Атырау, 29 наурыз 20:12
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

NCOC: Қашаған құбырын тексеру жұмысы жалғасуда

5 110 просмотра

Қашаған. D аралы.Қашаған. D аралы.Бұл туралы «АЖ»-ға NCOC-тың баспасөз қызметі хабарлады. Жүргізілген зертханалық талдау жұмыстары газ кетудің негізгі себебі - құбырдың сульфидтік қосындылар (SSC) әсерінен шытынауынан болғанын анықтады.

Баспасөз хабарламасында Қашаған кен орнындағы мұнай өндірісінің 2013 жылдың 11 қыркүйегінде басталғандығы айтылған. Алайда, 24 қыркүйекте D аралынан «Болашақ» зауытына (Қарабатан) тартылған жерүсті құбырында газ көлемінің кемуі анықталғандықтан, кен орнын пайдалану жұмыстары уақытша тоқтатылған.

«Ережелерге сәйкес, Төтенше жағдайлар департаменті мен тиісті бақылаушы органдарға орын алған оқиға жөнінде дереу хабар берілді. Құбырға баратын жол ашылып, құбырдың тиісті жіктері ауыстырылды. Өндіру жұмысы қайта жаңғыртылды, бірақ 9 қазанда кему жағдайы анықталғаннан кейін өндіріс қайта тоқтатылды. Ақаулы жікті жөндеген соң, басынан аяғына дейін толық қадағалана отырып, құбыр гидравликалық тексеруден өтті. Нәтижесінде өзге ықтимал кему орындары анықталды . Өндіріс тоқтатылып, егжей-тегжейлі тексеру жұмысы басталды».

 

Тексеру жұмысын басқару

«Алғашқы кему жағдайы анықталғаннан кейін, Консорциумнің күшімен саланың тәжірибелі мамандарынан, соның ішінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның сарапшыларынан құрылған арнайы топ тексеру және бастапқы саралау жұмысына кірісті. Бұл топ өз жұмысын әзірге жалғастыруда. Тексеру және жөндеу жұмыстарынан бөлек, ықтимал кему орындарының көзге көрінетін белгілерін анықтау мақсатында құбыр бөліктерінің тұстарында қазу жұмыстары жүзеге асырылды».

 

Зертханалық талдау жұмыстарының нәтижелері туралы NCOC төмендегілерді хабарлады:

«Құбырдың кейбір зақымдалған бөліктері Ұлыбританияның Кембридж қаласына (TWI компаниясының зертханаларына) жіберілді. Талдау жұмыстары нәтижесінде кему жағдайларының негізгі себебі құбырдың сульфидтік қосындылар (SSC) әсерінен шытынауынан болғаны анықталды. Бұндай зақымдану механизмі судағы қатты/сынғақ болаттың жоғары мөлшердегі H2S әсеріне ұшырап, онда микрожарықтар пайда болған жағдайда орын алады. Қашаған кен орнының өніміндегі H2S мөлшері әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің қатарында тұр. Бұл орайда, құбырға арналған болатқа қатысты техникалық шарттар, оны құрастыру және орнату әдістері су жағдайындағы жоғары мөлшердегі H2S-ке арнайы есептеліп жобаланды және мемлекет тарапынан осы құбырға жарамды болып бекітілді. Қазіргі уақытта, Консорциум, болған жағдайдың себебін анықтау мақсатында, ірі мұнай компанияларына қызмет көрсететін және әлемдегі ең жоғары сападағы материалдармен қамтитын құбыр жабдықтаушыларымен бірлесіп жұмыс істейді. Тексеру жұмыстары зертханада жүргізілуде. Бұл жерде материалтану жөніндегі сарапшылар кему жағдайларының басты себебін анықтау үшін құбырлардың жалғанған жерлерін зерттеуде. Кейбір сынау жұмыстарын орындауға бірнеше апта қажет, сондықтан ақтық есеп зертханалық зерттеу жұмыстары толық аяқталып, нәтижелері алынған соң беріледі деп күтілуде».

