Атырау, 12 қазан 14:10
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Қақпақтан кие кеткенде

3 846 просмотра

Қосқұлақтың басындағы қақпақсыз құдық

Қызылқоға ауданы Қосқұлақ елді мекені қызыл құмның ортасында орналасқан. Елсізде қалған ауылдың тіршілігі тым жұпыны. Ең сорақысы, мұндағы екі жүзге жуық адам бір құдыққа телміріп отыр.

Қосқұлақ тоғыз шақырымдағы Көздіғара селолық округіне қарайды. Мұндағы 34 үйде 227 адам тұрып жатыр. Елді мекен жұртта қалғандай елсізде орналасқандықтан келушілер тым сирек. Машина гүр етсе, дүр ете шығып, «кім келді» деп аңтарыла қарап тұрады. Ауыл Индер‑Миялы грейдерінен алыстау орналасқанымен жолсызды жол қылған жүргізушілердің арқасында бұл ауылды басып өтпей келесісіне жете алмайсың. Жалғыз көшенің бойындағы үйлер көзге тым қораш көрінгенімен қыста газ келіп, қосқұлақтықтарға қан жүгірген. Мұндағы төрт‑бес үйден басқасы әупірімдеп үйлеріне газ кіргізіп алыпты. Бір ғажабы, тұрмысы төмен отбасыларға көмек беріледі деген облыс әкімінің сөзі далада қалғандай. Жанары жәутеңдеген келіншек бәрібір үйлеріне газ жүргізе алмайтынын қадап жеткізді, шиеттей бала‑шағаның аузынан жырар табыс жоқ, өзі де, отағасы да жұмыссыз.

‑ Қыстан қиналып шықтық. Газ келіп, жанымыз қалды. Мал сүлелеп әрең көкке жетті. Қыс тағы он бес күнге созылғанда онда жағдай мүшкіл болар еді, бар қорегімізге жарап отырған малдан айрылсақ онда күй кетті дей бер. Ауылда зейнеткерлер тұрады, тепсе темір үзер жастар да бар, көбісі нәсіп іздеп босып кетті. Отбасылары осында, жап‑жас келіншектер жұмыс таппай бос отыр. Ауылға көшіп келушілер жоқ, көшіп кетушілер болмаса, ‑ дейді жетпісті еңсерген Рысқаным ЕРЖАНОВА.

Ауыл қоқысқа көміліп отыр. Мал қиының қалдықтары тау болып үйілген, ондай төмпешіктер үй арасында толып жатыр. Бұдан екі жыл бұрын Қосқұлақтың басындағы жалғыз құдықтың жайын көріп шошығанбыз. Бүкіл ауыл түгел сол құдыққа телміріп отыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша тұщы судың бұлақ көзі сарқылар емес, құдай жарылқап өздігінен өніп тұр. Бір ғажабы, ауылдан жүз қадам жерде құдық бар болғанымен қақпағы жоқ. Екі жыл бұрын сондай еді. Екі жыл бұрын «АЖ» тілшісінен аудандық МСЭҚБ мамандары естігенде шошып кетіп, қақпақсыз құдық бола ма деген. Ал Көздіғара селолық округінің сол кездегі әкімі күпініп, бәрі қалыпқа келеді, қатырамыз дескен. Енді келіп...

Құдықтан су тартып жатқан Самат 1987 жылы осында көшіп келгенде қақпақты көрмегенін айтты. Үнемі топырақ борап тұратындықтан белуардан құдық түбін құм басып қалады, басқа да қоқыстар үйір, тұрғындар бірлесіп, күзде және көктемде аршып, тазартып алады екен. Биыл бұл жұмыс атқарылмағандықтан ылай су тұнар емес. Самат бұл суды шәйға қайнатқанда қарайып кететінін айтты. Осындай лас суды ішкендіктен балалар арасында жаз айларында іш өту жиі кездесуде. Бірақ ауылдағылар адамдардың тіршілігіне айналған суды малға берген емес. Жерді қазсаң су шығады, бірақ ащы.

Біз аудандық МСЭҚБ‑не телефон соққанбыз. Бастық орнында жоқ, кейінгілер бастықтан асып ақпарат бермеді.

‑ Бұдан бірнеше күн бұрын ауыл басында жиналыс өткізгенбіз. Сонда тазалық мәселесі сөз болды. Екі мың теңге төлесе көлікпен көмектесеміз. Тіпті ақылы қоғамдық жұмыстардан адамдар да бөлуге болады. Бірақ бұған тұрғындар ынталылық танытпауда. Жалғыз құдықтың жайы да жиналыста сөз болды. Оны тазартып аламыз дескен. Ал қақпақ салуға бізде қаржы жоқ. Негізі ондай жұмыстарға қаржы қаралмаған ғой. Нағыз болмаса ағаштан қақпақ жасалынады. Бәрі қалыпқа келеді, тек мақаланы жазбай екі‑үш күн мұрсат беріңіз, ‑ дейді Көздіғара округінің әкімі Мұратбек МЫРЗАҒАЛИЕВ.

Әкім болғалы бір жыл ішінде қақпағы орнына келмеген құдықты «АЖ» тілшісі сұрамағанда ол әңгімені айтпас па еді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

19 мамыр 2011, 02:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.