
Астанада бірнеше автокөлік өртенген оқиғада қатты зардап шеккен адам туралы белгілі болды. Көлік иелерінің бірі өте ауыр күйік жарақаттарымен жансақтау бөлімшесіне түскен.
Зардап шеккен астаналықтың жағдайы туралы Threads әлеуметтік желісінде оның әпкесі Айгерім баяндады.
«Бұл қайғылы оқиғада інім қатты зардап шекті. Қазір ол күйік орталығының реанимациясында өте ауыр жағдайда жатыр, денесінің 50 пайызын — бетін, басын, қол-аяғын, арқасын күйік шалған», — деп жазды туысы.
Оның айтуынша, өрт өзге біреудің көлігінен басталып, қызыл жалын санаулы уақытта інісінің Hyundai Elantra автокөлігіне тарап кеткен. Ер адам көшеге жүгіріп шығып, өз көлігін аман алып қалу мүмкін емес екенін түсінген соң, әлі өртене қоймаған көршінің Lada Priora автокөлігін шетке шығаруға ұмтылған.
Қою түтіннің кесірінен көлік иесі қасында тұрған машинаны байқамай, оған соғылған. Осы сәтте ол өрттің ортасында қалып қойды. Аман қалу үшін ер адамға лаулаған жалынды жарып өтуге тура келді — үстіндегі киімі мен аяқ киімі толығымен өртеніп кеткен.
Ресми мәліметтер
Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Zakon.kz басылымына ер адамның реанимацияда жатқанын, оның жағдайы ауыр деп бағаланып отырғанын растады.
Елордалық Полиция департаменті төтенше оқиғаның анық-қанығы мен алдын ала себебін хабарлады:
«Алдын ала мәліметтер бойынша, автокөліктің бірінде электр сымдары қысқа тұйықталып қалған. Нәтижесінде төрт көлік толық өртеніп кетті, тағы бір көлік қатты зақымданды», — деп түсінідірді ведомстводан.
В Атырау +20.1