Атырау, 11 қазан 17:02
 ашықВ Атырау +12
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Биліктің қолы бос емес

6 749 просмотра

Индер ауданы Жарсуат ауылының тұрғындары бір жылға жуық уақыттан бері Жайықтың лас суын ішіп отыр. Оны біз осы ауылда болғанда көзбен көрдік.

ТАМСАНЫП ТҰРЫП, ТАЗА СУ ІШЕР КҮН БАР МА?

Бір ғажабы, су тазалығына ешкім бас қатырып отырған жоқ, құдыққа құйылса болғаны. Естеріңізде болар, жазда Жайық суының көкпеңбек боп кеткені. Халық екі аптаға жуық сол көк суды сімірумен болды. Ағзаға тиіп жатқан зияндылығы бірден байқалмағасын ешкім дабыл да қақпады.

Негізі осы округтегі 338 үйде тұратын 1947 тұрғын суды екі әдіспен тұтынады. Жүз шамалы үй Жайықтан тіке тартылған құбырдан су ішсе, қалғандары үш тонна водовоз суын мың теңгеге сатып алады. Бұлардың қай қайсысы да тазартылмаған лас су. Осы ауылдағы су тазарту қондырғысының есігінде ылғи қара құлып тұрады. Айналасын шөп басып, иесіз қалған бұл ғимаратты біз фотообьективке іліктірдік. 2008-2009 жылы бұл қондырғыны жеке кәсіпкер Қизатолла Қағазов сенімді басқаруға алғанымен, жұмысы жанданып кетпеді. Ал 2010 жылдан бастап та су беру мүмкін болмаған. Оның себебі де жоқ емес. Су тазарту қондырғысы ғимараты күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Күнделікті судың тазалығын анықтау мүмкін емес. Жеке кәсіпкер суды аудан орталығындағы санитарлық эмидемологиялық басқармасына кішкене ыдыспен тасып отырған.

- Ұмытпасам, маусымда Жайықтың жарқабағы құлап, су айдайтын насос жағадан шығарылды. Содан соң таза су айдайтын насосты қалпына келтіріп, іске қосу үшін қосымша қаражат керек болды. Ауданға бұл жөнінде дер кезінде хабардар еттік. Бірақ ешқандай көмек болмады. Сол себептен СТҚ өз жұмысын тоқтатып тұр, - дейді Жарсуат округінің әкімі Сарсенбай ДАУТБАЕВ.

Ал бұдан екі жыл бұрын бюджеттен қаржы шығарылып, жөндеуден өткен көше құбырлары қаражаттың жетпеуіне байланысты су тазарту қондырғысына қосылмаған. Жөнделген құбыр құдықтары да қамқор қолдың болмауынан және иесіздіктен жарамсыздана бастапты. Сонда жыл сайын қаржы шығарып, халық қажетіне жарамаған мұндай құбырлардан кім қандай пайда көріп отыр?

Жарсуаттықтардың тағы бір мұқтажы - балабақша. Бірнеше жылдан бері балабақша ашу мәселесі тұрғындар жиынында көте-рілгенімен, нақты шешім алынбай келеді. - Жарсуаттық жастар балабақшаны көрмей өсіп жатыр. Республикалық «Балапан» бағдарламасына байланысты жергілікті жерден балабақша ашудың түрлі шаралары қарастырылғанымен, жүзеге асқан бірде бірі жоқ. Ауылдан сатылатын жеке үй табыла тұрса да, оның жұмысын алға апаратын адам жоқтықтан бұл бастама жабулы қазан күйінде қалған. Округ әкімінің мәлімдеуінше, балабақша ашылса 141 ата-ана сәбилерін беруге дайын отыр. Даутбаевтың өзі екі ұсынысты ауданға жолдағанымен, екеуі де қолдау таппапты. Біріншісі «Жарсуат» ӨК-не қарасты кеңсені сатып алу, екіншісі малшы балалары жатқан интернатты балабақшаға айналдыру немесе мектеп қасынан балабақша үшін ғимарат салу.

- Себебі бес алты жылдан соң малшы балалары интернатта жататындай қажеттілік болмайды, оны саралап байқап отырмыз. Қырдағы жастар ғана емес, тіпті, қарттардың өзі ауылға көшіп келуде немесе ауыл орталығынан қосымша үй салып жатқандары бар. Ал интернаттың бірінші қабатында қосымша ғимараты жоқтығынан селолық амбулатория орналасқан. Келесі жылы амбулатория жаңадан салынып беріледі деп отыр. Сонда интернатты балабақша етіп неге пайдаланбасқа? - дейді округ әкімі С.Даутбаев.

