Атырау, 25 қараша 17:18
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

ТШО-ға қарсы көтерілген іс жабылмақ

5 238 просмотра

Жаз ортасында басталған ТШО-ға қарсы қылмыстық істі тергеу тоқтатылды. Бұған қатысты компания тиесілі тереңдікте бұрғыламаған, осылайша ол 200 миллиард теңгеден астам заңсыз ақша иеленген деп мәлімделген болатын.

Естеріңізге салайық, қомақты ақша туралы мәселе қойылғандықтан және істің күрделі болуына байланысты астаналық қаржы полициясы бұл істі жергілікті әріптестеріне сеніп тапсыра алмай, тергеу ісімен өздері айналысқан болатын. Шілде айында Атырауға қаржы полициясының арнайы құрылған тергеу тобы келіп, шетелдік компания қызметкерлерінен жауап алып, құжаттамаларын тексерген еді. Істің күмәнді екені әу бастан-ақ белгілі болды, өйткені ҚР үкіметі мен ТШО арасындағы келісім-шартта бұрғылау тереңдігі айтылмаған. Бұл туралы жауапкерлердің өздері басында мәлімдеген болатын. Мұны, кейін жұртшылық алдында мұнай және газ министрі де мойындаған еді. Бұл істі бұлыңғырлатып жіберген болатын.

Тергеу тобы қаламыздан баяғыда кетіп қалды. Алайда тергеу нәтижесі ешкімге белгісіз. Осыған қатысты облыстық прокуратураның алдын ала тергеу және анықтаудың заңдылығын қадағалау жөніндегі басқармасының аға прокуроры Шәміл ШЫРЫНОВ былай деді: «Тергеу ісімен қаржы полициясы айналысты. Сондықтан бізге ештеңе де белгілі емес. Шамамен шілде айының аяғында олар кетіп қалды. Тергеу ісі тоқтатылған секілді. Желтоқсан айының аяғында астаналық тергеуші келуі тиіс, сол кезде қалай болғанын айта аламыз».

Біз Астанадағы депутаттарымыз істің мән-жайына қанық болар деп ұйғарып, олардың біріне хабарласқан едік. Телефон арқылы бізгеПарламент мәжілісінің депутаты Асхат БЕКЕНОВ былай деген еді: «Істі басып тастады, біріншіден, ТШО мен үкімет арасындағы келісім-шартта белгілі бір тереңдік туралы айтылмаған, ал басқалай жағынан министрлік (мұнай және газ министрлігі) пен қаржы полициясы тыныштық тапты. Дәлірек айтқанда, үкімет пен құрылтайшы арасында белгілі бір келісімге қол жеткен».

Әуел бастан-ақ тереңдік туралы айтылмағандығы айқын болса, соншама дабыра қылып іс көтерудің қажеті қанша еді деген сұраққа, мәжілісмен Қазақстан елінің бұрынғыдай емес екенін, тәуелсіздік алған кезде көрінеу тиімсіз шарттармен келісуге тура келгендігін айта бастады. Қазір мемлекет кемелденген кезеңге жетті, ол инвесторлармен жаңа саясат қалыптастыруда. Ал бұлайша белгілі бір қоғамдық пікірді қалыптастыру – халық пен мемлекеттің игілігі үшін қолданылатын жақсы аспап. «Шамасы, үкімет әлдебір шарттар немесе міндеттемелер жүктеген болар, мен мұны қалыпты тәжірибе деп есептеймін, нарық заңы сондай. Белгілі бір мәмілеге келгендіктен істі тоқтатып тастаған болуы керек».

Үкімет пен ірі өндіруші компания арасында белгілі бір сауданың болғаны түсінікті. Алайда ақыр аяғында ол жерде шенеуніктердің кімнің пайдасына сауда жасағандығы халыққа белгісіз боп отыр.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

15 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.