
Атырауда жергілікті «Бейбарыс» пен елордалық «Номад» арасындағы матч соғылған шайбаларымен ғана емес, ойыншылар арасындағы төбелеспен де есте қалды.
20 қазанда мұз айдынында Қазақстан чемпионатында мүлде өзгеше нәтиже көрсетіп жүрген екі команда кездесті. «Номад» 21-ойында 40 ұпай жинап, турнир көшін бастап келе жатса, «Бейбарыс» 10 ұпаймен сегізінші орында тұр.
Бірінші кезеңнің өзінде «Бейбарыс» хоккейшісі Владимир Шлычков Олег Бойкомен жұдырықтасып қалды. Бұл төбелеске қонақтардың тағы бір ойыншысы Кирилл Никитин де араласты. Эпизодтардың бірінде Шлычков соққы жасап, қарсыласын мұзға құлатты. Төбелес жазылып қалған видео әлеуметтік желіде тарап кетті.
Матчтың өзі де тартысты өтті. 0:2 есебімен есе жіберіп жатқан атыраулық хоккейшілер Анатолий Шишов пен Муса Гусейнов небәрі 74 секунд аралығында соққан шайбалардың арқасында есепті теңестіре алды. Алайда үшінші кезеңде қонақтар қайтадан алға шығып, 3:2 есебімен жеңіске жетті.
«Бейбарыс» келесі күні есе қайтара алмады. Хиуаз Доспанова атындағы Мұз сарайында апаттық жағдайға байланысты жарық сөніп, екінші матч өтпей қалды.
Ойын 4 желтоқсанға шегерілді. Енді ол Атырауда емес, Астанада өтеді.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +17