Атырау, 24 қараша 13:58
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қазақстанда бір тал шыршаны кесіп алған адамға 25965 теңге айыппұл салынады

4 437 просмотра
ҚР қоршаған орта және су ресурстары министрлігі биылғы жаңа жыл қарсаңында еліміздің мемлекеттік орман шаруашылықтары шыршаларды тек ұйымдар мен мекемелерде өткізілетін мәдени-бұқаралық мерекелік шаралар үшін дайындап, оларды облыстық және Астана, Алматы қалалары әкімшіліктердің өтінімдері негізінде ҚР ҚОСРМ Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің рұқсатын алу арқылы ғана ұсынады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлайды.

Ел аумағында өсетін шыршалар саудасы шектелуіне қарамастан, қазақстандық азаматтар шет елдерден әкелінген ағаштарды сатып ала алады. Сонымен қатар сауда орындарында қылқан жапырақты ағаштардың бұтақтарынан жасалған, сондай-ақ, контейнерлерде өсіп тұрған шыршаларды сату мүмкіндігі бар.

Елімізде соңғы онжылдықта Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің бастамасын қолдау нәтижесінде жаңа жылға орай кесілетін шыршалар саны 40 мың данадан 10 мың данаға дейін азайды.

Ал Астанада 5 жыл бойы жаңа жылдық мерекелік шараларды өткізу кезінде жасанды шыршалар қолданып келеді.

«Биыл Республика бойынша мемлекеттік инспекторлар мен орман күзеті, сондай-ақ, табиғат қорғау полициясының қызметкерлерінен жасақталған 500-ден астам рейдтік топтар құрылып, орманды аумақтарда 320 бекет ұйымдастырылды»,-деп жазылған хабарламада.

Қазақстанда 2007 жылдан бастап орман заңнамасын бұзу нәтижесінде келтірілген зиянды есептеудің негізгі мөлшерлемелері қолданысқа енгізілді.

Жаңа жыл қарсаңы кезінде (қараша-желтоқсан айларында) қылқан жапырақты ағаштардың 1 дана жас шыршасын шабу немесе бүлдіру салдарынан келтірілген зиянды өтеу мөлшері 15 айлық есептік көрсеткіш, яғни 25965 теңге сомасын құрайды. Қылқан жапырақты ағаш тұқымдыларының жас шыршалары заңсыз кесілген жағдайда құқық бұзушыларға әкімшілік айыппұл салынып, орман шаруашылығына келтірілген зиянды өтеуге талап-арыз беріледі. Ал 7 дана шырша кесіліп, одан келтірілген зиян 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен асқан жағдайда, құқық бұзушы қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Шыршаларды заңсыз кесу фактілері бойынша аймақтық полиция департаменттеріне хабарласуға болады.

Дереккөз: BNews.kz

28 қараша 2013, 14:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.