Кезінде Құрманғазы ауданындағы Азғыр әскери-сынақ полигонында болған 16 бейбіт ядролық жарылыстардың (БЯЖ) салдары ауаға10 млн Кюриденастам радиоактивтігаз шығарындыларының таралуынаәкелді. Бұл Чернобыльдегі АЭС шығарындыларының бестен бір бөлігіне сай келеді. Ал полигон төңірегіндегі аумақ мәртебесі әлі күнге дейін анықталмай отыр.
ҚАРҒЫС АТҚАН БЕЙБІТ АТОМ
Азғырдағы «Галит» алаңындағы ұңғымаларда 1966-1979 жылдар аралығында жалпы қуаттылығы 103 килотонна болатын 17 жарылыс орын алды. Алайда олардың экология мен адам денсаулығына әсерін зерттеу едәуір кеш басталды. 2003 жылы шығарылған А.ЯБЛОКОВТЫҢ (Ресей ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Американдық өнер және ғылым академиясының құрметті мүшесі, Ресей президентінің экология жөніндегі бұрынғы кеңесшісі, радиациялық тәуекел жөніндегі еуропалық комиссия мүшесі) «Миф о безопасности и эффективности мирных подземных ядерных взрывов» атты ғылыми брошюрасы «АЖ»-ның қолына тиген еді. Автор адамзаттың ядролық сынақ секілді салмақты құбылыстарға жеңіл қарағаны үшін сазайын тартатындығына сенімді: «БЯЖ салдары әлі жете айқын болмаса да, 60-70 жылдардағы атомдық тоқмейілсу экологиялық қауіпсіздікке салмақты қауіп болып айналып соғады». Оның пікірінше, БЯЖ-дың радиациялық қауіпсіздігі туралы пікір атом индустриясындағы аңыздардың бірі. Атомшылардың өздері 90-шы жылдардың аяғында жарылыс өткізілетін жерлердің барлығына радиоактивті қалдықтардың қорымы мәртебесін беруді ұсынды. Жарылыс кезінде атмосфераға, сондай-ақ, жерасты топырақтары мен суларға таралатын улы заттардың көпшілігі ондаған, жүздеген, кейде мыңдаған жылдарға дейін ыдырайды. Олардың кейбірі ыдырауға мүлдем қабілетсіз. Тереңнен жарылған жерлер бойымен және жерасты суларымен бұл заттар ондаған жылдар бойына едәуір қашықтыққа дейін көшіп жүруге қабілетті: «Жарылыс болған төңіректегі жердің беткі қабатының радиоактивті ластануы жөніндегі мәліметтердің болмауы ластану жоқ деген сөз емес: ол болған, бар және уақыт өте жарылыс орнынан анағұрлым алыс қашықтықтан байқалуы мүмкін». Невада полигонынан (АҚШ) алынған мәліметтер бойынша, баяу қозғалады деп есептелінген плутоний-239 және плутоний-240 радиоизотоптары бірнеше жылдан кейін жарылыс орнынан бір жарым шақырым қашықтықта жерасты суларынан табылған.
Алайда ұзақ жылдар бойына ядролық сынақтардың қоршаған ортаға және адамдар денсаулығына әсері туралы ешқандай зерттеулер жүргізілмеді: «Жарылыс жұмыстарын ұйымдастыру кезінде негізінен қызметкердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге назар аударылды. Жарылыс болған жерлердің бірде-біреуінде – КСРО-да да, АҚШ-та да жүйелі және толықтай медициналық тексерулер жүргізілген жоқ (олар зарарсыз деп жорамалданды)».
Яблоков «Азғыр» БЯЖ жарылыстарынан ластанудан шеккен зиян мөлшері (1992 жылғы бағамен) шамамен 500 млн рубльді құрайтындығы туралы мәліметтерді келтірді. Ол келтірген статистика бойынша, жерасты ядролық жарылыстардың шартты (дәлелденбеген) экономикалық тиімділігі зиян сомасының үштен бір бөлігінен аспайды.
АЗҒЫР ЕТІН ЖЕУГЕ БОЛА МА?
Біздің облысымызда полигон көрсеткіштеріне үнемі мониторинг жасап отыратын белгілі бір департамент жоқ. Азғыр мәселесіне арналған соңғы қазан айындағы кеңесте берілген есепке сүйенсек, бүкіл мәліметтер экология және қоршаған орта министрлігіне жиналады. Қалай дегенмен де, оларды экология және қоршаған орта министрінің орынбасары Бектас МҰХАМЕДЖАНОВ басшылық еткен арнайы жұмыс тобының мүшелері жария етті.
Комиссия мәліметтері бойынша, Азғыр аймағында 2005 жылдан бері 100-ден астам радиоактивті дақ анықталып, тазартылған. Радиоактивті металл құрылымдар мен бөлшектер көмілді. Бүгінде «аса қауіпті емес», жойылатын тағы бірнеше жергілікті дақ бар. Адамдардың денсаулығына тексеру жүргізілді. Мыңдаған азғырлықтарға сауалнама жүргізілді, олардың жүзі Курчатовта ағзада радионуклидтердің бар-жоғына радиологиялық және медициналық тексерулерден өткен. Комиссия мүшелерінің айтуынша, бұл мәліметтерді ағымдағы жыл аяғына дейін жариялайтын болады.
Комиссия «Миф...» авторының ғылыми болжамдарын растады: азғырлықтар үшін жерасты суларының анағұрлым қауіп төндіретіні дәлелденді. Өйткені ядролық қарулардың негізгі сынағы жер астында жүргізілді. Комиссия мүшелері мәлімдегендей, әзірге тікелей қауіп жоқ. Бірақ жерасты суларының жоғарыға көтерілу қабілеті полигон ауқымына тұрақты бақылауды қажет етеді.
Қазан айында комиссия мәртебені, сондай-ақ, Азғыр полигонына жақын аумақтың таяудағы келешегін анықтау жұмысына кірісті. Мәртебе осы жерлердің тұрғындарының бүгіні мен тіпті, болашағын қатты өзгертуге қабілетті. Экологиялық апат аймағында, мәселен, мал шаруашылығының, өсімдік шаруашылығының өнімдерін, көкөністер мен жемістерді тұтынуға болмайды. Осы жерде өсірілген мал мен егіс өнімдерін жою қажет. Ал комиссия мүшелері зерттелген аумақта радиация қаупі анықталған жоқ деп растап отыр.
Жұмыс комиссиясының мәліметтері бойынша, зерттеу аймағы осы аумақтағы тұрғындарға тән радиофобия салдарынан 5 елді мекеннен 11 елді мекенге дейін кеңейтілген.
Атыраудан радиациядан зардап шеккен халықтың денсаулығын оңалтуда әжептәуір тәжірибесі бар Семей медициналық ғылыми-зерттеу орталығының филиалын ашу идеясы бар.
– Жұмыс тобының құрамына ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, адам ағзасына радиацияның әсерін зерттеумен айналысатын түрлі министрліктердің, ғылыми-зерттеу институтының өкілдері кірді, – дейді Экология департаментінің басшысы Ербол ҚУАНОВ. – Азғырды экологиялық апат аймағы, экологиялық зілзала аймағы немесе мекендеу үшін қауіпті емес аймақ деп есептеуге бола ма, бұл сұрақтарға комиссия жауап береді. Сонымен қатар, бүгінде жеткілікті инфрақұрылымнан айырылған ұланғайыр аумақтағы халықтың әлеуметтік проблемалары шешілетін болады. Қаңтар айында біз комиссия жұмысының нәтижелерін күтеміз.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА