Атырау, 28 қыркүйек 19:52
 дождьВ Атырау +22.1
$ 441.88
€ 503.61
₽ 5.24

Қазақстан велосипед спорты федерациясы Үндістанда іздеуде жүрген бапкердің ісіне қатысты мәлімдеме жасады

88 рет қаралды

Қазақстан велосипед спорты федерациясы бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желіде қазақстандық маман Мақсат Аязбаев туралы тарап жатқан ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

Федерация өкілдерінің хабарлауынша, соңғы жылдары Аязбаев үндістандық тараппен жасалған келісімшарт бойынша Қазақстаннан тыс жерде кәсіби қызмет атқарып, Үндістанның велосипед спорты бойынша ұлттық құрамасын дайындаумен айналысқан.

«Қазіргі уақытта Мақсат Аязбаевтың Қазақстанның ұлттық құрамасына ешқандай қатысы жоқ», — деп баса айтты федерацияда.

Ұйым мәліметінше, жарияланымдарда айтылған оқиғалар маманның үндістандық тараппен жұмыс істеген кезеңінде Үндістан аумағында болған. Қазіргі уақытта бұл мән-жайларды осы елдің құқық қорғау органдары қарастырып жатыр.

Федерация хабарлағандай, Үндістанның құқық қорғау органдары ресми тергеу жүргізіп, қылмыстық іс қозғаған. Үндістанның Велосипед спорты федерациясы тексеру аяқталғанға дейін Аязбаевтың қызметін тоқтатып қойды. 

Қазақстан велосипед спорты федерациясы тергеудің мән-жайы бойынша пікір білдіруге негіз жоқ екенін және Үндістанның құзыретті органдарының ресми ақпаратына сүйенетінін мәлімдеді.

«Ресми тергеу аяқталып, істің барлық мән-жайы анықталғанға дейін мерзімінен бұрын қорытынды жасамауды және баға бермеуді дұрыс деп санаймыз», — делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ федерациядағылар нақты бір адамның әрекетін Қазақстанның ұлттық велосипед спорты мен құрама командасының қызметінен бөліп қарауға шақырды.

Онда тұлғаның кінәсі тек тергеу мен сот талқылауының қорытындысы бойынша заңда көзделген тәртіппен ғана анықталуы мүмкін екені еске салынды.

Бұған дейін Үндістанның Пенджаб штатында полиция велосипед спортынан 34 жастағы қазақстандық бапкер Мақсат Аязбаевқа іздеу салғаны хабарланған еді. Ол кәмелетке толмаған спортшы қызды зорлады деген күдікке ілінді.

Бүгін, 18:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.