
Атырау облысының үш ауданында жалпы жобалық құны шамамен 4,8 млрд теңге болатын 320 пәтердің құрылысы бірнеше жылға созылған сот дауына ұласып, аяқталмаған ғимараттардың қирауына және бюджеттен қосымша қаржы жұмсауға дейін жеткізді. Оның үстіне, екі аудандағы даулы нысандардың құрылысын бір компания жүргізген.
Аққыстау: үш үйді сүріп тастауға ұсыныс берілді
Исатай ауданы Аққыстау ауылында 2019 жылы 60 пәтерлік 3 үйдің (180 пәтер) құрылысын да "ДанСтройБазаЛТД" ЖШС жеңіп алып, 2023 жылы толық бітіріп, пайдалануға берілетіні келісім шартта көрсетілген. Жалпы құны 2,9 млрд теңгеге бағаланған үш үйдің құрылысы басталғанымен бірнеше жылдан жалғаспай, тұралап тұрып тұр. Айналғанда мамандар құрылыстан бірнеше ақаулықтар тауып, сапасыз салынғанын мәлімдеді.
Бұл жөнінде ҚазНИИСА-ның 2026 жылғы 30 маусымдағы №132 техникалық қорытындысы дәлел болады. Онда 60 пәтерлік 3 тұрғын үйдің жертөле қабаттарындағы ФБС блоктарынан қабырға конструкциялары 5 техникалық санатқа, яғни апаттық жағдайға (құлауға) жатқызылған.
Техникалық қорытынды бойынша үйлерді толық демонтаждау ұсынылған. Ауданда болған сапарында облыс әкімі Болат Ақшолақов үйлердің бұзу жөнінде ұсыныс берілгенін мәлім етті. Исатай ауданы әкімі Нұрболат Мусин бүгінде осы үйлер бойынша құқық қорғау органдары тергеп-тексеру жұмысын жүргізіп жатыр деді.
Осылайша, құрылыс басталғаннан кейін жеті жыл өтсе де, аудан уәде етілген 180 пәтерге қол жеткізе алмай қалуы мүмкін. Оның үстіне, құрылысына миллиардтаған теңге бөлінген ғимараттардың өзі де қирап, жарамсыз күйге түсу қаупі бар.
Мақат: іргетастағы ақау мен жаңа шығындар
Мақат кентінде 3 қатарлы 60 пәтерлік үйдің құрылысы 2021 жылдың 7 шілдесінде басталған болатын. Құрылыстың жалпы құны 865 млн 411 мың теңгеге бағаланған. Осының 574 млн 662 мың теңгесі игерілген. Жалпы айтқанда "ДанСтройБаза ЛТД" ЖШС үйдің шатырына дейін жауып, кейін құрылыс мүлдем тоқтаған.
Қалқиып тұрған құрылыстың 50 пайызы ғана жасалып, есік, терезе, ішкі сылау, сыртқы, т.б. жұмыстарына қол тиместен қалды. 2023 жылдың 31 желтоқсанында тапсырысшы, аудандық құрылыс бөлімі міндеттемелерін уақытында орындамай, құрылыс жұмысын тұралатқаны үшін келісім шартты бір жақты бұзып тастайды. Бұдан кейін ұзақ соттасулар жүреді, 2024 жылдың 29 қаңтарында тапсырысшы мердігерді Атырау облысы бойынша мамандандырылған экономикалық сотқа беріп, жосықсыз қатысушы деп тану жөнінде талап арыз бергенімен ол қанағаттандырылмайды.
2024 жылдың 21 ақпанында тағы соттасып, мердігерден тұрақсыздық айбы 12 млн 555 мың теңгені өндіріп алады.
Бұдан бөлек ЖШС-тен 2021 және 2022 жылы артық төленген 193 млн 487 мың теңге тұратын тауарлық-материалдық құндылықты кейін қайтару жөнінде талап арыз жолданып, 4 ай ішінде кейін қайтаруға медиациялық келісіммен міндеттеледі.
Бұдан бұрын "АЖ" тілшісіне аудан әкімшілігі үйге байланысты түзетулер енгізіліп, жаңа мердігер анықталатынын айтқан болатын. Алайда көп өтпей іргетастан жарықтар пайда болып, бұл жауаптарын өзгертуде.
