Атыраудағы көгалдандырудың кешенді бағдарламасы туралы мақала жарық көргеннен кейін («АЖ» №16, 21-сәуір 2011 ж. - «Көгалдандыру бағдарламасы түнгі ауаны тазарта ала ма?») редакцияға түрлі сұрақтар мен күмәнді ескертулер айтылған қоңыраулар көптеп соғылды. Жасыл-желекке малынған Атырау туралы арманға бей-жай қарағандар кемде-кем шығар. Алайда, көгалдандыру бағдарламасы авторларының пікірінше, бұл аз. Ең бастысы - әрекет ету қажет.
– Иә, біз ондай күмәншылдар туралы естідік. Әрбіреуі өзінің пікірін айтып, сынға алады, бірақ еш әрекет жасағылары келмейді. Бір ағаштың өзін өсіру үшін қаншама еңбек, қаншама төзім керек екенін білесіз бе? Сол күмәншіл жандар қайда болды сол кезде? Және Атырауда неліктен жасыл-желек жоқтың қасы? – деп сұрақ қояды маған бұл сөздерге наразы болған бағдарлама менеджерлерінің бірі Дмитрий ПАК.
«КӨҢДІ ПАЙДАЛАНБАСА БОЛМАЙДЫ»
– Біздің күмәндануымызға негіз бар. Алдымен көз алдымызда коттедждер салынатын болып, Сутягин бағын (қазіргі Жеңіс бағының орнындағы), Жилгородоктағы бақты отап тастады. Жыл сайын дерлік бюджеттің миллиондары көшеттерді отырғызуға бөлінеді. Оны кейін ешкім де күтіп-баптамағандықтан олар өліп қалады. Бір ғана мысал: екі жыл бұрын Әлиев – Сатыбалдиев даңғылын көгалдандыруға «Жол картасы» бойынша 100 млн. теңге бөлінді. Лайықты күтім болмаған соң көшеттер өліп қалды, ал ақша желге ұшты. Енді сіздер келіп, қайтадан көгалдандырамыз деп бүкіл даңғылды қайта қазып тастадыңыздар...
– Бәрі түсінікті. Бірақ біздің оған қатысымыз қандай? Ол кезде біз болған жоқпыз ғой. Біз келген кезде даңғылда ештеңе де қалмаған еді. Жалпы жұмысымызда біз мүлдем басқа әдістер мен принциптерді басшылыққа аламыз, - деп мәлімдеді Дмитрий.
Мен оны әуежай трассасының бойында су толтырылған шұңқырдың қасында жүресінен отырған жерінен кездестірдім. Ол шұңқырдан ылғал топырақты қолына алып, дәмін татып көрді:
- Сіздердің топырақтарыңыз да, жер астының суы да тұзды екен. Бұрын бұл жерде теңіз болғаны көрініп тұр. Топырақ құмды әрі тасы көп. Мұндай ортада өсімдіктерге жерсіну өте қиынға түседі. Кореядан әкелінген метасеквойя көшеттері жақсы жерсініп кету үшін тереңдігі бір метр болатын ор қазған едік. Бұл орлар – дренаждық жүйе секілді. Ол жерге суарғаннан кейін және жаңбырдан соң тұз ағып жиналатын болады. Ал тұз кері кетпес үшін топырақ астына Қазақстанда шығарылған геотекстиль төселеді. Ал жоғарғы жағынан болашақ көшеттер үшін шұңқырлар қазылады. Олардың әрбіреуін 500 литр суға дейін жеткізіп, алдымен көшеттерге бейімдейміз. Бірақ бастапқыда біз басқа топырақ алып келгенбіз. Ол да сіздің жерден алынған, бірақ тұзы аздау. Оған біз көң араластырдық. Көңсіз сіздің топыраққа өсімдік отырғызуға болмайды.
–Көңді қайдан аласыздар?
– Осы жерден. Сіздерде өсімдік отырғызу үшін бәрі бар, тек ниет пен еңбек сүйгіштік болса жетіп жатыр. Айналадағы коттедждерге қараңызшы. Адамдар тұрғандарына бірнеше жыл болса да, ештеңе өсірмеген.
–Бәлкім отырғызғанмен өспейтін болар? Дегенмен бұрын бақтар болды ғой... Неліктен сіздер метасеквойяға таңдау жасадыңыздар? Тәжірибе мысалы ретінде алып отырған Кореяның климаты анағұрлым жұмсақ қой.
– Өйткені дәл сол өсімдік осы жерде жерсінуі мүмкін. Әрине, жақсы күтім жасап, суарып отыру керек. Оның ең басты артықшылығы – ол тез бой алады. Қолайлы жағдайда жылына 1-1,5 метр өседі. Сіздің жағдайда метасеквойя жарты метрден өсетін болады. Ал жалпы бұл ұшар басы үлкен алып ағаш.
ЖАЙЫҚ ЖОҒАЛМАЙДЫ
– Топыраққа микроорганизмдер енгізу туралы айтқаныңыз есімізде. Содан соң, өсіп келе жатқан көшеттерді қалай суармақсыздар? Суаратын жалғыз ғана су қоймасы – Жайық өзені, ол да тайыздалып барады.
