Қала тұрғындарының «Мұнайшы» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің алдындағы алаңқайда алдыңғы демалыс күндері ұйымдастырылған азық-түлік жәрмеңкесінен көңілдері қалған сыңайлы.
«Азық-түліктерді сатып алу үшін бюджеттен 407 млн. теңге бөлінгендігін, пияз 80-100 теңге, картоп – 90-100 теңге, қияр – 200-250 теңге болуы тиіс екендігін теледидардан айтып жатты. Іс жүзінде бағалар анағұрлым жоғары. Рас, бір жерде картоп бағасы 75 теңге болды. Бірақ өте ұсақ, көз-көз болған шұқыр жерлері көп екен. Біз әуелі бір жерден қиярдың бағасын сұрап білген едік, сатушы оның 300 теңге екенін айтты. Одан арзандауын тапқымыз келген, бірақ басқа жерлерде бағасы одан да қымбат – 350 теңге боп шықты. Қайтадан бірінші сұраған жерімізге келсек, ол жерде де 50 теңгеге қымбаттап кеткен екен. Тауарға баға көрсеткіштерін ешкім де жапсырмаған. Бағасын сатушылар өздері қойып алыпты. Сатушылардың әрекеттеріне қайда шағымдануға болады?» - дейді зейнеткер Анна Михайловна. Дүйсенбі күнгі жұмысымыз осы қоңыраудан басталды. Одан кейін азық-түлік жәрмеңкесінен қорларын үнемі толықтырып отыратын бірнеше зейнеткер де хабарласты. Берік Мұсаұлы сатушылардың сатып алушыларды ғана емес, қалалық әкімдік қызметкерлерін де алдап отырғанына сенімді: «Олар сауда және ауыл шаруашылық бөлімінің мамандарының бет-жүздерін таниды. Олар келіп сұраса басқа бағаны, ал бізге басқа бағаны айтады», - дейді ол.
«Азық-түлік өнімдерін жеткізу үшін «Каспий» ӘКК-на 407 млн. теңге бөлінді. Бұдан басқа, жәрмеңкеде ауыл шаруашылық өндірушілері өз тауарларын базардағыдан 10-20 пайызға арзан сатулары тиіс. Өйткені олар бюджеттен субсидия алып отыр ғой, - дейді қалалық әкімдіктің ауыл шаруашылық бөлімінің бастығы Ғалымжан ИМАНҒАЛИЕВ. – Біздің қызметкерлеріміз әдеттегіше сауда барысын, азық-түлік бағаларын тексерді: пиязды 90 теңгеден, картопты 75 теңгеден, орамжапырақты 80 теңгеден сатқан. Ал жексенбі күні сатушылар алаңға өз беттерімен шығып, өздері қойған бағамен сатыпты». Сөйтсек, бұл мәселе әкімдіктің селекторлық кеңесінде талқыланған екен. Кеңес қорытындысында сатушыларды бекітілген баға көрсеткіштерін жазып қоюға міндеттеу, ал бағаға бақылау жасайтын комиссия құрамын белсенді зейнеткерлер қатарынан «халық жасағымен» күшейту ұйғарылды. Ал алақолдығы әшкереленген сатушыларға жәрмеңкеден кетуге тура келеді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА