Бұдан 80 жыл бұрын тәулігіне тонналап мұнай берген Байшонастың бүгінде басынан бағы тайып, қара алтынның қалдығы қара жұмысшыға бұйырмай тұр. Болашағы жоқ Байшонас ауылын тек көшірудан басқа амал жоқ дейді жергілікті тұрғындар бірауыздан.
1931 жылы 11 наурызда Байшонаста мұнай көзі атқылап, елге ырыздығын төккен болатын. Жылына 12 мың тонна мұнай өндіріледі. Байшонаспен қоса онымен іргелес Ботақан, Қарсақта ірі көлемде май өндіріліп келеді. Мұндағы тұрғылықты халық негізінен мұнайшылар.
Мұнайшы ауыл атанған Байшонас төрт сордың ортасында жатыр. Сыртқы әлеммен байланыстыратын жалғыз ғана жолы бар. Осы жолдың бойымен Байшонас, Ботақан, Қарсақ мұнай кәсіпшілігінен ірі көлемде май үздіксіз тасылуда. Ал бар байлығын теспей сорып, сыртқа тасып жатқан мұнайшы ауылға баратын жолдың сықпыты адам көргісіз күйге жеткен. Грейдер деген аты бар, ойран‑топаны шыққандықтан одан гөрі қара жолдан салып алған сүрлеу жолмен жүрген тәуірірек. Жауынды‑шашынды күндері мидай езілген жолмен жүрудің азабын тартқанымен соны жөндеуге қаржы жұмсауға келгенде мұнайдың кілтін ұстаушылар қытымырлық танытып тұрғанын қайтерсің.
‑ Доссордан Байшонасқа дейінгі жолдың бар ұзындығы 37 км ғана. Бұдан тура 25 жыл бұрын шебен төгіп, сомадай‑сомадай тастарды төкті де кетті. 1991 жылы алматылық жолшылар асфальттауды бастап, 17 км жолды бітірмей тастап кеткен болатын. Содан бері көрмегеніміз жоқ,‑дейді ауыл тұрғындары.
Ауыл адамдары қыс болса дірдектеп шығады. Биылғы қатты суықта тоңғандарын айтып мұң шақты. Екі жылу орталығының тұрғындарды жылумен қамтып тұрғаны шамалы. Бір жылу орталығының екі бірдей қазандығы қыс ортасында істен шыққан, әбден ескіріп тозған бір қазандық жарамағасын сыртқа лақтырып тасталса, екіншісі жамауға да келмепті. Жылудан ажыратылған елуге жуық үй тоңғандарынан қайда кетерге білмей қатты сасқанын айтады. Жаппай ток пешін қосып, трансформаторды істен шығаруға дейін барған. Ал екінші жылу орталығын биліктегілер барын салып, жылуын сақтап қалуға тырысыпты. Бірақ мектеп, балабақша, амбулатория және жеке секторларға берілген жылудың өзі мардымсыз болған. Медицина қызметкерлері мен балалар, мұғалімдер сырт киімін шешпестен шығыпты, балабақшаға жергілікті тұрғындар сәбилерін апармай жан сақтап қалыпты. Қысқасы, мұнайшы ауылдағылар отынның үстінде отырып, тұмсықтарын жылыта алмағаны қайран қалдырады. Ал жылу беруші мекеме миллиондаған қарыздың астында қалып отырған көрінеді. Жылу орталығына бұдан екі жыл бұрын 64 млн. теңгеге алынған шетелдік жылу қазаны әлі күнге іске қосылмай, қаңтарылып тұр. Қазына қаржысына алынған мүліктің енді пайдаға асар-аспасы да белгісіз.
‑ Біз ауыз суды жылу орталығынан тасимыз, себебі құбырлар қыста қатып қалған еді. Судың азабын бірнеше жылдан тартып келеміз. Газ баллонын бұрын Доссордан алатынбыз, енді ол да жоқ. Көлігі барлар Атыраудан, болмаса Құлсарыдан тасуда. Бағасы екі еселене қымбаттаған газ баллонына зар болып біз отырмыз. Көгілдір отынды армандап қана отыратын болармыз. Ал биліктегілер газдандыру толық аяқталды деп зар қақсауда, сонда Байшонастың жағдайын білмей ме?‑дейді Сәуле .
Ауылдағы 380 үйде 2000-ға жуық адам тұрады. Оның 85 пайызы 1931-1960 жылдары салынған барактар. Тіреумен тұрған үйлер көптеп саналады. Ресми түрде 250 адам жұмыссыздар есебінде. Ауылдағы наубайхананың сау‑тамтығы қалмай тоналса, монша бірнеше жылдан тарс жабық тұр. Алпыс орындық балабақша күрделі жөндеуді қажет етуде. Бастауыш мектеп сан құраудан тұрып ақыры жарамсыз болуынан бәрі бір мектепте тығылысып отыр. Жергілікті халық мал өсіруді жылдан‑жылға кемітуде.
Ауылдағы тазалық бетімен кеткен. Осындағы еңселі жалғыз мешіттің имамы жеті адамға өзгерген. Тіпті имамның жалақысын табу машақатымен мұнайшыларға салмақ салуда екен.
ТЕҢІЗДЕН СОҚҚАН ЖЕЛ
Ауыл адамдары Байшонастың болашағы жоқ дейді. Оның басты‑басты себептерін алға тартсақ, алдымен ауылдың әлеуметтік жағдайы кенже қалған.
‑ Бұл ауыл қазір ешкімге керек емес, санаттан сызылып қалған. Шылқыған байлықтың үстінде отырып, газ, жылу, судан мақұрым қалған, ол жоқтарды қалыпқа келтіруге ешкім басын қатырмауда. Елбасыны сайлау кезінде осы проблемаларды бюллетень сыртына тізіп жазып бергім келген, биліктегілердің назарын аудартайын деп. Бірақ олар барлық өшін ауылдастарымнан алады емес пе. Өйткені Байшонастың тағдырына ешкім басын қатырғысы келмейді, осыған қатты налимыз. Екіншіден мұнда өңкей қазақтар тұрады, халқымыз көнбіс қой, қаншама қиындықты бастан кешірсе де ішінде сақтаулы. Мүмкін басқа ұлттар болса төзбей, ереуілге шығар ма еді, ‑ дейді ардагерлер Кеңесінің төрағасы Байдолла ҚОЖАХМЕТОВ (суретте).
Мұнда үй сатылмайды, жөндеуге де, жаңа баспана салуға да ықылассыз. Өйткені адамдар арасында ауыл көшіріледі екен деген сыбыстар жайлап тұр. Оның үстіне округ әкімдігінің 2011 жылдың 17 ақпанында Байшонас пен Ескене селоларынан жер беруді уақытша тоқтату туралы қаулысы шыққан. Ауылдың экологиялық жағдайы да оңып тұрған жоқ. Теңіз кеніші ауыл адамдарының айтуынша сексен шақырым қашықтықта. Одан шыққан газдың қалдықтары осы ауылға дейін жетіп, әсіресе шілде айларында қолқаны қабар иістер пайда болады екен. Оның үстіне сорлар буланып, жаз бойы топырақ бұрқырап тұрады. Ауыл сордың қақ ортасында орналасқандықтан масада есеп жоқ. Климаты жағынан ластанған ауаны зерттеп жатқандығына ешкім сенбейді. Дәрігерлер мектеп балалары мен жастар арасында көз көру төмендігі, қан қысымы көбейіп тұрғанына қатты алаңдаулы екенін жасырмады. Өткен жылы екі құлағы, таңдайы жоқ бала дүниеге келген. Туа бітті ауруға шалдығушылықтан зардап шегіп жатқан сәбилер баршылық көрінеді.
