Атырау, 25 желтоқсан 06:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Жалғызбасты қайсар әке

5 413 просмотра

2006 жылы 25-қазанда бүкіл қала Республика күнін мейрамдап жатқан кезде Әли (есімі өзгертіліп алынды) облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында еді. Оның ұлы әр минут сайын әлсіреп бара жатты. Дәрігер үміт жоқ екенін жасырмады. Әке жүрегі мұздап кеткен еді. «Бірдеңе жасасаңыздаршы!» - деп жалбарынды Әли. «Бір препарат бар, бірақ... ол мүгедек боп қалуы мүмкін». «Ендеше ЕКСЕҢДЕРШІ!!!» - деді ол.

БАЛАЛАРЫМНЫҢ АНАСЫ БОЛСА ДЕП ЕДІМ

Әлидің бірінші зайыбы қызы он жаста, ал ұлы бір жасқа жаңа ғана толған кезде отбасынан кетіп қалған. «Балаларды өзім тәрбиелеймін деп келіскен едік, - деп еске алады Әли. – Тұңғышымыз шетінегеннен кейін арамыз суи бастады. Ұлымның атын Алмат деп қойған едім. Ол бар болғаны бір айлық еді... (Осы жерде Әли өзін ұстай алмай, дауысы дірілдеп кетті). Уақыт емші дейді ғой. Олай емес. Мен күн сайын жанымды сыздатар жан жарасын сезінемін. Ол бір секундқа да басылған емес.

…Тіпті екі сәбидің де дүниеге келуі біздің отбасымызды сақтап қала алмады. Балалар да сызатты байқап, олар да зардап шекті. Сөйтіп біз ажырасуды ұйғардық.

Әлидің отбасында кешікпей екінші зайыбы пайда болады. «Мен балаларыма ана жылуы қажет, олар мұнтаздай тап-таза болып, қарындарын тоқ болса екен деп ойладым. Өзім бірнеше жұмысты қатар жасап, үйге кеш келетін едім. Қолымнан келгенше табыс таптым. Үйленер алдында әйеліме өмірімдегі бар қуанышым балаларым екенін ескерткен едім. Ол да солай деп есептеді. Бәрі де жақсы болатын. Тоғыз айдан кейін тағы бір сәбиіміз – ұл бала дүниеге келді. Үш баламның үшеуін де жақсы көретінмін, ешқайсысын алаламайтынмын. Бірақ әйелім өзгеріп кетті. Ол тек өз баласын ғана көретін. Алғашқы некедегі екі балама ызаланып, қол көтеретінді шығарды.

…Сол күні жұмыстан ертерек келдім. Әйелім  қолына баланы көтеріп алған, түрінен қорыққаны көрінеді. Баланың түрі аппақ шүберектей боп кеткен екен, әлсін-әлі лоқси берді. Жедел жәрдем шақырып, жұқпалы аурулар ауруханасына апардық. Дәрігерлер баланың уланғанын айтты. Әйелімнен не болғанын, неден уланғанын сұрадым. Бірақ ол еш жауап қатпай, кінәлі адамдай көзін тайдыра берді. Сол кезде ішім әлденені сезді. Үлкен балаларыммен ойнаған кезде қатты ашуланатыны, ұлымды жазықсыз жазғырып, қызымның жер жебіріне жететіні есіме түсті.   

Мен одан баланы улаған сен бе деп сұрадым. Оның көзқарасынан кінәлі екендігін білдім. Кейінірек бұл тақырыпта әңгіме қозғадық. Ол істі сотқа жеткізбеуімді жалбарынып сұрады. Енді олай етпеймін деп, тіпті қалғысы да келді. Бірақ мен оны көргім келмеді. Әлі күнге дейін оған деген өшпенділігім жанымды жегідей жейді. Ол өзінің кінәсін сезініп, балам екеуміз қиналғандай қиналса екен деймін. Бәлкім мен нашар адам болармын.

Өзін сотқа бермес үшін ол нотариалды түрде куәландырып, менің пайдама ортақ баламыздан бас тартты. Мен оны өз өмірімнен және өз баласының өмірінен сызып тастадым.

ҰЛЫМ КӨЗ АЛДЫМДА ӨШІП БАРА ЖАТТЫ

«Ол кезде бір жас он айда еді. Қорғансыз, құлдыраңдап өсіп келе жатқан сәби еді, - деп Әли көз жасын іркіп, сол күндерді еске алды. – Юлия Савичеваның «Как твои дела-а-а» деген әнін табуреткада тұрып айтқанды жақсы көретін. Өз ширақ бала болатын, бірақ тентек емес еді. Не істегенін қарашы енді...».

Әлидің айтуынша, сол қырсық шалған күні сәби әзер аман қалған. Ол қайта қайта құсып, температурасы көтеріліп кеткен. Дәрігерлер баланың немен уланғанын түсіне алмай дал болыпты. Ол кезде оның не препарат екенін анықтайтын зертхана жоқ еді, - дейді Әли. – Сол кезде осы уколды салдыруды ұйғардым. Мүгедек боп қалса да өмір сүретін болады деп шештім. Екінші баламнан да айырылып қалсам, мұны көтере алмас едім, түсінесіз ғой... Екі аптадан кейін баламды ауруханадан шығарып алдым. Ол отыра алмайтын еді, тек жата беретін. Көздері буалдырланып кеткен еді. Ол еркелеткенімізге де селт етпейтін болды, тіпті алдында кім тұрғанын көрмейтіндей, түсінбейтіндей көрінді. Үнемі жылай беретін, тіпті өз көлеңкесінен қорқатын.

