Атырау, 24 желтоқсан 08:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Көк көбесі сөгілді, шатырдан су төгілді

5 139 просмотра

Облыстық «Қазгидромет»РМК облыстық филиалының жетекші синоптигі Дария ДҮЙСӘЛИЕВАНЫҢ айтуынша, дүйсенбі күні түнде қала найзағай мен нөсер жауынға ұласқан күшті циклонның қоршауында қалған.

Сіркіреп жауған жаңбыр кешкі сағат жетіде басталып, күн күркіреуі мен нөсер жауынға ұласып, түнгі сағат бір жарымдарда басылды. Жаңбыр қаланың әр жерінде әртүрлі жауып өтіпті. Бір түн ішінде қала 31 мм болатын жаңбыр суына толған. Жауын-шашынды салқын және жылы бұлтты аумақтар түйісіп, күн күркірін туғызған. Дүйсенбі күні түс ауа қала көшелері енді кеберси бастағанда қайтадан жауын жауып, тағы 10 мм жауын-шашын түсті.

Сол күні редакцияға топан суға кетіп жатырмыз деген шағымдар түсіп жатты. Досмұхамбетов (бұрынғы Московская) көшесіндегі №78 жеке үйде жаңбыр суы бүкіл ауланы басып кеткен. Үйдің ішінде де су тізеден келеді екен. Үй қожайыны Сайын ДОСКЕНЖИЕВ үйдің үнемі жаңбыр мен еріген қар суына кететіндігін айтты. Ал жаңасын тұрғызуға қалтасы көтермейді екен.

Аманшин көшесіндегі №33 үйдің тұрғыны Александр ШЕВЧЕНКО суға кеткен үйінен суды сорып шығарып берсе дейді. Көршілері үйлерін салған кезде іргестастарына көп топырақ төсеп, ал оның үйі ойыс жерде қалған.

Арнаулы автобаза директоры Дулат ТҰРҒАМБАЕВТЫҢ телефоны жауап бермегендіктен, біз қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВАМЕН хабарласып, тұрғындардың проблемалары туралы айттық. Бір минуттан соң қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВ бізге қоңырау шалып, қалада 54 вакуумның жұмыс істейтіндігін хабарлады. Олар: Арнаулы автобазаның 11 машинасы,  «Атырау су арнасы» КМК-ның 14 машинасы, сондай-ақ, «АМӨЗ» ЖШС-нің, «ҚазТрансОйл» ҰК «АМБ» және жылу жүйелері кәсіпорындарының техникалары. Ассенизаторлар ең болмағанда Гайдар, Құлманов, Махамбет, Датов, Әлиев, Владимирский, Тайманов көшелерінің, Сәтбаев пен Азаттық даңғылдарының жол түйіндеріндегі лық толған жаңбыр суы жиналатын астаушалардан суды сорып шығаруға асығуда. Қаладағы сабылысқа қарамастан, әкім орынбасарын аталмыш мекен-жайларға машина бөлуге көндірдік. Бірақ вакуум талап еткен қоңыраулар толастамады. Біздің басқа қолымыздан не келеді?

Абаттандырылған сектор тұрғындары да нөсер жауыннан зардап шекті. Құлманов көше-сіндегі №154 үй тұрғындары Юлия ДЮ мен Нұрболат ӨТЕСБАЕВ жексенбі күні түнімен төбеден ішке саулаған пәтер ішіндегі суды тазартумен уақыт өткізіпті (суретте). Су электр желісіне де жеткен. Подъезде электр сақтандырғыш та жанып кеткен. Шатырға қатысты проблеманың орын алғанына бірнеше жыл болған. Бастапқыда тек подъезден су ақса, енді пәтер іші суға кете бастаған. Үй тұрғындары шатырларының не боп жатқанын көргісі келіпті, бірақ «Бірлік» ПИК-інің төрағасы оларды шатыржайға жібермеген. Бұдан басқа, өткен жылы тұрғындар пәтердің төлемақыларын төлеуден бас тартқан кезде, кооператив басшысы сотқа беріп, олардан осы төлемақыны өндіріп алған екен.

«Бірлік» ПИК-інің төрағасы  Хамит СЕРІКҚАЛИЕВ тұрғындардың осыған дейін бұл проблемамен хабарласпағанын мәлім-деді. Бірақ одан не пайда? Шатырды жөндеуге оның ақшасы жоқ екен. Жөндеудің бұл түрі кооперативтің жалпы жиналысында тұрғындар бекіткен тарифке енгізілмеген. Алайда, егер тұрғындар өз қаржыларына шатырды жөндетер болса, оларды бір жыл мерзімге пайдалану шығындарын төлеуден босатуға ПИК-тің дайын екендігін айтты.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Айгерім ҚҰБАЕВА

Суреттерді түсірген В. Истомин

19 мамыр 2011, 16:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.