Атырау, 21 желтоқсан 09:52
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Ерлікке толы әрбір күн

2 963 просмотра

Малайзия астанасы Куала-Лумпурде өткен мүгедек жастар арасындағы Азия ойындарында 17 жасар атыраулық Шынар КЕНЖЕБАЕВА (суретте) үстел теннисінен қола медальға ие болды. «Атырау облыстық мүгедектер спорт клубы» КМК-де тәрбиеленіп жатқан шәкірті туралы жаттықтырушы Гүлнәр ИМАНАЛИЕВА әңгімелейді.

- Шынар бізге 2012 жылдың ақпанында келді. Ол өте ауыр қозғалатын. Оның туғанынан жамбас сүйегі буынында кемшілік бар екен. Аз уақыт шұғылданғаннан кейін ол келмей қалды. Енді келмейтін шығар деп ойлағанбыз. Алайда қызымыз қайтып келіп, бар жан-тәнімен жаттығуға кірісті. Рухы өте биік қыз...

Жарты жылдан кейін ол Павлодарда өткен Қазақстан чемпионатында үшінші нәтиже көрсетті. Ал биыл Қазақстан мүгедектерінің IV Спартакиадасында «алтын» ұтып алды.

Осы жарыстарда үлкен жетістікке жеткен үстел теннисі командасының барлық мүшелерін айрықша атап өткім келеді. Командалық есепте біз 16-ның ішінен 4-орын алдық. Бірінші орын алу үшін 30 ұпай жетпей қалды. Бұл бір ойыншының жеңісі еді. Менің қыздарымның барлығы жүлделі орын алды. Шынардан басқа, «алтынды» Эльмира Балманова менТатьяна Жакупова иеленді. Олар абсолюттік есепте де Спартакиаданың жүлдегерлері атанды. Людмила Фокина «қола» алды. Ерлер арасында Мухадия Қуангереев пен Сәрсенбай Мұңбаев, сәйкесінше, 4-ші және 7-ші орындарға табан тіреді. Олар аз болса да сәтті өнер көрсеткенде команда бірінші болар еді.

Екі шәкіртіміздің тірек-қимыл аппараттары бойынша мүгедектер арасындағы үстел теннисінен Қазақстан құрамасына кіргені біз үшін Спартакиаданың басты нәтижесі болды. Бұлар: Шынар және 12 жасар Насихан Махамбетов. Ол әзірше жасына байланысты жарыстарға қатыспай жүр. Алайда мен оны құраманың бас бапкеріне көрсеттім. Құрдастары арасында оған дені сау балалар да қарсы тұра алмайды. Мұны айтып тұрған себебім, біз әр жексенбі сайын «Мұнайшы» спорт кешенінде Риза Мамутов жаттықтыратын дені сау спортшылармен спаррингтер өткіземіз. Бұл менің балаларымның шеберлігі мен сенімділігін арттырады.

Шынар бапкерімен біргеШынар бапкерімен бірге-Шынардың Азия ойындарындағы жетістігіне оралайық...

- Мен шәкіртімді жарысқа өзім алып бара алмадым (шет елге шығу төлқұжатымның мерзімі өтіп кетуіне байланысты). Алайда оның айтуынша, төрешілер тарапынан әділетсіздік орын алған сияқты. Спортшылар тірек-қозғалыс аппараттарының зақымдану ауырлығы дәрежесіне байланысты санаттарда өнер көрсетеді. Шынар 8-санатқа, әрі кеткенде 9-шыға қатысуы керек еді. Алайда төрешілер оның диагнозына күмәнмен қарап, «мұндай диагнозды адам арқасын тік ұстай алмайды» деп, зақымдануы аз, сау адамдар қатысатын 10-санатқа қатыстыру туралы шешім шығарыпты.

Төрешілердің бұлай істеуінің себебі, біздің теннисшілер жеребе бойынша Азия ойындарының иелерімен кездесіп қалды. Біздің құрама команда Малайзия құрамасын оңай ұтты, алайда қытайлықтар мен тайлықтардан жеңіліп қалды. Нәтижесі - қола медаль. Шынардың сәтті өнер көрсеткені үшін маған Ұлттық Паралимпиада комитетінің спорт бойынша вице-президенті Галина Ванина алғысын білдірді.

-Сіздерде болашағынан зор үміт күттіретін жастар бар ма?

- Павлодарда болған ҚР чемпионатында «алтын» иеленген Эльмира Балманова жаттығу жасауға Махамбеттен келеді. Ол 6-санатта жарысқа қатысады. Ол бізге алғаш келгенде арбада отырып ойнады. Кейіннен үстелге таянып, тұрып ойнай бастады. Елдегі белгілі шеберлердің барлығын ұтқан ҚР чемпионатында бапкерлер ол таянып ойнайды деп наразылықтарын да білдірді. Мен араша түстім – шарикті ойынға қосқанда үстелден ұстауға болмайды, ал ойын барысында рұқсат етілген. Мүгедектер спортында да жанжалдар болып тұрады...

-Үстел теннисі мүгедектердің денсаулығын нығайтуға көмектесе ме?

- Сөзсіз. Ойын барысында барлық бұлшық еттер нығаяды. Шынар бізге алғаш келгенде аяғын әрең басатын. Содан кейін көп шұғылданды. Анасы залға келіп, бізге алғысын білдірді. Қыз бала бірнеше жыл үйден оқыған, қазір мектепке барды.

Менде қазір әр уақытта 5-тен 65 жасқа дейінгі 40 адам шұғылданады. Мәселен, түстен кейін залға келіп, тек бір баламен – Саясат Асылханмен шұғылданамын. Ол да соңғы уақыттарда шеберлігін шыңдап, өткен демалыс күндері «Мұнайшыда» өткен дені сау балалар арасындағы турнирде үшінші орын алды. Нұрберген Демегенов төртінші орын алды. Бұл балалардың әрқайсысы күн сайын ерлік жасайды.

Осы сәтті пайдаланып, облыстық әкімдікке «Атырау облысы мүгедектерінің спорт клубы» кәсіпорнына спорттық құрал-саймандар алуға ақша бөлгені үшін алғыс айтқым келеді. Үстел теннисі тобы үшін әлемге әйгілі Donic фирмасының 4 теннис үстелі, әлемдік үлгідегі ракеткалар, спорттық киім мен робот-тренажер алынды. Робот қатты соққы, шиыру және қия соғу сияқты кез келген қиындықта шарды ойынға қоса алады. Бапкер роботтың жұмыс жасау режимін келтіреді, балалар өздері жаттығады.

Мұның жаттығуларға адамдардың көп келуіне үлкен әсер еткенін айтып та керек емес болар. 60 жасар мүгедек Сәрсенбай Мұңбаев «Мұнайшыда» жаттығу жасап жүрген, ал қазір «Балықшы» ДСК-ндегі біздің кеңсемізде роботпен шұғылданғысы келеді. Үстел теннисінің сапасы да маңызды рөл атқарады. Бұл шардың үстел үстінен серпілуіне әсер етеді.

Мұндай жабдықтар арқылы республикалық және халықара-лық турнирлерде сөзсіз жетістік-терге жетеміз деп ойлаймын.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

28 қараша 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.