
«ҚазАвтоЖол» айналма жол салып жатқанда, жүк көліктерінің бірқатары қолайлы жолмен жүру үшін ауылдың ішіне кіреді. Енді билік тыйым салатын белгі орнатып, бұл көлік ағынын елді мекеннен айналып өткізуді көздеп отыр.
Мұқыр ауылы тұрғындары жол төсемінің жұқа екенін айтып, ауыр жүк көліктерінің қозғалысы ауыл ішіндегі жолдың тез бүлінуіне әкелуі мүмкін деп алаңдайды.
– Бұлар салынып жатқан жолды Атырау-Ақтөбе трассасына апарып жалғау керек еді ғой. Бірақ олай етпеді. Мұқырдың ішіндегі жолға қоса салды. Ал ауыл ішіндегі жол жеңіл көліктерге ғана арналған. Бір қабатты, жұқа. Қазірдің өзінде ірі машиналар жүре бастапты. Жақында төселген ауылішілік жолдың бүлініп жатқаны байқалады, – дейді ауыл тұрғындарының бірі.
Осыған байланысты «АЖ» жолды жөндеп жатқан «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС мен тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға ресми сауал жолдады. Атап айтқанда, жөнделген жолдың ауыр жүк көліктерінің қозғалысына есептелгенін және жолдың елді мекен ішінен өткізілуі қандай жобалық және техникалық негізге сүйеніп қабылданғанын сұрадық.
Бас директор С.Нусупбеков «Атырауинжстрой-АИС» кәсіпорнының бас мердігер екенін айтып, редакция сауалдары олардың құзырына жатпайтынын, жауапқа түсініктемені тапсырыс беруші «Қазавтожол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалына жолығуды ұсынған.
«Қазавтожол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Ардақ Қайреденовтың жауабына сәйкес, қазіргі уақытта KZ06-01 «Мұқыр-Құлсары» республикалық маңызы бар автомобиль жолында «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС және «СинеМидасСтрой» ЖШС мердігер ұйымдарымен орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөнделіп жатқан KZ06-01 «Мұқыр-Құлсары» жолының учаскесінде қолданыстағы жол негізін ресайклинг әдісімен нығайту, ірі түйіршікті асфальтбетон қоспасынан төменгі қабат және ұсақ түйіршікті асфальтбетон қоспасынан үстіңгі қабат төсеу көзделген.
Көлік құралдарының рұқсат етілген параметрлеріне қатысты нормативтік талап бар. Атап айтқанда, бір оське түсетін рұқсат етілген жүктеме доңғалақ түріне қарай белгіленеді және 10,5-11,5 тоннаны құрайды. Алайда нақты автомобиль жолының көтергіштік қабілеті мен есептік осьтік жүктемесі оның техникалық санатына, жол төсемінің конструкциясына және тиісті техникалық құжаттамаға сәйкес айқындалады.
Сонымен бірге Мұқыр ауылының шегіндегі автомобиль жолы учаскелері «ҚазАвтоЖол» Атырау облыстық филиалының теңгерімінде жоқ екен. Мұқыр ауылының шегіндегі жол учаскесі Атырау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының теңгерімінде.
Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев басқармаға сілтеме жасай отырып хабарлағандай, қазір «ҚазАвтоЖол» айналма жол салып жатыр, ал көліктің бір бөлігі ол аяқталғанға дейін Мұқыр ауылы арқылы өтеді.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Қызылқоға ауданы әкімдігімен бірлесіп «Жүк көлігінің қозғалысына тыйым салынады» белгісін орнатуды көздеп отыр. Шектеу айналма жол құрылысы аяқталғанға дейін қолданылады.
Оның қашан пайдалануға берілетінін «ҚазАвтоЖолдан» нақтылау қажет.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +24.4