Атырау, 25 желтоқсан 05:57
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Бағдарлама штабы құрылды

2 582 просмотра

Облыста баспананы күрделі жөндеу және термомодернизациялау бағдарламасын жүзеге асыру үшін Серік ХАЙРОШЕВ басшылық ететін «КазЦентрЖКХ»АҚ филиалы ашылды.

С.Хайрошевтің айтуынша, осы бағдарлама аясында 10 жыл ішінде Қазақстанда 11 мыңнан аса үй жөнделетін болады. Осылайша жөндеуді қажет етіп отырған тұрғын үй нысандарының үлесі 2015-ші жылға қарай 32-ден 22 пайызға дейін, ал 2020-шы жылға қарай 10 пайызға дейін азаяды.

Үйлерді жөндеуді қаржыландырудың екі нұсқасы бар. Бірінші нұсқа бойынша республикалық бюджеттен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияны (ӘКК) капиталдандыру үшін жергілікті әкімдіктерге қаржылар бөлінеді. ПИК, мердігерлер және корпорация арасында келісім-шарт жасалады. Тұрғындар өз кооперативтерінің есеп-шотына жөндеу құнының 15 пайызы мөлшерінде бастапқы жарна салуы тиіс. Бұл қаржылар жөндеуді төлеуге жұмсалады, қалған 85 пайызды корпорация төлейді. Келісім-шартта бекітілген мерзім ішінде ПИК есеп-шотына тұрғындар ай сайын жарна төлеп тұрады. Жинақталған қаржыны корпорацияға жөндеу төлемақысы ретінде аударады. Болашақта осы бағдарламадағы корпорация рөлі екінші деңгейлі банктерге ауысуы мүмкін.

Екінші нұсқа бойынша, республикалық бюджеттен облыстық әкімдікке жылдық 0,1 пайызбен 7 жылға займ бөлінетін болады. Бұл жерде мемлекеттің 100 пайыздық қатысуымен мамандандырылған кәсіпорын құрылады. Жыл ішінде осы кәсіпорынға капитал құйылады. Әрі қарай бірінші нұсқадағыдай механизм іске қосылады.

Бағдарламада аз қамтылған азаматтарға атаулы көмек қарастырылған. Бұдан басқа, тұрғындарда алдын-ала жинақталған қаржы жоқ екендігін ескеріп, биылғы жылы пәтердің меншік иелерінің бастапқы жарналарынсыз бағдарламаны жүзеге асыруды бастамақ. Ал келер жылдан бастап бастапқы жарнаның болуы міндетті болады.

Биыл барлық аймақта пилотты жоба іске қосылды. Осы жоба аясында шатырларды жөндеу мен үйлердің қасбетін қалпына келтіру жұмыстары қатар жасалатын болады. Осыдан кейін пилотты жоба үшін таңдалған үйлерде жылуды тұтыну 2 есеге азаюы тиіс. Бұл коммуналдық қызмет төлемдерін ғана емес, жылу шығындарын да (ағымдағы жөндеуде 10 пайызға, күрделі жөндеу кезінде үштен бір бөлігіне дейін) азайтуға мүмкіндік береді. Мемлекет үшін бұл бюджет шығындарын азайту болса, халық жағдайы жақсартылған тұрғын үйде тұратын болады.

Қазір қалада ПИК жиналыстары өткізілуде. Онда тұрғындарға осы жоба туралы толық ақпарат түсіндіріледі.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

11 мамыр 2011, 17:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.