас, - деймін әңгімеге тартып.

- Суреттерімді табыс үшін салмаймын. Ең қымбат саналатын суреттерім түрлі мұражайларда тұр. Ал жаңа салынған туындымды бірден сатуға шығармаймын. Алдымен көрме жасап халыққа көрсетем, содан соң ғана сатуға шығарамын. 30-40 мың теңгеден бастап бағалаймын, өзіме ұнағанын сатпаймын. Бірақ билік басындағылардың көбі тегін алуға тырысады, - дейді Камила.

Тегін демекші, 2004 жылдары «Шабыт» фестиваліне барған жас суретшінің «Тайқазан» туындысын сол кездегі Астана қаласы әкімінің орынбасарларының бірі алып қалыпты. Тегін әрине. Біреудің көз майын тауысқан еңбегін жай иелене салған шенеунікке не дерсің?

 

 АҚЫН ҚЫЗ

«Дина» поэмасының авторы – Маржан Ершуова поэманың дүниеге келуінің өзі бір мистика тәрізді болды, - дейді.

- Түсіме енген басында дағарадай кимешегі бар Дина апамыздың «Маржан, сен мені неге іздемейсің?» дегенінен басталды бәрі, - деп ағынан жарылады ақын қыз.

Біреу бұған күлер, екіншісі ойынан шығарды дер. Бірақ мен оған сенем. Өйткені, бүгінде Маржан тарихи тұлғаларды жыр тілінде сөйлетіп жүрген жас таланттардың бірегейі. Оның бұдан бөлек қазақтың батыр ұшқыш қызы  Хиуаз Доспанова жайлы «Қыран», «Исатай-Махамбет», «Маңғыстау. - Рысалды батыр», «Бауыржан» поэмалары бар. Оның бұл туындылары «Шырақ», «Пырақ» кітаптарына топтастырылған. Ол 2003 жылы әдебиет пен өнер саласы қайраткерлеріне берілген мемлекеттік стипендияны да иеленді.

- Бұл екі кітапты жазуға 10 жыл уақытым кетті. Жүгі ауыр болғанмен тарихи тұлғаларды жазу әйтеуір жүрегіме жақын. Дегенмен болашақта тарихта орын алған әйелдердің  образын өлеңмен сомдағым келеді. Атақ қуып жүрген ештеңем жоқ, тек болашақ ұрпақ Дина, Хиуаз кім деген сауалға жауап іздегенде соны түйсігіне жететін сөзден әрі олардың бейнесін осынау суреттерден көре алса болғаны, - дейді ол.

Маржанның өзі жақында ғана Түркия жазушылар одағы ұйымдастырған «Түркі әлемінің жас ақындарын түрікше үйренуге Түркияға шақырамыз» жобасы аясында үш айлық оқудан оралған беті екен. Өзінің арманы да ендігі көңілді тәржімаға аударып, Исатай мен Махамбетті түрікше сөйлету екенін айтады.

- Ол жақтан бір дорба  кітап әкелдім. Күзде тағы барамыз. Мен осы байланыстан көп нәрсені ұқтым. Олар үшін ақынның материалдық деңгейі де басты назарда. Менен қанша үйің бар, банкіде қанша қаражатың бар, қандай көлік мініп жүрсің деп сұрайды. Олардың ойынша ақын не шіріген бай болғанда, не жарымаған кедей болғанда өлең жазады. Маған қайсысына жатасың десті. Мен не дейін, елім бай, ендеше мен де баймын дедім, - дейді Маржан.

- Дегенмен баяғыда сарай ақындары болған ғой. Бай-бишікештерді мадақтап өлең жазып дегендей тапсырыстар алып тұруға болмай ма?

- Жоқ тапсырыспен өлең жаза алмаймын. Тіпті бір байлар ата-бабаларының шежіресін өлеңмен жаздыртқысы да келген. Кейбіреулер өз аттарынан ақша төлеп шығартып алғысы келеді. Олардың алғашқысына қолым жүрмесе, соңғысына келгенде әр өлеңім іштен туған шұбар жылан ғой, жеме-жемге келгенде бергің келмей қалады.

Ақын қыз бен суретші қыздың болашаққа құрған жоспары да бар. Бұл ерекше өнер альянсынан тағы да  табысты жұмыстар күтеміз.

Сәния ТОЙКЕН

Суретті түсірген автор

19 мамыр 2011, 18:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.