Атырау, 10 желтоқсан 23:02
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

«Доссор Процессинг Компани» директорының орынбасары: «Біздің құжаттарымыздың бәрі дұрыс»

3 294 просмотра

Күкіртке қатысты жанжал Астанаға да жетті. Өткен аптада «Каспий табиғаты» ҚБ жетекшісі Махамбет Хакімов «Ел бірлігі» ҚБ өкілдерімен бірігіп, ел астанасында Доссордағы күкірт терминалының проблемасы жөнінде баспасөз конференциясын өткізді.

Естеріңізде болса, 5-мамырда Доссор поселкесінің жүздеген тұрғындары темір жолды бөгеп, вокзалға қарсы орналасқан күкірт терминалынан 16 вагон күкіртті алып тастауды талап еткен болатын. («АЖ» №19,12.05.11 – «Олар поезды тоқтатты»). Осы наразылық акциясын өткізуге «Каспий табиғаты» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Махамбет Хакімов пен «Арлан» қоғамдық бірлестігінің  жетекшісі Макс Боқаев қатысты.

«АЖ»-ға М.Хакімов түсіндіргендей, бастапқыда парламентте «дөңгелек үстел» өткізу жоспарланған. Алайда мәжілісмендермен кездесу ұйымдастыруға уәде берген сенатор науқастанып қалып, шара өткізілмей қалған.

- «Ел бірлігі» ҚБ барғысы келген Доссор тұрғындарына Астанаға дейінгі және кері қайтар жолдың жолақысын төлеуге дайын болды. Алайда доссорлықтардың бірде-біреуі бара алмады. Өйткені құқыққорғау органдары қазір поселкеде «тергеу амалдарын» жүргізуде», - дейді М.Хакімов. – Тұрғындардың табандылық танытуларына қарағанда, бұл даудың әлі жалғасатын түрі бар.

ТШО күкіртті сатады, ал оны кім сатып алып, қайда жіберіп жатқанында «Теңізшевройлдың» шаруасы жоқ, - деп есептейді эколог. Ол бұл күкірттің тасымалданбас бұрын қажетті тазарту процесінен өтпейтіндігіне сенімді.

- Әрі қарай сатып алушыда күкіртті тазартуға қатысты проблема туындайды. Оның бойында қалай еткенде де меркаптанның азғана мөлшері қалып қояды. Бұл 100 пайыз таза күкірт деп ешкім нық сеніммен айта алмайды. Тіпті, ТШО-ның өзі де, - дейді М.Хакімов. – Түптеп келгенде күкірт өңдеуші зауыттар ТШО аумағында орналасуы тиіс. Ал бұл коммерсанттар оны елді мекеннің қақ ортасына әкеліп орналастырған. Уақыт өте олардың тәбеттері артып, кешікпей қашағандық күкірт те қосылуы мүмкін. Сонда мұндай зауыттар ондап көбейетін болады. Егер осындай «құпия» терминалдар Құлсарыда немесе Мақатта пайда болса, еш таң қалмаймын.

Эколог сондай-ақ, бірер күнде Доссор поселкесінің тұрғындарының хатына Бас прокуратурадан жауап келгенін, онда күкірт мәселесі бойынша «тиісті тексерулер жүргізіледі» деп жазылғанын айтты.

Бізге «Доссор Процессинг Компани» компаниясы директорының орынбасары Валентин ФИРСОВПЕН хабарласуға мүмкіндік туған еді. Бұл Теңіз күкірті тиелген состав орналасқан теміржол тұйығындағы сол компания болатын. Ол былай деген еді: «Аудан әкімі Қилымғали Қайненов бұл лауазымға жақында ғана отырды. Ол бұдан бейхабар да шығар. Ал оның орынбасары Жаңабай Сағиев біздің қызметіміз туралы жақсы біледі. Ол санэпидстансада жұмыс істеген кезде бізді бірнеше рет тексерген болатын. Біз 2009 жылдың тамызында қоғамдық тыңдау өткіздік. Оған шенеуніктер де, жергілікті тұрғындар да қатысқан болатын. Біздің қолымызда санэпидстанса, ТЖ басқармасының рұқсат қағаздары мен т.б. барлық қажетті құжаттар бар. Компания ТШО-ның минералды тыңайтқыштар мен күкірт ораумен айналысатын канадалық «Sulpro industries» компаниясымен жасалған келісім-шарты бойынша 2008 жылы құрылды.

…Қазір біз тұйыққа тірелдік. Жұмыс тоқтатылды, аумақта тек база бастығы мен қарауылшылар ғана бар. Егер жергілікті халық үзілді-кесілді қарсы болса, біз әрі қарай қалай жұмыс істейтінімізді білмеймін. Қазір құқыққорғау органдары тексеру жүргізіп жатыр, енді оның немен аяқталатынын күтеміз».

Сәния ТОЙКЕН

19 мамыр 2011, 01:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.