Атырау, 10 желтоқсан 11:27
 бұлттыВ Атырау -3
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Бензин “базарындағы” шырғалаң

3 572 просмотра

Бензин бағасы – қазіргі кезде көлік қожайындарының арасында көп талқыға салынатын мәселеге айналған. Егер ол осындай қарқынмен өсетін болса, онда машиналарды қаңтарып қоюға тура келеді дейді олар.

Еліміздің жанар-жағармай стансаларынан түсетін жаңалықтар майдан шебінен келген ақпараттарды еске түсіреді. Оңтүстік Қазақстанда күні кеше ғана АИ-92 отынының бір литрі 91 теңге болатын. Ал бүгінгі күні оның бағасы бірден 7-8 теңгеге көтеріліп кеткен. Павлодардағы жоғарғы октанды бензин бес теңгеге қымбаттаған. Кейбір жанар-жағармай стансалары қаңырап қалған. Петропавловскде әзірге тек екі теңгеге көтерілген. Ал Астанада төрт теңгеден жоғары. Атырауда баяу болса да бағаның үнемі өсіп отырғаны байқалады: АИ-92 қаңтар айында 88 теңге болса, ай сайын 2-3 теңгеге қымбаттап отыруы оның құнын 99 теңгеге дейін жеткізген.

Дегенмен, бұл мәселе тек көлік әуесқойларын ғана емес, көлік қызметіне тапсырыс берушілер мен тасымалдаушылардың өздерін алаңдатып отыр. Ал тасымалдау - өнімге қосылатын бағаның бірі. Сондықтан жанар-жағармай стансаларында бағаның көтерілуі барлығына да әсерін тигізбек.

 

БАҒА БӘРІБІР ӨСЕДІ

Әрине, бұл ахуал үкімет басындағылардың талқыға салар мәселесі. Интернеттегі автофорумға қатысушылардың пікірі мен жексенбілік телеарнада сөйлеген мәжілісмен Нехорошевтің сөзі бір жерден тоғысыпты:

– Мұнай бағасы өскен кезде бензин бағасы да өседі;

– Мұнай бағасы түскен кезде, мұнай бағасынан түсетін азайған кірістің орнын жабу үшін мұнайшыларға бензин бағасын көтеруге тура келеді;

- Мұнай бағасы тұрақты болған кезде, бензин бағасы көтеріледі, өйткені инфляция.

Ал сарапшылар егіс науқаны қарсаңында бензин бағасы әрі қарай да көтеріле беретіндігін жорамалдап отыр. Қазақстанның отын нарығына өзіміз тәуелді боп отырған Ресейдегі бензин дағдарысы да әсерін тигізеді. Монополияға қарсы комитет қайда қарап отыр? – деп наразылық білдіреді көлік қожайындары.

«“Гелиос” компаниясы (АИ 92/93, АИ-80 бензиндері және дизельдік отын) жанар-жағармайды бөлшек сату нарығында жоғарғы деңгейде тұрған республикалық субъектілер тізіміне кіреді. Атырау облысында мұндай тізілімге тек «ҚазМұнайГазӨнімдері» АҚ-ның АИ-80 бензині мен дизельдік отыны ғана енгізілген, - дейді Атырау облыстық табиғи монополияларды реттеу жөніндегі ҚР Агенттігі департаменті директорының орынбасары Райхан МИЗАМҒАЛИЕВА. – Жақында «Гелиос» ЖШС АИ-92 маркасындағы бензиннің құнын көтеруге өтініш берген еді. Біз оны қабыл алмадық. АИ-95 маркасы Агенттік бақылауға алатын тізілімге енбеген. Сондықтан компаниялар осы өнімнің бағасын өздері қоюға құқылы. Жанар-жағармай стансалары бар қалған компаниялар облысымызда бензинді бөлшек саудамен сату нарығында көш бастаушы кәсіпорындар боп табылмайды. Сондықтан біз олардың бағаларына бақылау жасай алмаймыз».

 

