Атырау, 25 желтоқсан 06:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Судан тағы шу шықты

3 599 просмотра

Поселке тұрғыны Анфиса Вьюркова айтқандай, бірнеше үй тәуелді болған жалғыз шүмек осы.         

Индер ауданының әкімі Жанкелді РАХМЕТҚАЛИЕВ поселкедегі көпқабатты үйлердің бесінші қабатына су жетті және үздіксіз осылай болады деп бүкіл елді сендіріп еді. Жыл бойғы жасаған жұмысына есеп беру кезінде де әкім мақтанышпен проблема толық шешілді деп жар салған. Алайда поселкедегі су тапшылығынан көпқабатты үйлер тұрғындары шелегін даңғырлатып, су майданына шыққанына бір ай болып қалды.

Көктем басталысымен поселкеде ауыз суға зәрулік орнай қалады. Бұл жылма‑жылғы көрініс. Жайықтың тап іргесінде отырып қасық суға зар бола қаталаған жұртшылық шелегін көтеріп көше кезіп кеткен. Күн ыссыда көпқабатты үй тұрғындарының шеккен азабын басқа бермесін. Ал билік болса баяғы құр уәдеге тойдырып біткен. Өткен жылы мамырда, яғни бір жыл бұрын суға шөліркеген жұртшылық аудан әкімінің кабинетіне басып та кірген болатын. Биыл да осы жағдай қайталанбасына кім кепіл.

«АЖ» тілшісін жұртшылық жан айқайымен қарсы алды. Түс әлетінде барғандықтан кранның шүмегінен аққан су сыздықтап қана жүрді. Бір баклашканы толтыру үшін төзім ғана керек. Дәл осы шөкімдей шүмекке көпқабатты №,№129, 56, 72, 70 пәтерлік және газшылар бөлігіндегі үш үй тұрғындары тәуелді болып қалған. Бір айдан бері күніне үш мезгіл екі сағаттан берілетін суға төбелес қан майданнан кем емес. Бейбіт күндегі суға деген соғыстан ашынған адамдар жарылып кетердей.

‑ Назарбаев пен биліктегілер елу метр жердегі Жайық суын бере алмай отырып, елу елдің қатарына қосыламыз дегені сандырақ қой. Бала‑шағамен әжетханаға баклашкалап су тасу, таңғы төрттен су кезегіне тұру азабын әкімдер бастан кешірген жоқ. Аудан әкімін бесінші қатарға бес күн тұрғызып көрер ме еді, сонда ғана біздің жағдайымызды түсінер. Судың жайын бұдан әрі қалыпқа келтірмесе біз билікпен ашық айқасқа түсеміз. Соғыс ашамыз, басқа не істейміз, бұл өмір емес қой, ‑ дейді Аманжол ТӨЛЕКЕШОВ.

Оны басқалар да қостай кетті. Жасы егде тартқан Анфиса ВЬЮРКОВА баклашкалап төртінші қабатқа суды тасудың қиындығын қинала жеткізсе, Сабден ҚҰСАНҒАЛИЕВ сәуір туысымен осындай жағдайға жететіні жылма‑жылғы көрініске айналып отырғанын айтты. Тіпті жалғыз тұратын егде тартқан қарттар жоғары қабатқа суды жеткізе алмай қиналады екен. Балалар қат суға қол жеткізе алмай төбелестің ішінде қалатыны да жасырын емес дейді кездескендер. 

Сонда ауыз суға индерліктер неге жарымай отыр? Біріншіден, Жайықтың тасуына байланысты лай судың тұнуына уақыт кетеді‑мыс, екіншіден, жазғы су жүрмегендіктен жеке сектордағы үйлер бақшаларын қысқы сумен суарады. Осындай келеңсіздіктен көпқабатты үй тұрғындары қиналып жататыны сондықтан. Ал жазғы суды иелікке алар тұрақты мекеме табылмауда, жыл сайын әркімге бір телінеді. Және суға жауапты «Индергаз» КМК‑сінде бастықтар құтайған емес, қолғапша ауысады. Серіктестікке екі күн бастық болған Ербол Қадыров жарытып ештеңе айта алмады.

‑ Резервуарға су жинау үшін үш сағат жоғалады, оны халыққа таратқанда дым болмай қалады. Сосын ғой жұртшылықты ыза кернеп тұрғаны. Оның үстіне сол қасқалдақтың қанындай жиналған су бақша суарылуға да жұмсалып жатыр. Жазғы суды «Индер‑Келбет» ЖШС иелігіне алып су жіберіп тексеріп қарап еді, әр жері бір жарылып авариялар көбейіп тұр. Оны қашан іске қосатыны белгісіз. Ал поселкеде жалғыз су таситын водовоз бар. Ол үлгеретін емес, негізі келгеніме екі күн болды бұл жұмысқа, көп ештеңемен таныс емеспін. Ал бұрынғы бастық неге кетіп қалғанын білмеймін, ‑ дейді«Индергаз» КМК‑ның бастығы Ербол ҚАДЫРОВ. 

Мақаланы дайындап жатқанда поселкенің Махамбет көшесінде тұратын көпқабатты №,№32, екі 40 пәтерлік үй тұрғындары краннан ылғал тамбағанына бірнеше күн болғанын айтты. Ал водовоз болса қарасын көрсетуден қалған. Сонымен жаз басталмай жатып индерліктер су тапшылығын бастан кешіріп жатыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

19 мамыр 2011, 02:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.