Атырау, 21 желтоқсан 09:56
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Сэнсейлерге де қолдау керек

2 974 просмотра

«Қара белдіктер» клубының 2013 жылдың қорытындыларына арналған  кезекті отырысы болып өтті. Клубты өткен жылы облыстық карате мен муайтай, таэквондо, айкидо және панкратион федерацияларының негізін қалаушылар Айбат РАХМАН, Қабибек МҰХИТОВ, Нұрлан ШАЙХИЕВ және Сағындық МЕКЕЕВ құрған болатын. Осы болған отырысқа жоғарыда аталғандардың екеуі, сондай-ақ, облыстық джиу-джитсу федерациясының директоры Айбар ЕСЕНҒАЛИЕВ, «Намыс» облыстық кекушинкай карате-до федерациясының директоры Танат НҰРЫМОВ және «Сұлтан Бейбарыс» спорт клубының президенті Нұржан ЕРМҰХАНОВ қатысты.

«ІРГЕҚАБАТҚА ӘЛІМІЗ КЕЛМЕЙДІ»

Үстіміздегі жылыкаратеші Бауыржан КҮМІСҚАЛИЕВ пен кикбоксшы Абзал ЖҮСІПОВ әлем чемпионаттарының «алтын» медаліне ие болса, Ишан ҒАЛИЕВ пен Дидар БОЛАТОВ муай-тайдан Әлем кубогында үздік атанды. Облыстық спорт жетістіктері қоржынына Олимпиадалық ойындар қатарына кірмейтін спорт түрлері өкілдерінің қосып отырған үлесі өте қомақты. Алайда облыс бюджетінен оларға жалақы төленбейді, спорт залдар салып, құрал-саймандар алып бермейді. Сондай-ақ, спортшыларға спорт-тық киімдер де берілген емес.

А. Есенғалиев:

- Өтіп бара жатқан жылда Мирас Шынтасов, Қанат Әшімов және Айбек Бөлекбаев сияқты шәкірттеріміз әскери самбодан Әлем кубогында медальдардың толық кешенінің иегері атанды, осы спорт түрі бойынша Рүстембек Жереншиев Азия чемпионы, Р. Жереншиев пен Ерман Майлашев панкратионнан Қазақстан чемпионы, Арғын Сабыров пен Нұрбек Отар қоян-қолтық айқастан ел чемпионы атақтарын жеңіп алды. Біздің жалғыз ғана проблемамыз - өз жаттығу залдарымыздың жоқтығы. Егер олар болғанда, жетістіктеріміз бұдан да мол болар еді.

Т. Нұрымов:

- Мен бұл мәселемен қала әкіміне жолықтым. Ол «қазір көп үйлер салынуда, ірге қабаттарын жалға алыңыздар» деп жауап берді. Қанша? - деп сұрадым. Ауданы екі жүз шаршы метр болатын жертөлені жалға алу айына 350 мың теңге тұрады. Қалалық қаржы бөлімі бір тиын да бермеді. Ол аз дегендей, жертөлелер қабырғалары сыланбаған, едені қара жер. Залды, әжетхананы,  жуынатын және шешіну орнын өзім жабдықтауым керек. Ал жалға алу шартын тек бір жылға ғана жасайды. Яғни, келесі жылы маған «сау бол!» деуі еш ғажап емес. Бізге ондай ақша қайдан келеді, біз саудагер емеспіз ғой, мұнай, бензин, уылдырық сатып жүрген жоқпыз. Мен бас тарттым. Біз қазір жаттығу жасап жүрген залдарға жарнаға төлейтін ақшалары тұрмақ, жолақыға беретін тиындары жоқ адамдар келеді. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды мен тегін жаттықтырамын. Жалға алу ақысы мен орынжайды жөндеуге ақшаны қайдан табады дейді екен?

 

«БІЗГЕ ЕНДІ ЕШКІМДІ ШАҚЫРУ КЕРЕК ЕМЕС»

Атырауда спорт залдардың жетіспеушілігі қазір өзекті мәселе болып тұр. ДСК-лерде күндіз тек олимпиадалық спорт түрлерінің өкілдері жаттығады.

«Олимпиадалыққа жатпайтындар» залға тек кешкі уақытта ғана кіре алады. Жаттықтырушылардың айтуынша, түнгі тоғыз-ондарда жаттығу жасау зиянды. Сонымен қатар, кеш уақыт жаттығулардан шыққан балаларды полиция ұстап алуы мүмкін.