‑ Бұдан сегіз жыл бұрын өзімді аудандық Мәслихаттың депутаттығына ұсынып, сайландым. Мен атақ қуайын дегенім жоқ, ауылымыз өркендеудің орнына жылдан‑жылға құрып барады, соған бір мұрындық болсам деген ниет қана. Әкімдер ауылдың ауыр ахуалын жасырумен келеді. Шыдамның да шегі бар ғой, жетпесті неге айтпайды, неге жоғарыға жеткізбейді, мұнайшыларға неге салмақ салмайды. Оның байлығы керек болғанда адам тағдыры қажет емес пе, әлде біз тәжірибе жүзінде отырмыз ба,‑дейді аудандық Мәслихаттың депутаты Жандарбек ЕРМҰХАНОВ. ‑ Менің жазбаған жерім жоқ. Бірақ оған ешкім жарытымды жауап бермеуде. Тіпті облыс әкімі Бергей Рысқалиевпен бір кездесуде «Сіз өсетін адамсыз, ең болмағанда өзіңіз тұрғанда Байшонастың тағдырын шешіп беріңіз» дедім. Бірақ шығып жатқан нәтиже шамалы. Бұдан екі жыл бұрын АДЖИП‑ке Байшонастың газын тарту жөнінде тапсырма берілгенде олар шығатын қаржыны есептеп, ауылдың мұқтажы мұнымен бітпейді, сонша қаржы шығарғанша одан да ауылды көшіруді ұсыныпты деп естідік. Бірақ бұл да қалды. Енді адамдардан қол жинап арыз жазып жоғарыға шықпақпыз. Бұдан да ештеңе шықпаса онда халықты ешкім ұстап тұра алмайды, ашынған адам не жасамайды.
БІР КӨШТІҢ БОЛАРЫ АНЫҚ, БІРАҚ ҚАШАН?
Біз жоғарыдағы сауалдар негізінде аудандық әкімдікке телефон шалғанбыз.
‑ Ауыз су көше‑көшеге тартылған, енді үйге жеткізу тұрғынның өз шаруасы. Олар тегін тартып бер дейді, қазір ондай жоқ қой. Ал жылу қазандығы мұнаймен жағылады, оның шығынын өзіміз көтерудеміз. Жылына Байшонас пен Ескенедегі жылу қазандықтарына 50 млн. теңге қаржы жұмсалуда. Ал Байшонастағы жылу қазандықтары ескірді, жылу құбырлары да. Олар жиырма жылдан бері жаңартылмаған. Оны қалыпқа келтіруге мұнайшылар демеушілікпен көмектесеміз деп отыр. Осы мамырдың ортасынан бастап бұл іс қолға алынбақшы. Жол мен газ жайын қалыпқа келтіру оңай емес, оған млрд‑таған ақша керек. Сонша қаржы шығарғанша одан да ауылды көшірген дұрыс деп ойлаймын. Ал 64 млн. теңгеге алынған жылу қазанының жетпестігі бар деп естігем, онымен қаржы полициясы айналысып жатыр. Негізі ауыл адамдарының бәрінің бірдей көшкісі жоқ,‑дейді Мақат ауданының әкімі Қилымғали ҚАЙНЕНОВ.
‑ Неге олай дейсіз, қырыққа жуық адам Байшонастан көшу жөнінде арызға қол қойып отыр екен. Бұл сан бұдан да өседі деп отыр еді.
‑ Білмедім.
‑ Сонда ауыл жуық жылда көшіріледі ме?
‑ Нақты қашан екенін білмеймін. Бірақ жоғарыда әңгіме болып жатыр деген. Комсомол, Қошқар, Бекбике көшірілді емес пе. Көшірілер.
Әкімнің жауабы ешкімді қанағаттандырмасы анық. Депутат айтқандай «шөлмек мың күнде емес, бір күнде сынады» ғой. Шыдамның да шегі бар, Доссордан қара алтынның өндірілгеніне 100, Байшонасқа 80 жыл толады биылғы күзде. Той тойлаудан гөрі Байшонас ауылының мұқтаждығын шешкен жөн болар.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор
Мақат ауданы