
Мекеменің апатты жағдайдағы барактары науқастарды ұстауға және емдеу процесін жүргізуге мүлдем жарамсыз.
Авангард ықшамауданында орналасқан диспансердің бір қабатты ғимараттар кешені 2021 жылы апатты деп танылған болатын, ал жаңа аурухана құрылысы төңірегіндегі әңгіменің айтылып келгеніне бұл күнде екінші онжылдыққа ұласты. Пайымдауымызша қазір медициналық мекеменің бұрынғы тозығы жеткен орында әрі қарай қалуы мүмкін болмай қалғандай.
Жуырда Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығы Атырау қаласының аумағынан 125 төсек-орын орналастыру мүмкіндігі бар, жалға алуға жарамды ғимарат табу үшін тендер жариялады.
Тендердің техникалық ерекшелігі бірқатар талаптарды қамтиды: ғимарат бейнебақылау, өрт дабылы және ауаны баптау (кондиционер) жүйелерімен толық жабдықталуы, резервтік электр генераторы мен автономды газ қазандығы, жеткілікті мөлшерде санитариялық тораптары, кресло-арбадағы адамдардың кедергісіз қозғалу мүмкіндігі және өзге де жағдайлары болуы тиіс.
Қазіргі уақытта әлеуетті жалға берушілерден өтінім қабылданып жатыр. Аурухананы уақытша орналастыруға қолайлы ғимарат үшін бюджет 54,3 млн теңге төлеуге дайын. Жалға алу мерзімі — ағымдағы жылдың соңына дейін.
Бұған қоса, бұдан бұрын хабарланғандай, қала маңындағы Алмалы ауылынан жер телімі бөлініп, диспансердің жаңа ғимаратын салуға арналған жобалау-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) әзірлеу аяқталды.
Облыстық құрылыс басқармасы инженерлік желілерге жауапты ұйымдармен барлық қажетті келісімдер алынғанын және ЖСҚ «Мемсараптама» РМК порталына жүктеліп жатқанын хабарлады.
Құрылыс құны мен оны жүзеге асыру мерзімі сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін белгілі болады.
Лев ГУЗИКОВ
В Атырау +37