Қазір ұлыңыздың халі қалай?

– Ол мүгедек. Препараттың қарсы көрсетілімдері көп болатын, маған оны ескерткен еді. Дәрігерлердің қойған диагнозы көңіл жұбатарлық емес – қос құлағы да керең боп қалған. Содан кейін екеуміз бүкіл Ресей мен Қазақстанды шарладық. Сөйтіп, Мәскеудегі аудиология мен есту органдарын протездеу ғылыми-практикалық орталық дәрігерінің қабылдауында болдық. Қазір ұлым жеті жасқа кеп қалды. Сөйлей алмайды, дамуында кешеуілдеу бар... Шамамен сол уақытта бірінші некедегі қызым да ауырып қалды. Ол витилиго деп аталатын  өте сирек кездесетін және емделуі қиын сырқатқа шалдыққан екен.

 

Осы сырқат бойынша терінің боялған жасушалары –меланоциттер бүлінеді, ақ дақтар пайда болады. Онда теріге табиғи рең беретін пигмент жоқ болады. Витилиго қандай да болмасын, әсіресе бастан өзгеше зақым алғаннан кейін кенеттен пайда болуы мүмкін. Мәселен, көлік апатынан кейін осы сырқат пайда болған жағдайлар көп.

 

ТҮННЕН КЕЙІН ТАҢ АТАДЫ

Қазір бәрі біртіндеп реттеліп келеді. Бұрын жұмыс жағы қиындау еді, ешкім де толық емес күнге жұмысқа алғысы келмейтін. Бірақ ол кезде таңдау болмады, балаларды қараусыз қалдыра алмайтын едім. Кіші баламды алып үнемі дәрігерлердің табалдырығын тоздырдым. Жалпы, біздің өмір сүріп жатқан жағдайымыз басқа балаларымның денсаулығын сақтауға мүмкіндік бермеді. Жатақханада тұрған адамдар мені түсінеді. Балаларымның балалық шақтарының жартысы учаскелік педиатрдың кезегіне тұрумен өткізді. Тұмауға шалдыққанда, тамағы ауырғанда, диарея және басқа да балалар кеселіне қатысты дәрігердің қабылдауына апаратынмын. Мені сол жерде тұратын аналардың бәрі білетін. Олардың ортасында үш баламмен кезекте тұратын жалғыз ер адам мен едім. Өйткені оларды тастап кететін адам болмайтын. Сол жердегі аналар маған түсіністікпен қарап, немен емдеу керектігін айтып, халық емдерінің рецептілерімен бөлісіп, жақсы сөздерімен де көңілімді сергітіп тастайтын. Ал соңғы кездері жеңілдеді. Қызым 15 жасқа келді. Маған кәдімгідей қолғабыс етеді. Жақсы қыз боп өсіп келеді, тек өз сырқатынан ғана қысылады... Кішісін емдеп алған соң оның да сырқатын емдеуге күшімді саламын. Өйткені ол әлі тұрмысқа шығуы керек қой...

Туысқандарым отбасымызды Привокзальныйдағы өз пәтерлеріне паналатты. Жылы әрі жинақы бір бөлмесін бізге берді. Әлеуметтік органдар балаларды уақытша арнайы мекемелерге беруді әлденеше рет ұсынған еді, бірақ мен ешқашан олай етпеймін. Балалардың әкелері бар, олар жетім емес. Айтпақшы, Алматы облысындағы Ақсайда бізге кохлеарлы имплантация жасау операциясына кезегіміздің келгені туралы хабарлама келді.

 

Кохлеарлы имплантат дегеніміз – науқастың шашына немесе терісіне орнатылатын хабарлағыштан, дыбыстық процессордан, микрофоннан, сондай-ақ, тері астына енгізілетін қабылдағыштан және хирургиялық әдіспен  құлақ ұлуы ішіне енгізілетін электродтар тізбегінен тұратын медициналық құрылғы. Кохлеарлы имплантат қызметі есту жүйкесіне электродты импульс арқылы дыбыс толқындарын жеткізу болып табылады

 

Ал бұл балам енді еститін болады деген сөз. Жасы жетіге келе берсін. Алғашқы алты жылда бала басқа жасқа қарағанда көп ақпарат алады деп растайтын білгіштерге сенбеймін. Ол өткен олқылықтардың орнын толтырып, ақылды да қайырымды адам боп өседі. Біздің атыраулық сурдологтар операциядан кейін оны қолға аламыз деп уәде етіп отыр. Айына 50 сөзден үйретіп отыруға уәде берді. Елестетіп көріңізші?! Балам «тамақ ішкім келеді», «сәлем» немесе «балмұздақ сатып әперші» деп айта алатын болады. Сосын «папа» деп айтады... Мен бұған сенемін.

Анастасия ПАСТУХОВА

11 мамыр 2011, 16:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.