Білім беру және мәдениет нысандары бұқаралық спорт түрлеріне ашық болуы керек деген үкіметтің қаулысы бар. Алайда, діни экстремизмді сылтау қылып, мектеп директорлары жаттықтырушыларға спорт залдарды жалға беруден бас тартып жатады.

Мектеп залдары кешкі уақыттарда бос тұрады.

Қабибек Мұхитов:

- Қазір шотакан карате секциялары алғаш ашылған 1990 жылдар емес. Сол кезде облысымызда таэквондо да, кикбоксинг те, джиу-джитсу да болған жоқ, өйткені білікті мамандар болмаған. Сондықтан да біз жер дүниені кезіп, білім алдық, шетелдік шеберлерді аттестацияларға шақырдық. Қазір Атырауда барлық шығыс жекпе-жегі бойынша аттестацияланған, халықаралық сертификаттары бар нұсқаушыларымыз жеткілікті. Алматыдан, Кореядан, Жапониядан шақырудың еш қажеттілігі жоқ. Бұған қол жеткізу үшін бюджет бір тиын да бөлген жоқ. Олар өз қаржыларына оқып-үйренді, қазір білімдерін кез келген жастағы жерлестерімен бөлісуге дайын. Жекпе-жек шеберлеріне бәріміз сыйлайтын футболдағыдай миллион долларлап ақша бөлудің қажеті жоқ. Оларға тек орынжайларды ақылға сияр ақшаға және ұзақ мерзімді жалға берсе болды. Мұның бәрі қатал бақылауда болсын, олардың өздері тәртіпті екі қолдап қолдайды. 

Айбат Рахман:

- Жапонияда балалармен жұмыс жасағысы келетіндерді шенеуніктердің өздері іздейді. Спорт залдармен, көліктермен қамтамасыз етеді, жарыстарға бару жолсапарларын төлейді, сондай-ақ, басқа жұмыс туралы ойланбас үшін үлкен жалақы да береді. Біздің сэнсей Морио Хигаона Жапонияның ұлттық игілігі болып саналады және үкімет үлкен қолдау көрсетеді.

 

«КЕҢЕСТІК ТӘЖІРИБЕНІҢ БӘРІ БІРДЕЙ ЖАМАН ЕМЕС»

Жаттықтырушылар тағы бір мәселе көтерді.

Нұржан Ермұханов:

- Әр федерацияны кеңес кезіндегідей белгілі бір ұйымға қолдау көрсету үшін тіркеп қою керек. Қалада карате годзю-рю, карате кекушинкай, карате шотокан, муай-тай, ушу-саньда, джиу-джитсу, панкратион, қоян-қолтық айқас және ММА (аралас айқас) сияқты жекпе-жек федерациялары көп. Егер мемлекет олимпиадалық емес спорт түрлерін қаржыландыра алмаса, әр қайсысын бай компанияларға тіркеп қойсын. Қалада түрлі компаниялар жеткілікті ғой, бір ғана спорт түріне қолдау көрсетудің еш қиындығы болмас.

Алайда, шын мәнінде, кері үдеріс жүріп жатыр. Мысалы, Мақат ауданының Доссор селосында «Доссормұнайгаз» МГӨБ өз балансындағы ДСК-н аудандық спорт бөліміне басқарушылыққа берді. Жоғары санатты нұсқаушыларды жұмыстан шығарып, жұмысшы мамандықтарына ауыстырды. Доссорлық муай-тай мектебінің шәкірті 2013 жылғы Әлем кубогының иегері болды. Жилгородоктағы саябақты АМӨЗ қалалық әкімдікке бергенде не болғанын жұрттың бәрі біледі емес пе...

Жаттықтырушылардың пікірін-ше, үшінші мәселе - облспорт бюджетінде жетістікке жеткен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына сыйақылауға қаражаттың жоқтығы. Егер облыстық бюджетке олимпиадалық және олимпиадалық еместігіне қарамастан, кез келген спорт түрінен әлем чемпионы болған спортшыларға және жаттықтырушыларға пәтер немесе көлік сыйлауға болатындай қаражат салынса, керемет болар еді. Мұндай «жарнама» мыңдаған жас адамдардың спортпен шұғылдануына үлкен қозғаушы күш болар еді.          

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

26 желтоқсан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.