Атырау, 21 желтоқсан 09:47
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Алыптардың да бұйымтайы бар

2 982 просмотра

Атырауда баскетбол қарыштап даму үстінде. Жыл сайын болатын мектеп лигасы ұйымдастырылды, келесі жылдың ақпанынан бастап студенттік лига басталып, NBA-дағыдай көктем аяғында аяқталады. Ойыншылардың алға қойған қандай жоспарлары бар? Біз облыстық баскетбол федерациясының мүшесі, Атырау мұнай және газ институтының дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі Еркін ТӨЛЕГЕНОВПЕН әңгімелестік.

 

«КІШКЕНТАЙЛАРДЫ АЛДАУ ДҰРЫС ЕМЕС»

«ЖС» анықтамасы: Еркін Қалымұлы Төлегенов, 52 жаста, педагогика ғылымдарының кандидаты, 1978-80 жж. Краснодар дене шынықтыру институтының «Скиф» баскетбол командасының ойыншысы, бойы – 206 см.

- Үстіміздегі жылдың қазанында мектеп лигасының кезекті маусымы басталды. Оған 22 команда қатысады: 19-ы Атыраудан, біреуі Доссордан және тағы екеуі – Аққыстаудан. Ойындар өте тартысты өтуде. Бес тур ойналды. №16, 19, 34 мектептердің командалары турнир кестесінде көш бастап келеді. Бұл командаларды Саламат Торғаев, Анатолий Лысяк және Жасұлан Тәжібаевтар жаттықтырады. Ерғанат Қайрошев, Александр Терентьев және басқалар үздік ойындарымен көзге түсуде.

Өткен маусымда мектеп лигасын үлкен жасөспірімдер арасында №6 мектептің 1998 ж.т. шәкірттері ұтса, кіші жасөспірімдер арасында №16 мектептің 2000-01 ж.т. командасы жеңіп алды. Алаңда Ілияс Жүнісов, Артем Парфенов, Асқар Табешев сынды ойыншылар керемет ойын өрнегін көрсетті. Бұл ойыншылар бүгінде Еуропалық жасөспірімдер баскетбол лигасында және Қазақстан чемпионатында өнер көрсететін облыстық «Атырау Барыстары» командасының негізін құрайды.

Желтоқсанда Шу қаласында Қазақстан чемпионатының соңғы туры өтті. Ақтөбеде өткен алдыңғы турда командамыз алты жеңіске жетіп, 11 команданың арасында бірінші орында болған. Шешуші турда «Барыстар» «Шымкентті» 111:49, «Ақтөбені» 63:35 есебімен ұтты. Соңғы ойында «Барыстарға» чемпион болу үшін қостанайлық «Тобылды» 7 ұпай айырмасымен ұту керек болатын. «Барыстар» 83:76 есебімен жеңді. Алайда төрешілер екі ойын қорытындысы бойынша «Барыстарға» бір ұпай жетпейді деп шешіп, жеңісті қарсыластарына берді. Бапкерлер Қазақстанның баскетбол федерациясына және балалар-жасөспірімдер баскетбол лигасына (БЖБЛ) наразылық білдірді. «Күміс» те жаман емес, алайда бойлары үлкен болса да, кішкентай балаларды алдауға болмайды ғой.

-Студенттік лиганың жағдайы қалай?

- Облыстың студенттік баскетбол лигасын құру үшін Қазақстан баскетбол федерациясына құжаттар дайындап жатырмыз. Жақында студенттік лиганың тәжірибелік турнирі өтті, онда 3 жоғары оқу орнынан, 6 колледжден 9 команда қатысты. Атырауда барлығы 3 жоғары оқу орны мен 14 колледж бар.