 

Құбыр ішін диагностикалық тексерістен өткізу жүйесі туралы:

«Теңіз бөлігіндегі газ құбырлары мен мұнай құбырларында кему жағдайларының орын алуы байқалмаса да, кен орнын пайдалануды қайта бастар алдында, нысандардың 100% бүтіндігін қамтамасыз ету үшін Консорциум аталған құбырларды толық тексеру туралы шешім қабылдады.

Құбырларды тексерудің ең үздік тәсілдерінің бірі ретінде «диагностикалық құбырішілік құралды» қолданатын тәсілді атауға болады. Бұл тәсілде құбырларды ішінен мұқият тексеру үшін құбыр желісінің бойымен түрлі тетіктер (роботтар) өткізіледі (екі құбырдың ұзындығы шамамен 90 км құрайды). «Құбыр ішін диагностикалық тексерістен өткізудің» мақсаты – құбыр ішінде табылған ақауларды картаға түсіру. Нақты нәтижеге қол жеткізу үшін құбырларды босатып, мұқият тазартып шығу қажет. Тазалау жұмыстарын желтоқсанның басында аяқтау жоспарланған. Құбыр ішін диагностикалық тексерістен өткізу жүйесінің барлық жабдықтары жұмысқа жұмылдыру үшін дайындалды, құбырлар тазаланып болғасын іске қосылатын болады. Кейін жабдықтарды әртүрлі тексеру құралдары арқылы құбыр ішінен бірнеше рет өткізуден тұратын құбыр ішін диагностикалық тексерістен өткізу жұмысы жүргізіледі. Бұдан кейін алынған деректер мұқият талданып, интерпретацияланады да, соның негізінде тиісті қорытынды жасалады. Құбыр ішін диагностикалық тексерістен өткізу нәтижесінде газ құбырының зақымдану деңгейі мен мұнай құбырының ықтимал ақаулары анықталады деп күтілуде. Құбыр ішін диагностикалық тексерістен өткізу жұмысының деректерін интерпретациялаудың қорытынды нәтижесі 2014 жылдың басында дайын болады».

 

Жер қазу жұмыстары туралы:

«Ықтимал проблемаларды анықтау бойынша айтылған шараларға қосымша ретінде газ және мұнай құбырларының біраз жер үсті бөліктерінің тұстарында қазу жұмыстары орындалуда. Бұл құбырларды сыртынан қарап шығуға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде мұнай құбырында еш ауытқушылық анықталған жоқ, бірақ көзбен қарап тексергенде күмән тудыратын және бүтіндігін құбыр ішін диагностикалық тексеруден өткізу нәтижелері арқылы растауды қажет ететін жерүсті газ құбырының қосымша жерлері анықталды.

Теңіз бөлігіндегі газ құбырында қысым бірнеше апта бойы сақталып тұрды, бұл уақыт аралығында егжей-тегжейлі мониторинг жүргізілді. Құбырдың теңіз бөлігінде қысымның түсуі секілді кему жағдайының белгілері анықталған жоқ. Қазу жұмыстары аяқталғанға қарамастан, оның нәтижелерін толыққанды деп санауға болмайды».

 

Болжамдар:

«Түзету шаралары мен оларды орындау мерзімін талқылау және өндірісті қайта бастау уақытын болжау ақаулардың пайда болуының түпкі себебі мен олардың деңгейі анықталғаннан кейін ғана мүмкін болады. Соңғы кезде бұқаралық ақпарат құралдарында аталған мерзімдер фактілерге негізделмеген, тек шамамен алынған мерзімдер болып саналады. Сондықтан, мерзімдер туралы ақпаратты жағдай айқындалып, ол тиісті мемлекеттік органдармен келісілген соң ғана жариялауға болады».

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

6 желтоқсан 2013, 15:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.