
Атыраудың қақ ортасында, Жайықтың оң жағалауындағы орталық көпірдің жанында ерекше шағын автобус тұрды. «Ақ Жайық» тілшісі автоүйдің иелерімен танысуға барды.
Оның шанағында жазылып тұрған #кудавыжлунамылил хэштегіне өтіп бара жатқандар еріксіз назар аударады.

Алдымыздан қолын орамалмен сүртіп, шашы ашық түсті Стася Аникина шықты. Сәл әріректе оның күйеуі Максим көгалда қызыл төбетпен ойнап жүр екен.

Ерлі-зайыптылардың жасы 36-да, төрт дөңгелекті үйде тұрғанына екі жыл болған.
Басында Укроп болды
Автобустағы жазудың сыры тез шешілді. Выжла, немесе мажар легаваясы — олардың лақап аты Укроп деген жеті жасар итінің тұқымы.
— Адамдар жиі «выжла» сөзін түсінбей: «Лыжа ма?» деп қайта сұрайды, — деп күледі Стася.

Ерекше лақап аты да кездейсоқ қойылмаған. Осы тұқымды асырайтындардың ережесі бойынша, әр күшікке атауы белгілі бір әріптен басталатын лақап ат берілуі тиіс. Укропқа «У» әрпі бұйырған.
Иттер Стасяның өмірінде ерекше орын алады, сондықтан ол жаңа қалада қарапайым туристтің назарына түсе бермейтін нәрселерді байқайды. Мысалы, Атырауда оны мысық тамағының барлық дерлік жерде кездесетіні, ал итке арналған үйреншікті азықты іздеуге тура келетіні таңғалдырған.
Өмірді өзгерткен бір сапар
Автоүйде тұру ойы ерлі-зайыптыларда 2021 жылы пайда болған. Ол кезде олар петерборлық шеберден Peugeot Jumper базасында қолдан жасалған кемперді жалға алып, солтүстікке жол тартқан.
Он күн ішінде олар Медвежьегорск пен Петрозаводскіде болып, Хибины тауларын, Ақ теңізді көріп, Баренц теңізінің жағалауындағы Териберкаға дейін жетіп үлгерген.
Кемпердегі әдеттегі демалыстың аз екенін түсіну үшін осы сапардың өзі жеткілікті болды. Осылайша олардың жеке автоүйі пайда болып, бұрынғы қалыпты өмірі біртіндеп артта қалды. Екі жыл ішінде ерлі-зайыптылар Қалмақ, Кавказ, Сочи, Краснодар, Дондағы Ростов, Қазан, Удмуртия, Башқұртстан мен Оралды аралап шықты. Қыста оңтүстікке жақынырақ болуға тырысады: автоүйді сақылдаған сарышұнақ аязға төтеп беретіндей толық жылы қаптап алу оңай емес. Қазақстан олардың дөңгелекті үйлерімен шыққан алғашқы шетелдік ел болды.
Жұмыс, ас үй және жатын бөлме — бірнеше шаршы метр жерде
Автобустың ішіне кіргенде, бірнеше шаршы метрге толыққанды өмірді сыйғызуға болатынына сену қиын. Мұнда жатын орындар, ас үй, жұмыс аймағы, көптеген сөрелер мен органайзерлер бар, ал бөлек есіктің артында әжетхана орналасқан.
Максим IT саласында жұмыс істейді және қашықтан әдеттегі бес күндік кесте бойынша еңбек етеді. Сондықтан ерлі-зайыптылар алыс сапарларды көбіне демалыс күндеріне немесе еңбек демалысына жоспарлайды.
Біздің әңгіме барысында ол жақын маңдағы мейрамханаға ноутбугімен жайғасып, жұмыс күнін жалғастырып жатқан еді. Стася өзін «сегіз қырлы, бір сырлы адам» деп атайды. Автоүйге көшкенге дейін ол маникюр шебері және визажист-стилист болып жұмыс істеген, бірақ көшпелі өмір салты оны толығымен қайта бейімделуге мәжбүр етті. Қазір ол суретке түсіреді, сурет салады, блог жүргізеді және бейнемонтажбен айналысады.
Жолда жүріп те табыс табуға болады. Стася кенепке және акварель қағазына үй жануарларының портретін салады, үй жануарларының кішкентай бейнесі бар брелоктар мен мекенжайлық белгілер жасайды. Арғы бетінде иесінің нөмірін көрсетеді де, дайын жұмысты ылғалдан әрі зақымданудан қорғау үшін эпоксидті шайырмен қаптайды.
Түскен тапсырыстардың ішінде өте әсерлісі де болады. Бірде ол итінен айырылған бойжеткенге «Сен мәңгі менің жүрегімдесің» деген жазуы бар естелік брелок жасап берген. Укроп та иесінің өз қолымен жасаған мекенжайлық белгісін тағып жүр. Табыстың тағы бір көзі — фотосток. Бірақ мұнда да оңай келген ақша жоқ: Стасяның айтуынша, алғашқы он центті шамамен бес жүздей суретті жүктегеннен кейін ғана табудың сәті түскен.
Қазақстан: жанарың тынығатын кеңістік
Саяхатшылар Қазақстанға Орал арқылы кіріп, одан әрі Маңғыстау облысына бет алған. Бозжыра мен Шерқаланы көріп, содан кейін Атырауға қарай бұрылған.