Біз команданы екі топқа бөлдік. Бірінші және екінші орындар турнирдің финалдық бөліміне өтті. Ойындар өте қызықты өтті, ал ақтық сынға жолдама алу үшін кескілескен айқас болды. Нәтижесінде 3-орын үшін болған матчта инженерлік-гуманитарлық колледж бизнес және құқық колледжін 48:43 есебімен ұтты. Ал финалда Қазіргі заманғы Каспий маңы колледжі мен біздің институт командалары кездесті. АМжГИ командасы 56:51 есебімен жеңіске жетті.

Үздік шабуылшы - Рахман Ахметов, үздік орталық ойыншы – Артем Парфенов, екеуі де бизнес және құқық колледжінің студенті, үздік сұрмерген – АИГИ шәкірті Жалғас Нұрғалиев, үздік қорғаушы – біздің институттан Рүстем Төлеу, MVP (ең пайдалы) ойыншы болып Қазіргі заманғы Каспий маңы колледжінің студенті Айбат Қабдірешев танылды.

-Сіздің командаңызда «Атырау Барыстары» кәсіпқой командасының капитаны ойнады. Бұл дұрыс па?

- Рүстем біздің институтта оқитын болғандықтан, оны командаға қосуға толық құқылымыз. Сонымен қатар, оның жарысқа қатысуының да тәрбиелік мәні болды. Кәсіпқойлар арасында оның финттері мен ойын әдістері көзге онша түсе қоймас еді. Ал өзінен шеберлігі төмен ойыншылар арасында өнер көрсеткенде жанкүйерлер баскетболдың кереметтілігін өз көздерімен көрді. Менің өзім де бұрылатын, «шиырылатын» соққыларды бірінші рет көрдім.

Бұл жарыс қорытындысынан қаламызда 7-8 бәсекеге қабілетті студенттік командалар бар екенін көрдік. Яғни, студенттік лиганы құруымыз дұрыс екен.

 

ҚАЛАДА 50 МЫҢ СТУДЕНТ БАР

-Спортшы жастар қауымдастығын құру туралы идеяңыз жөнінде айтып беріңізші.

- Мұнда мәселе жалғыз баскетбол туралы емес. Привокзальныйда үш колледж және бір жоғары оқу орны бар, бірақ бірде-бір стадион жоқ. Оқу орындарының негізгі спорт түрі – жеңіл атлетиканы насихаттауға мүмкіндіктері жоқ. Студенттер, тіпті, толыққанды футбол ойнай алмайды. Мысалы, политехникалық колледж ауласында мұндай стадион салатын аумақ бар. Педагогикалық конференцияда мен колледж басшылығына осындай ұсыныс бердім. Жауабын күтіп отырмын.

Студенттер арасында жарыстар сирек өткізіледі. Біздің баскетбол лигасы сияқты жарыстар керек. Мен баскетболдан, мини-футболдан және волейболдан студенттердің жаттығуын тұрақты ұйымдастыратын студент жастардың спорт қауымдастығын құратын уақыт келді деп ойлаймын.

Бүгінде студенттердің қоғамдық көлікте жүруі үшін жеңілдіктер бар. Бірақ бұл аз деп есептеймін. Оларға бассейндерге, Мұз сарайына және тренажер залдарына кіру үшін жеңілдіктері бар абонементтер беру керек. Туризм мүлдем ұмытылған. Біз өз оқу орнымызда мұны оқу бағдарламасына қосып, студенттермен бірге саяхаттарға шығуды жоспарлап отырмыз. От жағудан, шатыр құру, кедергілерден өтіп, компасты қолдана білуден сынақтар аламыз. Көктемге қарай велосипед үйірмесін ашуды жоспарлап отырмыз.

Студенттер арасында бұқаралық спортты дамыту үшін барлық жоғары оқу орындары мен колледждер біріге күш салулары керек. Қалада 50 мың студент пен оқушы бар. Бұл - үлкен күш және өмірдің ең керемет шақтары. Барлығы менің осы студенттік спорт қауымдастығын құру туралы ұсынысыммен келіседі деп ойлаймын.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ 

19 желтоқсан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.