Еліміздегі жолаушыларды әуе жолдары арқылы тасымалдау саласында тағы да мемлекетті тілге қатысты шу шықты.
"Твиттер" әлеуметтік желісінде Сәкен Майғазиевтің көмекшісі Гүлнұр Әбиділдақызы Алматы әуежайында әншінің қатысумен орын алған келеңсіз оқиғаға шағымданды.
Оның мән-жайын білмек ниетпен BAQ.KZ Сәкен Майғазиевтің өзіне тікелей хабарласты. "Әнші іштегі қынжылысын жасырмай, бүкпесіз жайып салды", - деп жазады сайт.
"Шынымды айтсам, зығырданым қайнап отыр. Мұндай сорақы, масқара жайтқа қашанғы төзуге болады? Мемлекеттік тілді менсінбейтіндер біздің "менімен қазақша сөйлесіңіз" деген талап-арызымызды "ит үреді, керуен көшедіге" балайтын сияқты", - деді ол.
Алматы әуежайының жүк көліктерін тапсыратын жерінен өтер тұста тексеріс жүргізетін әуежай қызметкерінің бірі әншіге: "Снимите ремень, а также часы", - деп сұраған көрінеді.
"Жарайды, онысын қойшы, маған әлгінің орысша шүлдірлей жөнелгені жаныма батты. Себебі, мұндай жағдайда бір емес, екі емес бірнеше мәрте болдым. Қашанғы шыдау керек", - дейді әнші.
Оның "Мен орысқа ұқсап тұрмын ба?" деген сөзіне әлгі маман "А че вы специально нарываетесь?" деп шатақ шығара бастапты.
"Жоқ, мен сізден менімен мемлекеттік тілде сөйлеуді талап етіп отырмын. Осы елде тұратын әрбір азамат қазақ тілін білуге тиісті...", - деген әншінің талабына әуежай қызметкері "Почему я должен? Я сам решаю на каком язык буду разговаривать?" деп дүрсие қоя беріпті.
"Былайша айтқанда, мемлекеттік тілді білу менің міндетім емес деді. Сөйтіп екеуміз сол арада сөзбен ұстасып қалдық. Тек арттағы адамдар басу айтқаннан кейін барып сабама түстім. Ал әлгі адамның беті бүлк еткен жоқ. Артынша соның үстінен қарайтын басшысын тауып алып, ол кісімен ашық сөйлестік. "Аты-жөні – Равиль Махмұдов, қазақ емес" деп ақталған болады. Менің оның қай ұлттың өкілі екендігінде шаруам жоқ. Жарайды, Тәуелсіздік алғанымызға екі жыл болса түсінемін. 22 жыл бойы қақсап келеміз ғой. Сол кезден бері бүтін бір ұрпақ өсіп жетілді. Мен әлгіден сол арада қазақтың тарихын айтып беруді болмаса қазақша өлең оқып беруін сұраған жоқпын ғой! Бар болғаны:
"Сәлеметсіз бе? Белдігіңізді, сағатыңызды шешіңіз. Өте беріңіз" деген екі ауыз сөзді жаттап алса, аузы қисайып қала ма? Қалай болғанда да мемлекеттік тілге мұрнын шүйіре қарайтындарға қатысты қатаң шара қолдану керек. Осыны айтсам, маған қолдау көрсетудің орнына өнерде жүрген кейбір әріптестерім "қайтесің басыңа бәле тілеп" дегендей қылады. Ал Астанаға көңілім құлазып жеттім", - деп аяқтады сөзін тіл жанашыры.
Дереккөз: NUR.KZ