Атырау, 26 желтоқсан 00:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

АҚШ-тағы кәсіптік білімнің ерекшеліктері

14 961 просмотра

Жуырда ЮСАИД бағдарламасы бойынша Қазақстанның бір топ өкілі Американың Калифорния және Невада штаттарында болып, ондағы кәсіптік білім беру жүйесімен танысып қайтты.

Соның ішінде Атыраудың кәсіптік білім беру ордаларының мұғалімдері де «Кәсіби-техникалық білім беру жүйесін жетілдіру» тақырыбы бойынша тәжірибелік тренингтерден өтті.

АҚШ ОҚУҒА КӨП ҚАРЖЫ ЖҰМСАЙДЫ

Жалпы АҚШ-та 1700 екі жылдық колледж, 600 мемлекеттік және 1800 жекеменшік төрт жылдық колледж бен университеттер бар екен.

Атырау поллитехникалық колледжі директорының орынбасары Мақсот СЕЙТҚАЛИЕВАҚШ-тың болжамы бойынша америкалық оқушылармен басқа елдердің оқушыларының аралығындағы жоғары оқу үлгерімі 2014 жылдан бастап бірте-бірте азаяды,-дей келе, АҚШ-тағы білім стандарттарының төрт артықшылықтан тұратынын сөз етті. Олар: 1. Оқушыларды мұқият колледжге және өз мансабына жетуге даярлау үшін стандарт пен бағалау критериін қабылдау; 2. Жоғары білікті мұғалімдерді мектепке шақыру; 3. Артта қалған мектептердің жағдайын өзгерту; 4. Көрсеткіштерді бақылап отыру үшін мәліметтер қорын құру.

- «АҚШ мемлекеттік оқу стандарты жоқ мемлекет. Барлық штаттардың стандарттары бір-бірінен едәуір ерекшеленеді. Мәселен, оқушының математика және жаратылыстану пән-дерінен нені оқу керектігін, білім тексерісі қалай жүретінін таңдауға және жоғарғы үлгерімінің қорытындысын өздері шешуге құқығы бар»-дейді.

Невада штатының білім жүйесі білім беру мақсаттарын барлайды. Олардың іске асырылуы жайында үкіметке кепілдеме беріп, АҚШ-тың жұмыс күшінен талап етілетін тапсырмаларды қарастырады. Невада штатында 17 аймақ, 17 аудан, 17 қамқорлық кеңесі, 17 білім департаменті бар. Әр штатта кәсіптік білімге дайындау комиссиясының федералдық қаражатын бөлетін комитет жұмыс істейді. Ол түрлі ұйымдармен келісім-шартқа отырады. Федералдық үкіметтен бөлінетін ақшаның қайда жұмсалу керектігін комитет анықтайды. Кәсіптік білім беру комитеті оқуға мұқтаждықты анықтау үшін түрлі ұйымдар мен құрылымдарға үндеу салады. Жұмыс берушілерден хабарлама алған соң, қаржыландыру мәселелерін шешеді.

АҚШ-та оқу стандарттарының ережелері білім және бизнес саласындағы кәсіпкерлермен, жұмыс берушілермен бірге жасалады. Кәсіпкерлер мен компаниялар жеке нұсқаушыларды иеленуге құқылы немесе өз қызметкерлерін колледждерге жіберіп, оның ақысын төлей алады. Невада штаты өз жұмысшыларын колледждер мен оқу орталықтарында дайындауға және қайта даярлауға әрқайсысына 1000 доллар көлемінде қаражат бөледі. Оған кез-келген жастағы адамдар қабылданады.

Қазақстандық топ Невада штатындағы 9-12 сынып оқушыларын болашақ маман ретінде даярлайтын жеті академияға бас сұқты. «Бизнес және қаржы» академиясында студенттік банк жұмыс істейді. Мұнда оқушылар клиент бола тұрып, түрлі банктік операцияларды жүргізіп, өз есепшоттарын ашып, депозитке ақша салады. Банктің өз директоры, менеджері, кассирі бар. Мұнда ақша сақтайтын сейф пен бейнебақылау іске қосылған.

 

ЖҰМЫССЫЗДЫҚПЕН КҮРЕС БЮРОСЫ БАР

Атырау поллитехникалық колледжі директорының орынбасары Мақсот СЕЙТҚАЛИЕВ пен Атырау қалалық №6 кәсіптік лицей директоры Нұрғали ТЕМІРТАШЕВТІҢ айтуынша, АҚШ-та халықты жұмысқа орналастыру бюросы бар және ол жекеменшік. Невада штатының солтүстігі бизнес пен өндіріс, денсаулық сақтау қызметкерлеріне тапшы. Ал жұмыспен қамтитын түрлі агенттіктер әр үш ай сайын ерікті түрде сұраныс білдіргендер мен анкета арқылы жұмысшы кадрлардың түрлі шаруашылық нысандарына сұрау салады. Жұмыс берушілер агенттікпен келісім-шартқа отырып, агенттікке көп мөлшерде ақша төлейді. Агенттік жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында делдал болады. Ерекшелігі – жұмысшыға агенттіктің өзі мереке күндерінің, еңбекке жарамсыздығының және бір жылғы кезекті демалыс күндерінің ақшасын төлейді. Егер жұмысшы жұмыссыз қалса, жұмыссыздарға төленетін жәрдемақының пайызын ұстап қалып, жалақысын төлейді. АҚШ-та еңбек қорлары мен Невада штатының экономикалық жағдайы жайлы толыққанды ақпарат тарататын «Еңбекпен қамту, тренингтер және зерттеулер мен талдаулар бюросы» жұмыс істейді.

 

ҚАЗАҚСТАНДА МҰҒАЛІМДЕР ЖАЛАҚЫСЫ АЗ

Атырау қалалық №6 кәсіптік лицей директоры Н.ТЕМІРТАШЕВАҚШ-тың білім жүйесі бірнеше сатылардан тұратынын айтты. «Бізде политехникалық институтта инженерлікті 4-5 жыл оқып, жоғары білім алғандар кейін Аджип секілді ірі компаниялардың оқу орталықтарында электрик мамандығын алып шыққан колледж, лицей түлектерімен бірге тағы да екі жыл оқитыны түсініксіз». Сондай-ақ, ол мұғалімдер жалақысының мардымсыздығында атап өтті. Кәсіптік лицейлерде мұғалімдер әрі десе 35 мың теңге жалақы алады. Ал АҚШ-та колледж оқытушыларының жалақысы 4000-5000 доллар. Және бұл оларға пәтер жалдауға, тамақ асырауға жетіп артылады. Болашақ маман тәрбиелеп отырған ұстаздар елімізде жалақыны көтерумен бірге, кәсіби-техникалық білім беруге қатысты заңнамалық базалар нарықтық экономикаға сай етіп өзгертілсе, бұл сала өз жұмысын жаңғырта түсер еді дейді.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

9 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.