Атырау, 5 мамыр 15:12
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +11
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Тапа-тал түстегі сұмдық ымыраласумен аяқталды (СУРЕТТЕР)

3 530 просмотра

26 қарашада №2 қалалық сотта Сәтпаев даңғылының бойындағы «Salem Gold»кафесінің жанында екі қыздың үшінші қызды соққығу жығу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс қаралды («Тапа-тал түстегі сұмдық» және «Бүкіл соққы жазылған»).

Естеріңізге салсақ, қызды аяусыз соққыға жыққан қыздардың әрекеті түсірілген бейнетаспа редакция құзырына түскен еді. www.azh.kz сайтында бейнежазба жарияланғаннан кейін ҚР ҚК-нің 257-бабы(«Бұзақылық») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция екі күдіктінің жеке басын анықтап, олар қамауға алынып, іс қаралғанға дейін тергеу изоляторында болды. Сот залына олар қарауылмен жеткізілді.

Зардап шегуші – Жәния ҚОЖАХМЕТОВА, 29 жастағы Батыс Қазақстан тумасы, қазір Атырауда тұрады. Айыпталушылар орындығында – бұрын Ақтөбеде тұрған Башқұртстан тумасы, үш баланың анасы, 26 жастағы Ильмира МАМБЕТАЛИНА мен 20 жастағы Өзбекстан азаматшасы Юлия ИВАХНЕНКО. Сот процесіне қатысушылардың барлығы Атырауға жұмыс іздеп келгендіктерін түсіндірді. Сотталушыларды мемлекет ұсынған адвокаттар – Айжан Бекқалиева мен Бақтыгүл Ерманова қорғады.

Сотталушылардың айтуынша, 25 қыркүйектің кешінен бастап келесі күнге дейін олар Мамбеталинаның пәтерінде сыра ішкен. 26-сы күні күндіз олар «Salem Gold» кафесінде бұрын өздеріне Диляра ретінде таныс болған Жәния Қожахметовамен кездескен. Сол жерле араларында ұрыс-керіс басталыпты.

- Жәния бізді өзінен ақша ұрлады деп айыптап, оларды қайтаруды талап етті. Бірақ біз одан ештеңе алған жоқпыз. Мен ашуланып, бетінен соғып жіберген кезде, ұрыс-керіс үдеп кетті. Оның шашына жабыстым, ал Ильмира қолына шап берді. Біз кафеде отырған басқа жандардың мазасын алмас үшін оны сыртқа алып шықтық. Содан соң ұрып-соғуды жалғастырдық, - деп жауап берді сотта Ивахненко.

Судья мен мемлекеттік айыптаушының «өздеріңді ұялы телефонға түсіріп алған жанды да, бастапқыда оларды тоқтатуға тырысқан кафе қызметкерлерін де елемей, өз таныстарыңды неліктен аяусыз ұрдыңдар?» деген сұрақтарына, сотталушылар ештеңе жауап бере алмады.

- Біз мас болдық. Кафеге барған кезде, біздің оны соғайын деген ойымыз да болған жоқ. Не болғанын білмеймін, өзімді қолға ала алмай қалдым. Бірақ енді болған оқиғаны сезіндім, кінәмді толықтай мойындаймын. Тергеу кезінде зардап шегушіден кешірім сұрадым, қазір де кешірім сұраймын, - деді Ивахненко. Сотталушы Мамбеталина да осылай деді.

Зардап шегуші Қожахметова сотта сол қырсық шалған күні ол «Salem Gold» кафесінде өзінің азаматтық күйеуінің досымен түскі ас ішкенін түсіндірді.

- Олар кездесуді ұсынды, мен сол кафеге келіңдер дедім. Сол жерге оларды Нұрсұлтан алып келді (тергеу барысында Нұрсұлтанның – зардап шегушінің бұрынғы жүрген жігіті екені, сол кезде ол Ивахненкомен қарым-қатынаста жүргендігі анықталды – Т.С.), үшеуі де мас екен. Нұрсұлтан қарызға ақша сұрады, бірақ ол маған онсыз да қарыздар еді, сондықтан беруден бас тарттым. Сол кезде ол менің телефонымды алып, сорпа құйылған тарелкеме лақтырып жіберді. Мен наразылық білдіріп, дастарханым үшін ақшамды төлеп, тұра бергенімде, әмиянымнан 15 мың теңгенің жоқ боп кеткенін білдім. Үстел басынан екі рет тұрып кеткенмін, бір рет әжетханаға шықтым, екіншіде темекі тартып келдім. Сондықтан әмияндағы ақшаны осы үшеудің біреуі алды деп ойладым. Олардан қайтаруды өтіндім. Бұл олардың ызасын тудырып, Нұрсұлтан менің бетімнен салып жіберді. Содан соң Ивахненко ұрды, шашыма жабысып, сыртқа қарай сүйрей жөнелді. Оған Мамбеталиева қосылды. Нұрсұлтанның қайда кетіп қалғанын білмедім. Мені сыртта ұрып-соға бастады, мен ешкімді де, ештеңені де көрген жоқпын. Маған тіпті басымды көтеруге мұрша бермеді, аяқ-қолдарымен ұрып-соғып, тепкілей бастады, -  деді сотта зардап шегуші.

Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша Қожахметова бетінен, маңдай және басының төбе сүйегі бөлігінен гематома түрінде жеңіл дене жарақатын алған, денесінің басқа жерлерінің терісі сыдырылып, жарақаттанған.

Сот отырысы залында айыптау тарапынан басты дәлелге айналған бейнероликті қарау кезінде сотталушылар ұялып бастарын төменге түсірді. Ивахненко білдіртпей көз жасын сүртіп алды. Жазбаны қарап болғаннан кейін адвокат Бекқалиева Ташкент қаласының емдеу мекемесінен келген үзінді көшірмені ұсынды. Онда сотталушы Ивахненко 2009 жылы үшінші қабаттан құлау нәтижесінде ауыр жарақаттар алуына байланысты емделген екен. Әрі қарай адвокат зардап шегушіге – сотталушыларды кешіруге әзірсің бе деп, күтпеген сұрақ қойды. Қожахметова кешіретінін айтты. Судья Гүлнар Дәулешова оған заңнама нормаларын түсіндірді:

- Егер сіз қазір сотталушыларды кешірсеңіз, қылмыстық іс тоқтатылады. Бұл жағдайда әрі қарай сіз сотқа Ивахненко мен Мамбеталинаны жазалау талабымен жүгіне алмайсыз және олардан физикалық және моралдық зиян өндіріп алуды талап етуге құқығыңыз болмайды.

- Иә, түсінемін. Олардың бірі – үш баланың анасы, екіншісі кезінде осындай ауыр жарақат алған адам. Мен оларды кешіремін, - деп сөзін растады Қожахметова.

Сот қаулысымен қылмыстық іс тараптардың ымыраласуымен аяқталды. Сотталушылар сот залында күзеттен босатылды. Алайда, оқиғаның осылай аяқталғанына қарамастан, екеуінің де өмірбаяндарына істі болғандығы жазылып қалды.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

27 қараша 2013, 12:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.