ҚҰРЫЛЫСТЫҚТАР НЕГЕ МАЗАСЫЗ?

Құрылыс ауылы осы Жарсуат округіне қарайды. Мұнда да сол ауыз су проблемасы алдымыздан шықты. Бұл ауылда ағымдағы үш жылға арналып, су құбырын көшеге жүргізу қолға алынғанымен, оның іске қосылуы созылып барады. Қосалқы мердігер «Алтын су» ЖШС жұмысшыларының айтуынша, қаражаттың жетіспеуінен және күннің суытуына байланысты жұмыс осы қарашаның аяғында тоқтатылмақшы. Ал ең қажетті деген су тазарту қондырғысы әлі салынбаған. Сонда құбырлар қайда қосылмақшы, әлде тіке Жайықтан насос арқылы су айдалмақшы ма?

- Осындай жауапсыз сұрақтардан кейін келесі жылы ауыз суға қол жете қояды деу қиын. Ал құрылыстықтар өмірде өзеннің таза суын ішіп көрген емес, - дейді Зоя есімді келіншек.

Бұл ауылдағы мектептің жайы да сын көтермейді.

- Мектеп 1976 жылы салынған. Кейбір бөліктері қамыстан, саман тастан, кейбірі ақ тастан өрілген. Бүгінде төбе жабындыларының ағаштары майысып, қауіп туғызуда. Оқушылар екі кезекпен оқиды. Бізде акт, спорт залдары, жабдықталған физика, химия кабинеттері жоқ. Ал компьютер сыныбына бес компьютерден артық сыймайды. Кабинет айналымға келмейді, тап-тар. Төрт кабинетте еден жоқ. Электр желілері де әбден ескірген. Бір сөзбан айтқанда, мұндай мектепте балалар толыққанды білім алады деу бекер. Қолдан келгенше мұғалімдер оқушыларға жағдай жасап бағуда. Бірақ қолдан келмей тұрғандары да жетеді, - дейді Құрылыс орта мектебі директорының міндетін атқарушы Алмагүл ҚАСЫМҒАЛИЕВА.

Шынымен де, мектеп өте тар, орталық дәліздің ені бір метр ғана. Ал биіктігі екі метрге жетпейді. Сегіз кабинет жетіспейді. Медбике мен бухгалтер бір кабинетте сығылысып отыр. Мектептің шаруашылық ісін басқарушының айтуынша, жыл сайын жеңіл жөндеуге бөлінген қаражат түк болмайды. Себебі қабырғалар жамап-жасқаумен тұр, сыр да шақ келмейді. Жаңа мектеп салу жобасы алты жылдан бері индикативтік жоспарға енсе де, кейінге ысырылумен келеді.

Рас, ауылда шешілген мәселелер де жоқ емес. Ауыл адамдары көгілдір отынның келгеніне қуанышты. Бұдан екі үш жыл бұрын округ әкімі Даутбаевтың асарлатуымен клуб тұрғызып алыпты. Бірақ мектеп пен балабақша салу қарапайым адамдардың қолынан келер іс емес қой. Бұл ауылда көше жолдары, көше деген жоқ. Мал қоқыстары тау болып үйіліп жатыр. Әйтеуір, жері құмайт болғандықтан көп балшық болмайды. Әйтпесе көлікпен жүру қиын болар еді...

Біз жоғарыдағы бірнеше мәселелерге қатысты сұрақпен Индер ауданының әкімі Жангелді Рахметқалиевтің ұялы телефонына шыққанымызбен, ол тұтқаны көтермеді. Оның орынбасарының да сөйлесуге уақыты болмады.

- Мен қазір жиналыстамын, ертең Атырауға кетемін, сосын форум, сосын болмаса... Онда да қолым тисе... Өйткені жауапты білуім керек қой, дайындалуым қажет, - дейді аудан әкімінің орынбасары Асылбек САРСЕНҒАЛИЕВ.

Сонымен, тұтас апта бойына қолы босамайтын әкім орынбасарын бұдан кейін мазаламадық. Ал Жарсуат селосы мен Құрылыс ауылы тұрғындарының күткен жауаптары жайына қалды. Әрине, биліктің қолы бос емес болғандықтан.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

1 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.