Астанада жаңа фильмнің тұсаукесері өтті. Биографиялық драмада тұңғыш Президенттің өмір жолы баян етіледі. «Қазақстан концерт» залында өткен көрсетілімге жиналған қауым туындыны тамашалап қана қойған жоқ, фильм актерлерімен де кездесті.
Бибігүл Ғаділбекқызы, тілші
Бірі - «От өзен», екіншісі - «Теміртау» аталады. Бүгін көрермен екі бірдей кинотуындыны тамашалауға келді. Рүстем Әбдіраш түсірген «Балалық шағымның аспанымен» басталған бұл үш бөлімдік киноэпопеяның жалғасы.
Өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңы. Он тоғыз жасар Сұлтанның металлургтер қаласы Теміртауға республикалық жастар құрылысына алғаш келген кезі. Бозбала білім қуып, кейін Украинаның Днепродзержинск қаласына аттанады. Қызықтың бәрі осыдан басталады.
Өмір - күрес. Елден жырақ оқуда жүріп, жігіт Нұрсұлтан білектің де, білімнің де күшін танытты. Аруға алғаш ғашық болуы. Риясыз адал достыққа асық болуы. Фильм сюжеті қазақ жігітінің басынан өткенін бастан-аяқ бейнелейді.
Фильмнің шарықтау шегі жас жігіттің еңбекке енді араласқан металлургиялық комбинаттағы сәттерінен басталады. Жас құрышшының алғашқы шойын алғанынан бастап, кен орнындағы басшылық қызметке дейінгі қажырлы еңбегі, оның бойындағы қайтпас мінезі Сұлтан жігітті көшбасшы қылды.
Нұрлан Әлімжан, актер:
Көшбасшы болған соң, жан-жақты болу керек. Ол кісі жан-жақты. Ақылды, парасатты, жігерлі, сабырлы, алыстан меңзейтін көреген. Достарына адал, ұлтын сүйеді. Мұның барлығы фильмде баяндалады. Әрбір эпизод үшін жан-тәнімізбен берілдік.
Фильмде өнегелі отбасындағы тірлік, балаға деген ата-ананың махаббаты, кеңестік дәуірдегі қазақ халқының соқпақты да тоқпақты өмір жолдары кеңінен көрсетіліп, боямасыз баян етілген. Басты оқиғалар Қарағанды, Теміртау, Днепродзержинск, Мәскеу, Киев, Минск пен Хельсингіде, Эстонияның Хаапсалу қаласында түсірілген. Бір жарым жылға ұласқан түсірілім жұмысы естен кетпес оқиғаға толы.
Рүстем Әбдіраш, фильм режиссері:
Днепродзержинскіде қоштасып жатқан кезде жаңбыр жауады. Нөсер жаңбыр қолдан жасалды, бірақ кадрдің ішінде жарқ етіп шыға келген кемпірқосақ компьютермен салынған жоқ, ол шын. Кәдімгідей ғажап оқиға болды.
Киноға белгілі кино, өнер шеберлері Нұржұман Ықтымбаев, Наталья Орынбасарова, Бақытжан Әлпейісов, Жан Байжанбаев пен ресейлік шеберлер Валентин Гафт, Виктор Сухоруков, Сергей Шакуровтар қатысқан. Үш сағаттық туындыны сілтідей тынып, беріле тамашалаған көрерменнің өз қошеметі зор.
Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ең бірінші – азамат болу, адам болу. Әрбір көрген жастың өзі де үлгі алады. Оттан да, судан да өте біліп, нағыз азаматтықтың шыңына шығып отыр.
Әбіш Кекілбаев, мемлекет және қоғам қайраткері:
ХХІ ғасырдың 60-жылдары түгелдей қамтылған деуге болады. Талай қиындықтарды көрген, талай жетістіктерге желпінген жас өреннің ысылып, жолындағы күреске дайындалуы. Фильм мақсатына жеткен.
Ернар Жәркешов, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:
Бір-бірімізге деген қамқорлық, адал достық, соның барлығы мына кинода көрсетілген. Тура өзімді сол оқып жүрген тәрізді, өзімді көрген сияқтымын. Үлкен әсер қалдырды, әсіресе, жастарға бұл үлкен үлгі деп есетпеймін.
Киноэпопеяның көпшілік көрерменге ұсынылар күні алыс емес. 3Д форматындағы фильм ел кинотеатрларынан 14-желтоқсаннан бастап көрсетіле бастамақ.
Дереккөз: Еларна
2 желтоқсан 2013, 20:17