
Мақат кентінде көпқабатты үйлердің жертөлелері суға толып, тұрғындардың мазасы қашқан. Жертөледегі құбырлар тесіліп, сарылдап су ағып жатыр. Осы ылғалдылықтың кесірінен іргетастары да сыр бере бастаған. Қабырғаларда жарық бар. Тұрғындар үй құлап қалады деп алаңдап отыр.

— 5-6 жыл болды жертөлемізді тазарта алмай отырмыз. Канализация мен таза су араласып жертөле ішіне кетіп, онысы кілкіп тұр. ПИК бізде жоқ, кезінде болған тарап кетті. Өйткені пәтерлердің көбін жалға беріп жіберген. Осы 89 пәтерліктің 30-ы ғана ПИК- ке тіркелер, қалғаны кірмей отыр. Осының кесірінен жартысынан көбі ақша төлемей, дым жасай алмай отырмыз. Сол жалға пәтер бергендерден жауапкершілік неге сұралмайды. Кім бізге көмектеседі, — дейді зейнеткер Нәсіп Бимұқанова.

Әсіресе өз пәтерлерінде де қолқаны қабатын жағымсыз иіске шыдауға мәжбүр болып отырған бірінші қабат тұрғындарына өте ауыр тиіп тұр.
— Біздер бірінші қатарда тұрамыз, жертөленің сасық иісінен қысы-жазы форточканы ашып қоямыз. Әйтпесе демалу мүмкін емес, тұншығып отырмыз, ауру болып тындық, иіс үстіміздегі киімге сіңіп кеткен. Иіс бір жағынан, екіншіден, масамен алысамыз. Бұл жөнінде жер-жерге арыз жаздық, дым нәтиже жоқ, — дейді тұрғын Света Жайлаубаева.
Тұрғын Элмира Ихласова анасының көзі көрмейтінін, қызының сырқатына байланысты масаға қарсы дәрі шаша алмай отырғанын ашына жеткізді.
Бұрынғы әкімнің уәдесі
Қоғамдық белсенді Ғазиз Ғабдуллин облыстың экс-әкімі Серік Шәпкенов ауданда болған сапарында осы мәселе көтеріліп, пайдалануға берілгеніне 40-50 жыл болған үйлердің жертөлесін бір рет тазартып беруге уәде еткенін айтады. Өкінішке орай, ол қағаз жүзінде қалған.
Қоғам белсендісінің айтуынша, жалғыз бұл үй емес, 80/8 үйлік те осы күйде.
Жоғарғы қабатқа су көтерілмейді
Су толған жертөледен бөлек, кейбір көпқабатты үйлерде сумен қамту мәселесі де бар. Төртінші және бесінші қабат тұрғындары ауыз су жоғары көтерілмейді деп отыр.
«Атырау облысы Су Арнасы» КМК басшысы Мейірім Қалауи бұл жағдайды үй ішінде орналасқан сорғыдағы ақауға байланысты екенін түсіндірді.
— Мақат кентіне тәулігіне 3,5 мың текше метр ауыз су берілуде. Ал тұрғындар айтқан үйдің 4-5 қабатына су көтерілмей тұрғаны рас. Жергілікті тұрғындар мынаны түсінуі тиіс, біз жертөлеге дейінгі құбыр мен насосқа жауаптымыз. Ал жертөледегі кішігірім насос істен шыққан, оны тұрғындар өздері жөндеп алуы тиіс. Ол жұмысты тұрғындар өздерінің ПИК-не айтып жасатуы керек еді, бірақ ол болмағандықтан ақыры жергілікті әкімдікпен бірлесіп шарасын алатын боламыз. Жалпы су резервуалары биыл жөндеуден өтті, — деді ол.
Демеушілер есебінен тазаланады
Мақат ауданының әкімі Азамат Мәмбетов көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелері заң бойынша кондоминиум ортақ мүлкіне жататынын және барлық пәтер иелеріне ортақ үлесте екенін айта келіп, алдағы уақытта жертөлелерді демеушілікпен тазарту жоспарда бар екенін жеткізді. Жұмыстардың нақты қашан басталатынын нақты айтқан жоқ.
Бұл ретте кәріз суларын сорып алу құбырлардағы ақауды жоймайды, ал су ғимараттардың астына төгіліп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, қабырғаларында жарықтар пайда болған үйлердің іргетасы мен қабырғаларының жағдайы да ашық күйінде қалып отыр.
Жылдар бойы жасаған шағымдарынан нәтиже шықпаған тұрғындарға енді кезекті біржолғы тазалау жұмыстары ұсынылып отыр. Коммуникацияларды жөндеуді кім өз мойнына алатынын және үйлердің қауіпсіздігін кім тексеретінін билік өкілдері әлі түсіндірген жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет пен видеоны түсірген автор
В Атырау +16.7