26 қарашада облыс прокуратурасы алқасында соттардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы істерді қарау мәселелері талқыға салынды.
Жыл басынан бері сотқа 58 талап-арыз жолданып, олардың бестен бір бөлігі қабылданбаған. Оған арыздардың сапасыз жазылуы, тексеру кезіндегі заңсыз әрекеттер, экологиялық заңнаманы бұзған кінәлілерді дұрыс анықтамау себеп болып отыр.
– Мәселен, экология департаментінің ТШО-дан 89 млн теңге мөлшерінде айыппұл өндіру туралы талап-арызы қабылданбады. Экологиялық заңнамаға сәйкес, тигізілген зиянды жою тәртібі тікелей (табиғат пайдалануды өз заң бұзушылығын өзі жойғанда) немесе жанама (айыппұл) түрінде болады, бірақ бұл бірінші нұсқа мүмкін болмаған жағдайда қолданылады. Алайда көп жағдайларда мемлекеттік экологиялық инспекторлар екінші әдісті қолданады. Бұл даулы жайттарға әкеледі, - деп атап өтті облыстық прокуратураның сотта мемлекет мүддесін білдіру жөніндегі басқармасының басшысы Бақытжан ҚАЛИЕВ. – ТШО-ға қатысты жағдайда кәсіпорын тигізілген зиянды өзі жойды, соған байланысты оған берілген талап-арыз қабылданбады. Экологтар тарапынан осындай заң бұзушылықтар «Бонатти» компаниясын тексеру кезінде орын алды.
Алқада келесі фактілерге ерекше көңіл бөлінді: облыстық экология департаментінің «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-на салған 324 млн теңге мөлшеріндегі экологиялық айыппұлы облыстық аппеляциялық сот алқасының шешімімен 2 млн теңгеге дейін азайтылған.
– Неліктен мұндай айырмашылық болып отыр? Бастапқыда мамандар қате есептеген бе, әлде істің жаңа қырлары ашылды ма? – деп түсінбестік білдірді алқа мүшелері.
Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Ербол ҚУАНОВТЫҢ (суретте) айтуынша, бұған басты себеп – табиғат пайдаланушылар өз мақсаттарына пайдаланатын заңнамадағы олқылықтар болып отыр.
– Тексеру кезінде компания бізге рұқсат берді. Онда қоршаған ортаға белгілі бір эмиссия нормасы көрсетілген. Нәтижесінде нормативтен асқаны үшін біз 324 млн 730 мың теңге мөлшерінде айыппұл салдық. Соттың бірінші отырысы біздің пайдамызға шешілді. Бірақ содан кейін олар эмиссияның мүлдем басқа нормативі көрсетілген құжатқа сүйеніп, апелляция берді. Сөйтіп қайта есептеу жүргізіліп, айыппұл сомасы азайтылды.
Дегенмен алқа қатысушылары мұндай түсіндіруге қанағаттанбай, осыншама қомақты соманың 162 есеге қалай азайып кеткенін анықтау үшін мәселені анық тексеру керек деп шешті.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