Атырау, 7 қараша 02:38
 ашықВ Атырау -2
$ 492.14
€ 528.85
₽ 5.01

Сегіз жылғы сергелдең

3 724 просмотра

Индер ауданының түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) тапсыру үшін биыл тағы да 140 шақырымдағы Махамбет селосына баруға мәжбүр. Бұған ата‑аналар қанша қарсылық білдіргенімен сегіз жылдан бері бұл мәселеге билік басындағылар көзжұмбайлық танытуда.

Бұл жайлы  «АЖ» жылма-жыл жазып келеді. Жауыр тақырып болса да  тағы сол мәселе көлденең шығып отыр.  Биыл ауданда 395 түлек мектеп бітірмекші, оның 16‑сы «алтын белгіге», ал 1‑еуі үздік аттестатқа үміткер. Бірақ одан нәтиже шығып жатқаны шамалы. Бір ғажабы, бұл жай парламент мәжілісі депутаттарының құлағына тисе де, үкімет басындағыларға проблема көтеріп отырған ешкім жоқ. Бір кездері сенат депутаты Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ мырза бұл жай шешіледі дегенді хат арқылы индерліктерге жеткізгенде бәрі қуанысып қалып еді. Бірақ екі жылдан бері бұ да сиырқұымшақтанып кетті.

‑ ҰБТ неге ауданда өткізілмейді деген сұраққа біз де жауап бере алмаймыз. Бұл жоғарыдан шешілетін мәселе. Өзіміз де 2004‑ші жылдан бері ту‑у Махамбетке сабылудан шаршадық. Ата‑аналар қазірден бастап уайымдап, мектепке маза бермей отыр. Олардың жайын жақсы түсінеміз, алаңдаулары орынды,‑дейді Индер ауданы білім бөлімінің бас маманы Қымбат Кәрім.

Ата‑аналар алаңдайтындай қиындықтар биыл тағы қайталанатыны сөзсіз. Алдымен Жайықтың Бұқар бетіндегі екі мектеп, яғни, Махамбет, Бөдене орта мектептері үшін аудан орталығына жету әбігері бар. Екі ортадағы қырық шақырым жол істен шыққан. Ал Индер‑Махамбет аралығында 100 шақырым жол айырмашылығы қоса жатыр.

‑Өздері жолдан сілелеп шаршап барған балалар ертеңгі тестіні толыққанды тапсырады деу қиын. Онсыз да осындай жауапты кезең алдында тұрғанда кім‑кім де мазасызданатыны анық қой, ұйқылары шала болады және бұрын келмеген бөтен жерге бірден сіңісіп кету де қиын. Бұл балалардың жүйкесіне әсер беріп жатады. Балаларды сабылтпаудың жолы осы кезге дейін неге қарастырылмайды? Оның үстіне сынаққа төрт жүзге жуық бала барса, сонша ата‑ана тағы шұбырады. «Баласы атқа шапса, әке, шеше үйде отырып тақымын қысар» демекші, он бір жыл оқыған еңбегінің өлшеулі сәтінде қолынан ештеңе келмесе де ешкім бей‑жай үйінде отыра алмасы анық,‑дейді «АЖ» поштасына хабарласқан ата‑аналар.

Жол бастаушы полиция, жүргізушілер, балалардың әке‑шешелері, туысқандары және мұғалімдер Махамбетте тамақтанатын, қонатын жер таппай сенделіп жүретіні жылма‑жылғы көрініске айналған. Бірақ мұның бәрі өткінші қиындық ретінде қабылдануда. Ең сорақысы, кейбір балалардың тестіге кірмей жатып, бастары айналып құлау фактілері кездесіп отыр. Ал бірақ бұл мәселені орнына қоюда әкімдер тұрмақ, елдің бетке ұстар депутаттары да шарасыздық танытып отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

4 мамыр 2011, 16:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.