
13 жасар Аңсар Жаңабай ауыр менингоэнцефалитті бастан өткеріп, екі аптадан астам уақыт облыстық инфекциялық ауруханада жатты. Оның анасы Әйгерім Сұлтанова емдеу кезінде бірнеше рет дәрілердің шатастырылғанына тап болғанын айтады.
Бәрі тамыздың аяғында басталған. Әйгерім Сұлтанованың айтуынша, ұлы бірнеше күн ауырып, 29 тамызда Индер аудандық ауруханасының күндізгі стационарында жатқан кезде кенеттен жағдайы күрт нашарлаған. Дене қызуы 41,4 градусқа дейін көтеріліп, денесі құрысып, өзі құсып, сандырақтап кетті.
Әйгерім бұл сәтте қажетті көмек бірден көрсетілмегенін алға тартады. Оның айтуынша, ұстама кезінде ол белгілі бір уақыт бойы ұлымен жалғыз қалған, ал бейінді мамандар кейін келген. Ол Индер аудандық ауруханасы дәрігерлерінің де әрекетін тексеруді сұрап отыр.
Сол күні Аңсар Атырауға жеткізілді. Облыстық инфекциялық ауруханада оған бактериялық менингоэнцефалит диагнозы қойылды. Әйгерім редакцияға берген денсаулығына қатысты қорытынды көшірмесінде баланың ауруханаға түскен кездегі жағдайы ауыр деп көрсетілген.

Ем-дом шаралары екі аптадан астам уақытқа созылды. Баланың жағдайы біртіндеп жақсара бастағанымен, Әйгерімнің өзі осы уақыт ішінде әр дәріні қайта тексеруге мәжбүр еткен жағдайларға бірнеше рет тап болғанын айтады.
Осындай жағдайлардың бірін ол фотоға түсіріп алған. Әйелдің айтуынша, ұлына ішінде таблеткасы бар екі жеке қалташа әкелінген, олардың әрқайсысында баланың аты-жөні және бірдей «Аспаркам» деген атау көрсетілген, бірақ ішінде сыртқы түрі мүлдем екі түрлі таблетка болған: біреуі ақ, екіншісі қызыл.
Түстердің әртүрлі болуы өздігінен қателікті дәлелдей алмайды, өйткені препараттың сыртқы түрі өндірушіге байланысты өзгеше болуы мүмкін. Дегенмен Әйгерім өзі шағымданғаннан кейін оған аурухананың бас дәрігері Нұрбек Үкібаев келгенін айтады.
— Ол мұны адам факторы деп айтты. Маған бала бұл таблетканы ішпегендіктен, оған ештеңе болған жоқ деп түсіндірді, — дейді Сұлтанова.
Оның айтуынша, іс мұнымен аяқталмаған. Емдеу кезінде ұлына басқа дозадағы препарат әкелінген, ал бірде сол сәтте алдын ала тоқтатылған дәріні салғысы келген. Редакцияның иелігінде дәрі-дәрмектердің және дәрігерлік тағайындау парақтарының фотосуреттері бар, бірақ олар бойынша медициналық қателіктің бар-жоғын өздігінен анықтау мүмкін емес.
Әйгерімнің есінде әсіресе Аңсарға курс бойынша тағайындалған иммуноглобулин препараты — «Биовенге» қатысты эпизод ерекше сақталған. Оның қолданылғаны медициналық көшірмеде де көрініс тапқан.
Сұлтанова алғашқы екі күнде құтылар тікелей балаға салар алдында ашылғанын, ал үшінші күні оған мақтамен жабылған, бұрын ашылған ыдыстарды әкелгенін айтады.
— Маған медбике дәріханада шатастырып, препаратты шприцке сорып алып, кейін оны қайтадан құтыға құйды деп айтты. Осындай бір құтыны ұлыма салды, екіншісін мен наразылық білдіргеннен кейін жаңасына ауыстырды, — дейді Әйгерім.
Редакцияның иелігінде ашылған құтының фотосуреттері бар, бірақ суреттер бойынша препараттың енгізуге қалай дайындалғанын және оның стерильділігі бұзылған-бұзылмағанын анықтау мүмкін емес.
