Ауыл шаруашылық өнімдері жәрмеңкесінің сатушылар саны мен өнім түрлері көбейіп келеді. Ол екі аптадан бері «Мұнайшы» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің алдындағы алаңда сауда көрігін қыздыруда.
Бұл жер шынымен де өте жақсы таңдалыныпты. Жанында соңғы «Жилгородок» аялдамасы бар. Өз көліктері барларға «Ағила» сауда үйінің жанынан гөрі, сол жерге көліктерін қойған қолайлы. «Ол жерден бізге азғана алаң бөлгендіктен көкөністерді шағын фургон көлігімен әкеліп жүрген едік. Ал бұл жерде орын көбірек. Тауарды жүк машинасымен тасып жүргенімізге екінші апта болды», - деп әңгімелейді сатушы Есен. «Жилгородоктағы жәрмеңкеге қатысатын ауыл шаруашылығы өндірушілері мен көтерме қоймалардың саны 20-дан 30-ға дейін көбейді», - деп растады қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА. Жергілікті ауыл шаруашылық өндірушілері наурыз айымен салыстырғанда азайған. Ерте көктемде олар өткен жылдың өнімдерін сатқан. Енді ол біткесін, әзірге жаңасы болмай жатыр екен. Н.Қайсағалиеваның айтуынша, кешікпей жәрмеңкеде өзіміздің жылыжайдың көкөністері пайда болмақ. «Мен Бейбарыстың сатушыларынан сәбіз бен жуа сатып аламын ғой деп ойлап едім, олар жоқ екен ғой,- дейді сатып алушы Айнұр апа. - Өткен жолы әуелі шымкенттік сәбіз бен жуаны сатып алған едім. Өзіміздің көкөністерді содан соң ғана байқадым. Салыстырып көрейін деп оны да ақшамды аямай сатып алдым. Оңтүстіктің сатушысынан алған жуам ылғалдау болды. Оны кептіріп қойған едім, көктеп кетті. Ал өзіміздің жуа әлі де тығыз, балғын күйде. Сәбізіміз де лас болғанына қарамастан өте дәмді боп шықты. Лас болатын себебі – оны құрғақ сазда сақтайды екен. Мұны маған сатушылар түсіндірген еді».
Жергілікті көкөніс өсірушілердің уақытша жоқ болғанына қарамастан, картоп пен жуаның тапшылығы сезілмейді. Машиналарда пәкістандық, жамбылдық, оралдық картоптар сатылуда. Жуа еліміздің оңтүстік аймағы мен Өзбекстаннан әкелінген. «Асыл-агро» кәсіпорнында картоп 80 теңгеден, жуа 95 теңгеден, пәкістандық картоп 100 теңгеден, жуа 120 теңгеден сатылуда. Сатып алушылар жаңа піскен қиярлар мен қызандарды 250 теңгеден алуда. Ал олар базарда 400 теңге тұрады. Алғашқы жәрмеңкелерде сатып алушылар көкөністерді 10 келілік тор қапшықтармен сатып алатын еді. Әр машинаға кезек тізіліп қалатын. Қала тұрғындары сайлаудан кейін «сөрелерді» жауып тастайтындығына сенімді болатын. Алайда жәрмеңкелер тұрақты өтіп, адамдар енді 2-3 келіден сатып алатын болған.
Ет пен балық кеңінен сатылуда. Балық «Амангелді» және «Ракуша» селоларынан әкелінеді. Етті «Асыл-Агро» кәсіпорны жеткізеді. «Бұл жерде бастысы алғашқылардың қатарында болу, сонда жақсыларын таңдап алуға болады», - деп өз тәжірибесімен бөлісті Зоя апа. Ол екі ересек ұлымен бірге үнемі жәрмеңкеге барып тұрады. Шынымен де, сағат 10.30-ға қарай ет сатып жатқан алғашқы машинада тек өте майлы ет кесектері мен сүйектер ғана қалған екен. Ал алі ашылмаған екінші машинада кезек толып қалған. Зоя апа ертерек келіп, майсыз әрі сүйексіз екі ірі кесек етті сатып алыпты. Базарда мұндай ет кесегінің келісі 1,5 мың теңге тұрады. Ал бұл жерде 500 теңгеге арзан.
Жәрмеңке саяжай иелеріне де ұнаған. Олардың сату көлемін, әрине, басқа жақтан келген саудагерлердің сауда айналымымен салыстыра алмайсың. Алайда «жергілікті тауар» деген сөз тіркесі сатып алушыларға сиқырдай әсер етеді екен. Менің көзімше жас қыз жарты сағат ішінде бір қапшық шалғам мен көк жуаны сатып жіберді. Көкөніс жетпегендерге бір аптадан соң әкелуге уәде берді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА