Атырау, 23 қыркүйек 11:27
 дождьВ Атырау +19.1
$ 447.85
€ 513.46
₽ 5.31

Есболда бос тұрған 70 орындық интернат өнер мектебіне берілуі мүмкін

Сурет
54 рет қаралды

Индер ауданы Есбол ауылындағы 70 орындық интернат жатақханасының бір жақ бөлігі қаңырап бос тұрғанына көп болды. Өйткені даңғарадай ғимаратта бала саны азайған.

Интернат Жамбыл атындағы орта мектепке қарайды. Ғимарат 2015 жылы шалғайдағы малшылардың балаларына арналып салынған. Бірақ оқушы саны толығып көрген емес, жыл сайын азайып келеді. Бастапқыда - 40, 2024 жылы 10 оқушыға дейін кеміген. Өткен жылы - 15, биылғы оқу жылында 18 оқушы тартылған. Оның 10-ы Есболдағы шалғайдағы қыстақтағы малшылардың балалары болса, Индербор кентінен, Бөдене ауылынан, тіпті Атырау қаласынан да оқушылар бар. Олар - осал топтағы отбасынан келгендер. 

Кезінде бала саны азаюына байланысты интернаттың бос копусында кітапхана, саз сыныбы болған. Олар  жаңадан пайдаланылуға берілген мәдениет үйіне көшіріліпті. Оған да бірнеше жыл болды. 

Ғимаратта бос бөлме көп, корпустың бір жақ бөлігі пайдаға асудан қалған. Бірақ қыс кезінде жылу ғимаратқа түгел беріледі. Айына мектеп пен интернаттың жылуына 1 млн 200 мың теңге жұмсалады, себебі есепшот бірге есептеледі.  

Интернатта 20 қызметкер жұмыс істейді. Қыс кезінде жылуды қадағалаушы 4 оператор қосылады. Бала санына қарағанда қызметкерлер саны басым, бірақ олардың атқаратын қызметтері әртүрлі. 

Пайдаланылуға берілгеніне 11 жыл болған интернат жатақханасы бүгінде күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. 

Интернаттың шаруашылық ісі жөніндегі меңгерушісі Дариғаш Сариеваның айтуынша, интернаттың күйі күннен-күнге нашарлап бара жатыр. Жарықтың дұрыс болмауынан шамдар жанып кетіп, жиі ауыстырамыз. Оның үстіне терезе жақтаулары, қабырғалар, кафелдер өздігінен қақ айрылып жатыр. Биыл жәй жөндеуге мектеппен бірге қаржы бөлініп, сылап қалыпқа келтіргендей болдық. Есіктер ескіріп, алмастыруды қажет етіп тұр. Жалпы қанша сылап-сипағанымен, іргетастар отырып кеткен.

Интернат жатақханасының жобасына қажетті қаржы керек. Бала санының азаюына байланысты бұл жатақхананың болашағы бар ма деген сұрақпен аудандық білім бөліміне хабарластық. 

Аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша Ділмұқашева Есбол ауылынан 100 орындық өнер мектебін салдырғымыз келіп облыстық білім басқармасына хат жібердік деп отыр. Биыл қолдау таппаса интернатты пайдалану ойда бар екен. 

Ділмұқашеваның айтуынша, бұл жерде санэпидстанция қызметінен рұқсат алу керек. Әзірге нақты шешілген жоқ. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор


Бүгін, 10:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.