Жол-жөнекей Индерддегі Тұздыкөлге жеткен. Су бетінде дрон ұшырып, онда шағылысқан аспанды түсірген және осы жердің аты шыққан күкіртсутекті батпақты көрген. Бірақ табиғаттан алған әсерге тура аяқ астында жатқан нәрсе көлеңке түсірген: көл жағасынан саяхатшылар туристер қалдырған көп қоқысты байқап, бұл туралы өздерінің видеоблогында бөлек айтып өткен.
Батыс Қазақстан жалпы олар елестеткеннен мүлдем басқаша болып шықты. Ерлі-зайыптыларды бәрінен де бұрын қашықтық пен дала таңғалдырған.
— Жолда келе жатасың, айналаңда жүздеген шақырым бойы ештеңе жоқ. Не ағаш, не қала көрінбейді. Жалт-жұлт еткен көріністерден көзің тынығады, — дейді Стася.
Мұндай кеңістіктің екінші жағы да бар. Елді мекендердің арасы ондаған және жүздеген шақырым болғанда, жанармайды алдын ала есептеп, май құю станцияларын қадағалап отыруға тура келеді. Саяхатшының айтуынша, Қазақстанның өзі саяхаттау үшін өте жайлы болып шыққан. Тілдесу бойынша кедергі аса жоқ, ал қазақ тілі оған сондай қатты ұнаған, бірақ Стася әзірге ештеңе түсінбейтініне өкінетінін бірнеше рет қайталаған.
+45 градус ыстықтағы еркіндік
Күннің батуы, иен жолдар мен автоүйдің әдемі фотосуреттері шексіз демалыс сезімін қалыптастырады. Бірақ ерлі-зайыптылардың өздері «вэнлайфты» артық романтизациялауға бейім емес.
Алғашқы жыл олар үшін өте ауыр болды. Тарлық етті, ыстық, тұрмыстық ақаулар және үнемі бірдеңені жөндеу қажеттілігі саяхатшыны тез арада шынайы өмірге қайта әкеледі.
Автоүйлерге арналған мамандандырылған сервисті табу қиын, сондықтан ақаудың басым бөлігін Максимнің өзіне жөндеуге тура келеді.
Ең ауыр сынақтардың бірі Дағыстанда болды. Сырттағы температура +37 градусқа дейін көтеріліп, көліктің ішінде +45 градусқа жеткен. Кондиционер шамасы келмей, ескі компьютер қызып кетіп, қатып қала берген, жөнді жұмыс істеу де мүмкін болмады. Стася шаршағаннан әрі ыстықтан кейде көзіне жас алатынын еске алады.
Оларды Каспий құтқарды: ерлі-зайыптылар теңіз жағасында тұрып, күніне бірнеше рет суға түсіп жүрді. Бірақ аптап ыстық ең қауіпті оқиға емес еді.
Бірде түнде Дағыстандағы таулы бұралаң жолда автобустың дөңгелегі жарылған. Көлік құздың шетінде дерлік тоқтап, тар жолда жанынан өтіп жатқан әрбір көліктен сескеніп, дөңгелекті тас қараңғыда ауыстыруға тура келді.
Сочиде одан да қорқынышты жағдай болды: тік ылдида ауыр көліктің тежегіші істен шықты. Дөңгелектер қопсытылған қиыршықтасқа батып, автоүй тоқтағанның арқасында ғана қайғылы оқиғаның алды алынды.
Тышқандар және күтпеген жолаушылар
Жол үстіндегі өмірде белгілі бір уақыт өткен соң күкішпен еске алынатын оқиғалар да бар. Бірде ерлі-зайыптылар «сұр су» деп аталатын, раковина мен душтан шыққан қалдықтар жиналған бакты жабуды ұмытып кеткен. Жағымсыз иісті сұйықтық тура салонға жайылып кетіп, демалыстың орнына заттарды шұғыл түрде құтқаруға және көлікті жууға тура келді.
Тағы бірде автоүйде тышқандар пайда болды. Шақырусыз қонақтарды пластикалық қоқыс шелегінің көмегімен ұстап, кейін басқа өңірлерде бостандыққа жіберіп отырды — осылайша кеміргіштер де еріксіз ел аралап саяхаттады. Ал бірде жол оларға мүлдем өзгеше жолаушы сыйлады. Сочидегі қаңтарылған тұрақта ерлі-зайыптылар тасталған ағылшын кокер-спаниелін тауып алды. Оны онда қалдыра алмады: өздерімен бірге алып кетіп, Оралға дейін жеткізіп, соңында оған жаңа қамқор отбасы тапты.
Үй — мекенжай емес
Атырауға саяхатшылар дүйсенбіде келіп, бірнеше күнге аялдады. Жұма күні кешке қайтадан Астрахань бағытына жолға шығуды жоспарлап отырған еді. Қарашаның басында ол жақтан олар қыстау үшін Грузияға, содан кейін Түркияға жүруді жоспарлап отыр. Одан да алыс жоспарларында — Алтай, Байкал, Сахалин және Камчатка бар. Екі жылдық мұндай өмірде Максим мен Стася үшін үй ұғымы картадағы нүкте болудан толықтай қалды. Енді бұл — жұмыс, ас үй, жатын орын, ит, Стасяның салған суреттері, Максимнің компьютері және келесі жолға қажеттінің бәрі қатар сыйып тұрған дөңгелек үстіндегі шағын кеңістік. Ал оның мекенжайы әр кез өте қарапайым анықталады: бүгін автобус тоқтаған жерде.
Айнұр САПАРОВА
Суреттерді түрірген автор және Стася Аникина ұсынды
В Атырау +10.2 