– Микроорганизмдерді өсіп келе жатқан көшеттер топырақты өзгерте бастаған кезде саламыз. Осы жерде суармалы су құбыры арқылы суарамыз. Егер оны бүкіл қалаға орнатқан болса, қала гүлденген болар еді. Ал Жайық өзеніне келер болсақ, бұл табиғи цикл, бір кездері ол арнасынан асып жатты ғой. Оның тайыздану себептерінің бірі жағалау бойындағы ағаштардың жаппай оталуы деп ойлаймын. Жағалау бойындағы ағаштардың суды тартатындығы баршаға аян ақиқат. Сонау 90-шы жылдары кейбір аймақтарда газбен қамту проблемалары орын алған кезде адамдар үйлерін жылытып, тамақ дайындау үшін орман-тоғайлар мен бақтардағы ағаштарды кесіп тастаған болатын. Су болса не нәрсені болса да өсіруге болады.
–Ал неге тамшылатып суару әдісін қолданбайсыздар? Қазір жергілікті ауыл шаруашылық жерлері мен жылыжайларда осындай әдісті қолданып жүр ғой.
– Өйткені бізде су көп жұмсалады. Оны тазарту үшін сүзгішті әр екі күн сайын ауыстыруға тура келген болар еді.
–Мен бірнеше жылдан бері Атырауда жұлдызқұрт жоқ екендігін байқап жүрмін. Бұрын олардың көптігінен орталық көшелерден жүру мүмкін емес еді. Мектепте оқып жүрген кезімде жасыл құрттар үстімізге жабысқан күйде сабаққа баратын едік. Ал қазір бірде-біреуін көрмеймін.
– Бұл экологияның нашарлығынан. Тірі организмдер зиянды факторларға өте сезімтал келеді. Ал бізде күкіртсутек бар. Сондықтан да қаланы көгалдандыру керек.
МЕНТАЛИТЕТ ЖӘНЕ КӨШЕТТЕР
Біз әңгімелесіп тұрған кезде Дмитрийге қала нысандарындағы жұмыс барысын тексеріп жүрген әріптестері келді. Жобаның қазақстандық екінші менеджері Аида ЖАНБАКИЕВА (Кореяның тағы бір өкілі бар) Әлиев – Сатыбалдиев даңғылынан келіпті.
– Ол жерде де осындағыдай топырақ дайындаймыз. Жаяу жүргіншілер жолының бойына ұшар басы шар тәрізді будандастырылған қарағашты, ал бөлгіш жолаққа «ақ көріктал» бұталарын отырғызамыз. Жалпы сіздерде шетен, ақтерек жақсы өседі.
Екі менеджер де өз компаниялары туралы ақпаратпен ынтасыз бөлісті. Бұл тұжырымдаманың авторы, австриялық-қазақстандық «Евростандарт GmbH» - Алматыдағы консалтингтік фирма екендігін ғана анықтай алдық. Ал оңтүстік астаналық менің сұхбаттасушыларымды жергілікті «Мұнайқұрылыссервис» фирмасы жұмысқа шақырған екен.
- Бізге баспасөз арқылы көмектесіңізші, - деп өтінді алматылық көгалдандырушылар. – Мұның бәрі адамзат үшін жасалып жатыр ғой. Қазір бізге сенімсіздікпен қарайды, алайда біз басқаша болғанын қалаймыз.
P.S.Біз Дмитриймен сөйлесіп тұрған кезде бір көлік келіп тоқтап, ішінен ер адам шықты. Оның шетелдік екені анық. Ол өзі жұмыс жасап жатқан Теңіз кенішіне бірнеше көшеттер отырғызғысы келетінін, оны қайдан сатып алуға болатынын сұрады. Дмитрий онымен хабарласуға уәде берді. Содан соң:
- Бұл сыпайы екен, әйтпесе кейде біреулері жетіп келіп, дәл қазір көшеттерді тегін тиеп жібер деп талап ететіндері де болады,- деді.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген автор
«АЖ»анықтамасы.Метасеквойяны тірі аңыз деп атайды. Ол жарты ғасырдан астам бұрын ашылған. Алайда әңгіме кішкене ғана «шөп» туралы емес, алып ағаш туралы болып отыр. 1941 ж. жапондық палеоботаник С. Микки қазып алынған бүршіктер мен жас өркендердің қалдықтары арқылы сол дәуірге тән секвойяның құрып біткен екі түрі бойынша жаңа түрді - метасеквойя (грек тілінен аударғанда meta — арасында, ортасында) деп сипаттаған. Су самырсын (метасеквойяның тағы бір атауы) кеш «оянады». Тек мамырдың аяғына қарай ол толықтай ашық-жасыл желекке малынады. Күзде қылқандар қызғылт сары түске боялып, қараша айы басталғанша сақталады. Бұл кезеңде жас ағаш, әсіресе оның нәзік талдары суық желдің екпінімен жайқалғанда өте тартымды келеді. Тез өсетіндіктен және күй талғамайтындықтан метасеквойя декоративті қылқанжапырақтылар арасында лайықты орын алуы әбден мүмкін.
Орташа белдік жағдайында осынау алып ағаштардың өз отаны Қытайдағыдай ірі болуы неғайбыл. Бірақ ол ұзақ өмір сүруі мүмкін. Өйткені табиғатта ол 600 жылға дейін өмір сүреді. Жалпы «су самырсын» жақсы жерсініп кетуі үшін жазда мол су мен жоғары температура болуы керек.