Атырау, 10 қазан 16:47
 бұлттыВ Атырау +15
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

D аралы итальяндықтар мен арабтардың еншісінде

3 619 просмотра

Норвегиялық «Акер Солюшнз» компаниясы Қашаған жобасынан кетті. Оның орнына D аралына итальяндық «Сайпем С.п.А» және «Тоцци-Казахстан»,  сондай-ақ, Атырау облысында еңбек дауларымен жұртшылыққа «танылып» үлгерген арабтың «ССС» компаниясы келмек.

17 мамырда облыстық әкімдікте меморандумға  қол қойылды. Меморандумға сәйкес осы үш компания  «Акер Солюшнз» компаниясының жұмыстан босаған кадрларын жұмысқа алуға міндеттелді.  Бұл жерде әңгіме «Акер Солюшнз» компаниясының 16 мердігер және қосалқы мердігер компанияларының 4 300 қызметкері туралы болып отыр. Олардың 65% - Атырау облысының тұрғындары. Норвегиялық компания филиалының кеңсе қызметкерлері болып жұмыс істейтін 600 қазақстандықтың тағдыры әзірге белгісіз. Олар маусымның аяғына дейін жұмыс орынын босатуға тиіс.  Жоба бойынша норвегиялық компанияның келісім-шарт міндеттемелерінің мерзімі осы жылдың 1 шілдесінде бітіп  кетті. Қызметкерлеріне жобаның аяқталатындығы туралы өткен жылдың қараша айынан бастап хабардар етті. Соған қарамастан  «Акер Солюшнз» Қашағанмен байланысты жаңа жобалар алуға тендерден ақырына дейін үміттенген болатын.

Менің «NCOC» консорциумына қойған сауалыма мүдделі клиенттермен жұмыс жөніндегі бас менеджері Филипп ШАРЛЕЗ әдеттегідей келте жауап қайтарды. Оның айтуынша, қазіргі кезде кенішті тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру бағдарламасының 1-кезеңінің аясында жұмыстар жүргізілуде. «NCOC» мердігерлер арасында қызметкерлерді ауыстыруды қолдап, Атырау облысынан кадрлар жалдауға ерекше назар аударып отыр. 2010 жылдың аяғында жобада 38 мың жұмысшы жұмыс істеді. Оның 80 пайызы – қазақстандықтар.

Ал бейресми дерек көздерінен белгілі болғандай, жаңа жобаларға тендерлер ақыры өткізілмеген. Ал жұмыс көлемі аталмыш үш компанияларға бөлініп берілген. Бір жорамал бойынша, «Акер...» инвесторларға өте қымбатқа түсіпті. Соған байланысты оны анағұрлым «үнемді» әдіспен алмастыру ұйғарылды. Естеріңізге салайық, бұрын ҚР мұнай және газ министрі Сауат МЫҢБАЕВ Қашаған жобасы бойынша жұмсалатын шығындардың шамадан тыс көптігіне әлденеше рет алаңдаушылық білдірді. Соның салдарынан Қазақстан әлі күнге дейін мердігерлер ұсынған 2-ші фазаның тұжырымдамасын бекіткен жоқ.

«NCOC» компаниясының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, қазіргі кезде Қашаған жобасына қатысушылар бірдей үлесте 16,81%-дан ие болған «Eni», «Royal Dutch Shell», «Exxon Mobil» және «Total» мен «КМГ» (Қазақстан), сондай-ақ, 8,4% үлесі бар американдық  «ConocoPhillips» пен  7,55% үлесі бар жапондық «Inpex» компаниялары боп табылады.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

19 мамыр 2011, 16:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.