— Қазіргі таңда аталған тұрғын үйдің іргетасының жарықтары көбейіп кетіп отыр. Осыған байланысты қайта техникалық зерделеуді қажет етуде. Техникалық зерделеу жүргізу үшін облыстық бюджеттен 40 478, 0 мың теңге бөлініп, авторлық қадағалау мекемесімен жобаға түзетулер жұмыстары жүргізілуде, — дейді аудан әкімі Азамат Мәмбетов.
Осылайша, бюджеттен жүздеген миллион теңге жұмсалғанына қарамастан, аяқталмаған ғимаратты техникалық тексеруден өткізуге қосымша қаржы бөлінді. Енді құрылысты жалғастыру мүмкіндігі осы тексерудің қорытындысына байланысты болмақ.
Индербор: үйдің төбесі жабылмағанына үш жыл болды
Индербор кентінде 2021 жылы басталған 80 пәтерлік үйдің құрылысы да тоқтап тұр. Бұл обьектіні "ОңдасынСтрой" ЖШС (құны 1 млрд теңгеге жуық) жеңіп алып, мамандардың айтуынша құрылыстың 75 пайызын атқарғаннан кейін жұмысы маңдымай тұрып қалған. Айналғанда үйдің төбесі жабылмастан қалды. Үш жылдан бері жауын-шашын үйдің ішкі бөліктерін бүлдіруде.
2023 жылы мердігер ұйым банкротқа ұшырап, одан кейін басталған сот процестері құрылысты аяқтау мәселесінің шешілуін одан әрі созды.
Бірнеше жыл бойы аудандық құрылыс бөлімі жобаны түзетіп, жаңа мердігерді анықтау қажеттігін айтып келгенімен, бұл жұмыстардың қайта басталуына сеп болған жоқ. «АЖ» тілшісінің үйдің алдағы тағдыры туралы сауалына Индер ауданының әкімі Серік Нысанбаев жауап берді.
— Қазір құжаттар мен есеп-қисаптарды тексеруге тиіс облыстық бюджеттік комиссияның оң қорытындысын күтіп отырмыз. Одан кейін құжаттарды мемлекеттік сараптамаға жолдаймыз. Оны қарау мерзімі — екі ай. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы негізінде облыстық бюджеттен қаржы сұраймыз. Қаражат бөлінген соң мемлекеттік сатып алу конкурсын өткіземіз, — деп түсіндірді аудан әкімі.
Әкімнің жауабынан түсінгеніміздей, құрылыс басталғанына бес жыл өтсе де, жоба қаржы бөлініп, мердігерді таңдау конкурсы жарияланғанға дейін тағы бірнеше келісу кезеңінен өтуі керек. Ал құрылыс жұмыстарының нақты қашан қайта басталатыны әзірге белгісіз.
«Сақалды» құрылыстар үшін кім жауап береді?
Үш ауданда да құрылыс тапсырысшылары аудандық құрылыс бөлімдері болды, олар келісімшарт міндеттемелерінің орындалуын және жүргізілетін жұмыстардың сапасын бақылауға тиіс еді.
Мақат пен Аққыстауда төрт үй салған «ДанСтройБаза ЛТД» ЖШС-не қатысты жағдай ерекше назар аударуды талап етеді. Бірінші жағдайда мердігер іргетасындағы жарықтар саны күн санап артып жатқан аяқталмаған ғимаратты қалдырып кетсе, екінші жағдайда мамандар конструкциялардан өте күрделі ақауларды анықтағаны сонша, үш үйді толығымен бұзып тастауды ұсынды.
Үш аудандағы бес үйдің жалпы жобалық құны шамамен 4,8 млрд теңгені құрайды, дегенмен әрбір нысан бойынша нақты игерілген сомалар әртүрлі. Бұл ретте құрылысты аяқтаудың орнына бюджет қаражаты техникалық тексеруге, жобаларды түзетуге, бәлкім, жұмысты жалғастыруға қайтадан талап етілуде.
Аудандық билік құжаттарды келісумен және қаржы көздерін іздеумен айналысып жатқанда, тұрғындар жылдар бойы баспана күтуді жалғастырып келеді, ал құрылысты бақылап, кемшіліктерді уақытында жөндеуге тиіс лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі туралы мәселе ашық күйінде қалып отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор
В Атырау +22.5