СӨЗ БАЙЛАСУ ТЕОРИЯСЫ

Көлік қожайындарының көп-шілігі бензин корольдері баға тұрғысында сөз байласып алған деп жорамал жасап отыр. Ал бензин корольдері бұлай болуы тіптен мүмкін емес деп теріске шығарады. Олардың болжамынша, рентабельділіктің төменгі деңгейін сақтап қалу үшін үнемі мұнай өнімдерінің бағаларын өзгертіп отыру керек. Өйткені жеткізушіде жанар-жағармай сатып алу бағалары көтеріліп, жанар-жағармай стансаларын, мұнай базаларын ұстап тұру шығындары көбейіп отырады екен. Соңғы кездері мұнай өнімдері бағаларының қарқынды өсуі тек Қазақстанда ғана емес, дүние жүзінде байқалады. Бұған Кедендік одақ та себеп болып отыр. Өйткені жоғарғы октанды отынның бір бөлігі басқа елдерден, негізінен Ресейден импортталады. «Ресеймен отын бағасы бойынша орташа есептегі айырмашылық соңғы кездері бензинге қатысты 43 теңге, дизельдік отынға қатысты 55 теңге құрап отыр. Мұндай үйлесімсіздіктің себебі Қазақстан ішінде жанар-жағармайдың бағасын біркелкі ұстап тұру боп табылады, - дейді «Гелиос» компаниясының бренд-менеджері Әсел ТАТАРХАНОВА. – Мұнай өнімдерін көтерме бағамен жеткізуші ірі кәсіпорындар үнемі бағаны көтеріп отырады. Біз бұған елең етпей отыра алмаймыз және өз тарапымыздан АИ-92-нің құнын көтеру өтінішімен табиғи монополияларды реттеу агенттігіне әлденеше рет хабарластық». Ә.Татарханованың айтуынша, бір литр дизельдік отын бағасы 74-76 теңге болғанда «Гелиос» оны 74 теңгеден сатуға мәжбүр. Ал басқа жанар-жағармай стансаларында оны орташа алғанда 80 теңгеден сатады. Қазіргі уақытта «Гелиос» ЖШС – бензин бағасы бұрынғы деңгейде қалып отырған жалғыз ғана жанармай стансасының торабы. Алайда мұндай жағдайда компания отынмен үзіліссіз қамтамасыз етіп отыруға дәрменсіз. Өйткені бағасы арзан болғандықтан көлік әуесқойларының көпшілігі сол тораптың ғана бензинін пайдаланады. Бензин сату көлемі күрт (2 есеге) артып кеткен. Алайда мұның өзі нарықтың қажеттілігін қанағаттандыруға мүмкіндік бермейді. Жанар-жағармай стансаларында шұбатылған кезек түзіледі. Күш көп түскендіктен жабдықтар жиі істен шығады, арнайы көліктер сынып қалады. Бұл клиенттердің наразылықтарын тудырады», - дейді Татарханова.

 

АЙТЫЛҒАН СӨЗ – АТЫЛҒАН ОҚ

Оны Атыраудағы жеке жанар-жағармай стансасының бірінің қожайыны қолдады.

- 70% жоғарғы октанды бензин бізге Ресейден әкелінеді. Ол жақта өнімді экспорттауға тыйым салғанда, бізде тапшылық орын алды. Оған қоса, наурыздың аяғында АМӨЗ-да жұмыстар басталды. Әрине, сондықтан бізге бағаны көтеруге тура келді, - деп әңгімелейді ол. – Дизель отынының нарығында да дүрлігіс басталды. Қазір көктем уақыты, ауыл шаруашылығы мен жол жұмыстарының нағыз қызған шағы. Егер жөндеуге дейін зауыт күніне 5 мың тонна отын берген болса, жөндеу жұмыстары кезінде бұл көлем 1 мыңға дейін қысқарды. Сөйтіп дизель отынының бір литрі 69-дан 80 теңгеге дейін қымбаттады. Бүгінде ресейлік АИ-92 бензині 99 теңге, атыраулық АИ-92 – 97 теңге, АИ-95 – 110 теңге тұрады. Мемлекет нарықты реттеуге әрекет жасап отыр. Олар алған шаралар нәтижесінде шикізат берушілер бізге АИ-80 бензинінің тоннасын 93 960 теңгеге, АИ-92 бензинінің бір метрикалық тоннасын ҚҚС-мен есептегенде, бірақ теміржол тасымалы мен сақтау құнын қоспағанда 116 400 теңгеге беруге дайын. Сондықтан бұл жерде ешқандай сөз байласу да, алыпсатарлық та жоқ.

– Ал сіздің жорамалыңыз қандай: бензин бағасы әрі қарай да көтеріле бере ме?

– Әкімдікте таяуда болған кеңесте жанар-жағармай тасымалдаушылар мен сатушылар алдында бағаларды белгілі бір мөлшерде ұстап тұру міндеті қойылды. Енді біз осы міндетті орындайтын боламыз.

- Бірақ сіздің өзіңіз жоғарғы октанды бензиннің көп бөлігі бізге Ресейден әкелінеді деп айтып отырсыз ғой. Демек, егер көршілеріміз тауар құнын көтеретін болса, сіздерге де көтеруге тура келеді емес пе? Өздеріңіз шығынға батып, бензинді төмен бағамен сатпайтын шығарсыздар?

– Шығынмен жұмыс істеуге тура келеді… 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

19 мамыр 2011, 16:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.