
Құлсарының орталық көшелерінің біріндегі көпір құрылысы бір жылдан астам уақытқа созылып кетті. Осы уақыт ішінде объект екі мердігерді және бірнеше тапсыру мерзімін ауыстырды, ал енді оны аяқтау үшінші компанияға жүктелмек.
Әңгіме аудандық әкімдік ғимараты жанындағы Ө.Әбдірахманов көшесіндегі көпір туралы болып отыр. Нысанның өзіндік ұзындығы 25 метрді, екі жағындағы кіреберіс жолдарымен қоса алғанда 158 метрді құрайды.
Қала үшін бұл учаске өте маңызды: көше Құлсарының орталығында орналасқан, ал созылып кеткен жұмыстар көптен қозғалысты қиындатып тұр. Тұрғындар үнемі кептеліс болатынына шағымданып, құрылыстың әлі қаншаға созылатынын сұрайды.
— Неге көпір құрылысы созылып кеткен? Алдымыз жауын-шашын, арты қыс. Өткен жылдан бері көлік кептелісі, бұл не бітпейтін құрылыс? Соттасып жатырмыз дейді, бітпейтін не сот, сонымен уақыт оздырып отыр. Аудан әкімшілігі дәрменсіз, ал мердігерлер өз білгенін жасап жатыр. Уақытында қадағалап, жауапкершілік танытқанда, дәл осындай күйге жетпес еді, — дейді редакцияға хабарласқан тұрғындар.
Жаңа көпірді 2024 жылғы су тасқынынан кейін салу туралы шешім қабылданған. Құрсай арнасы арқылы өтетін ескі өткел тозған және судың өтуіне кедергі келтірген еді.

Жұмыстар 2025 жылғы 10 маусымда басталды. Нысанды сол жылдың 10 қазанына дейін аяқтау жоспарланған болатын. Жобаның құны 303 млн теңгені құрады, ал мердігер болып «МарсСтрой» ЖШС танылды.
Дегенмен компания өз міндеттемелерін орындай алмай, тек 40 млн теңгеге жуық қаражатты ғана игерді. Тапсырыс беруші — аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бірнеше ескертуден кейін Атырау облысаралық мамандандырылған экономикалық сотына «МарсСтрой» ЖШС-ын мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап арызбен жүгінді. Компаниямен жасалған шарт біржақты тәртіппен бұзылды.
Құрылысты жалғастыру «БУКА» ЖШС-на тапсырылды. Компания нысанды 2026 жылғы 1 шілдеге дейін аяқтауға міндеттеме алды.

Бірақ бұл мерзім де бұзылды.
Бұған дейін Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова бұл кешігуді мердігердің балкаларға тапсырыс беріп, олардың жеткізілуін күтіп отырғанымен түсіндірген еді. Конструкциялар алынғаннан кейін, оның айтуынша, жұмыстар белсенді қарқынмен жалғасуы тиіс болатын.
Бірақ бұлай болмады. «БУКА» ЖШС кестеден кешігіп, нысанды белгіленген мерзімде аяқтамады, осыдан кейін компаниямен келісімшарт та бұзылды.
Енді көпірді үшінші мердігер — «Pipeline Construction Group» ЖШС аяқтайды. Редакцияға хабарлағандай, компания келесі аптада жұмысқа кірісуі тиіс.

Оған жобаның құны 180 млн теңгеге жуық қалған бөлігін орындау жүктеледі.
Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бекет Бозжігітов «АЖ» басылымына арна бөлігіндегі жұмыстар толығымен аяқталғанын хабарлады. Жаңа мердігер келесі аптада нысанға шығуы тиіс, ал аудандық әкімдік құрылысты 2026 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет пен видеоны түсірген автор
В Атырау +29.3