Емдеудің аяғына қарай Сұлтановада жаңа сұрақтар туындаған. Оның айтуынша, соңғы күндері ұлы қайтадан құсып, дене қызуы сәл көтерілген, ал дәрігерлер антибиотикті ауыстыруды талқылаған. Әйгерім бұл шешімнің неден туындағанын алдымен түсіндіруді сұрап, жаңа тағайындауға келіспеген.
Бұл ретте медициналық құжаттарда емдеудің соңғы тәулігі сабырлы сипатталған. Ауруханадан шығару парағында 15 қыркүйекте консилиум өтіп, одан кейін балаға келесі күні тұрғылықты жері бойынша дәрігердің бақылауына шығу ұсынылғаны көрсетілген. 16 қыркүйекте ауруханадан шыққан кезде Аңсардың жағдайы тұрақты, дене қызуы қалыпты, емдеу нәтижесі — «жақсару» деп белгіленген.
Сонымен, редакцияға ұсынылған құжаттар баланы кенеттен ауыр жағдайда ауруханадан шығарып жіберді деп айтуға негіз болмайды. Сонымен бірге олар анасы айтқан дәрі-дәрмекке қатысты эпизодтар бойынша сұрақтарға жауап бермейді.
Ауруханадан шыққаннан кейін отбасы үшін басты мәселе оңалту (реабилитация) болды. Әйгерім ауыр дерттен кейін ұлын облыстан тыс жердегі бейінді орталықтың мамандарына көрсеткісі келді.
Оның айтуынша, көшірменің бастапқы нұсқасынан оңалту туралы ұсынымдарды көре алмаған. Сұлтанова ауруханадан кетуден бас тартып, ары қарайғы қалпына келтіру емін көрсетуді талап еткен, осыдан кейін құжат, оның айтуынша, қайта жазылған.
Соңғы нұсқада медициналық оңалту туралы ұсыным шынымен де бар, бірақ одан Атырау облыстық балалар ауруханасында өту ұсынылған. Әйгерімнің айтуынша, Индер аудандық ауруханасы кейінірек Астана мен Алматыға да сұраныс жіберген.
Сұлтанова өзі үшін қаланың аты емес, ұлын бейінді орталықтың мамандарына көрсету мүмкіндігі маңызды екенін баса айтады. Ұстама мен ауыр дерттен кейін ол дерттің қайталануынан ерекше қорқады.
— Астана болмаса, ең болмағанда Алматы болса екен. Маған онда да неврологиялық орталық бар деп айтқан. Мен ана ретінде тырыспаның қайталануынан қатты қорқамын. Баламның бастан өткергенінен кейін, мені дене қызуының сәл де болса көтерілуі шошытады. Мен оның тексеріліп, оңалтумен дәл осындай балалармен жұмыс істейтін мамандардың айналысқанын қалаймын, — дейді Әйгерім Сұлтанова.
«Ақ Жайық» редакциясы Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, балаға көмек көрсету, анасының дәрі-дәрмектердің шатастырылуы мүмкін деген мәлімдемелері, медициналық персоналдың әрекеттері және ары қарайғы оңалту мәселесі бойынша жағдайларды түсіндіріп беруді сұрады.
Алайда аталған эпизодтар бойынша басқарма мән-жайды ашып жауап бермеді. Ведомство науқастың денсаулық жағдайы, диагнозы, тексерілуі мен емделуі туралы мәліметтер жария етуге жатпайтынын айтып, медициналық құпияға сілтеме жасады.
Бұл ретте диагнозды немесе анализ нәтижелерін ашуды талап етпейтін сұрақтар жауапсыз қалды: Әйгерім Сұлтанованың дәрі-дәрмектердің шатасуы туралы мәлімдемелері тексерілді ме, мұндай жағдайлар медициналық инцидент ретінде тіркелді ме және персоналдың әрекеттеріне ішкі тексеру жүргізілді ме, белгісіз.
Қазір Әйгерім ұлын оңалту бойынша шешімге қол жеткізуді жалғастырып отыр. Ауруханада баласының қасында өткізген үш аптаға жуық уақыттан кейін, оны дәрігерлермен дауласу емес, Аңсардың ауыр дерттен кейін қайда және қалай қалпына келетіні көбірек алаңдатады.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Суретті баланың анасы ұсынған
В Атырау +23.1