Атырау, 9 желтоқсан 22:33
 ашықВ Атырау -7
$ 514.65
€ 544.60
₽ 5.17

Әрекет ету базасы: қоршап алып, жоя аламыз

3 521 просмотра

5 қарашада Солтүстік Каспий мұнай төгіндісіне экологиялық әрекет ету базасын (СКЭӘБ) Солтүстік-Каспий консорциумына жалға беру жөнінде ресми рәсім өтті. Жалға беру туралы келісімшарт «ҚМГ-Транскаспий» ЖШС (100 пайыздық ҚМГ еншілес компаниясы және СКЭӘБ меншік иесі) мен NCPOC Консорциумының агенттік компаниясы (жалға алушы) арасында жасалған.

ЕКІНШІ ДЕҢГЕЙДЕ

Осылайша, ақырында соңғы 10 жылда орын таңдаудан бастап (база Жайық өзені сағасының қорықтық аймағына салынған), оны пайдалануға дейінгі (базаны бақылауға алу ҚР ТЖМ-на беріледі еп болжанған еді) база төңірегінде туындаған дауларға нүкте қойылды.

Шара база аумағында өтті. Оған NCOC-тың корпоративтік қызметтер жөніндегі директоры Мұрат МҰҚАШЕВ, NCРOC басқарушы директоры Ариан ван ДЕЙК, «ҚМГ» ҰК АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Нұртас ШМАНОВ, «ҚМГ-Транскаспий» ЖШС-нің бас директоры Шерхан СҮГІРБЕКОВ қатысты.

Жергілікті билік өкілдерінен тек Атырау облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысының міндетін атқарушы Қабылбек ҚЫСТАУБАЕВ болды. Шақырылған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ пеноблыс әкімінің орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВ келе алмады (кеңесте болды). Облыстық экология департаментінің өкілдері де болмады.

Өз сөзінде NCPOC басқарушы директоры Ариан Ван Дейк базаны «техниканың соңғы үлгісімен салынған нысан» деп атады:

- Солтүстік-Каспий базасы Баутинодағы базада орналасқан мұнай төгінділерін жоюға арналған Консорциум жабдықтарының негізгі арсеналына қосымша құрылғы ретінде қызмет көрсетеді. Тайызсулы жерлерде мұнай төгінділерін жоюға арналған жабдық қазіргі кезде Атыраудың өзен айлағында тұр. Ол тұрақты базаға - СКЭӘБ-ға әкелінетін болады.

Естеріңізге салсақ, Солтүстік-Каспий базасы Солтүстік Каспийдің тайызсулы бөлігіндегі мұнай төгінділерін жоюға қатысуы тиіс. Барлығы төгінділерге әрекет етудің 3 деңгейі жасақталған: 1-деңгейде төгіндіні Консорциумның өз күшімен жояды (оның базасы D аралында орналасқан), 2-деңгейде – СКЭӘБ қатысады (тайызсулы ортада төгінділерді жою), 3-деңгейдегі апатты жою үшін (ұнамсыз сценарий) Консорциум британдық Саутгемптонда орналасқан (мұнай төгіндісін жою жөнінде әлемдік көшбасшы деп танылған) халықаралық компанияны мердігер ретінде тартады.

Ван Дейктің айтуынша, СКЭӘБ паркі тайызсулы жерлердегі мұнай төгінділерін жоюға арналған және мердігерлік негізде тартылған 19 кемеден тұрады. СКЭӘБ жабдықтарын пайдалану 2014 жылдың бірінші тоқсанында, мұз қату кезеңі аяқталғаннан кейін басталмақ.

 

ОЛАР ЦИФРЛАРДЫ ҰНАТПАЙДЫ

Ресми бөлімнен кейін сұрақтарға көшті. Әдеттегідей, олардың көпшілігіне берілген жауаптар екіұшты болды.

- Мен нақты цифрды атай алмаймын, - дейді Ариан Ван Дейк, СКЭӘБ-ның ықтимал жылдық бюджеті туралы сұраққа жауап бере отырып. - Тек бюджеттің бірнеше элементтерден қалыптасатынын айтуға болады. Біріншісі: базаның өзін жалға беру, екіншісі, базадағы техникалық қызмет көрсету мен сатып алулар, үшіншісі: ресурстарға қызмет көрсету.

 

МҰЗ БЕТІНДЕГІ БИ

«ҚМГ-Транскаспиан» бас директоры Ш. Сүгірбеков мұнай қалдықтарын кәдеге жаратуға қатысты былай деді:

- СКЭӘБ жобасында апатты мұнай төгінділерін жоюға жұмылдырылған барлық кемелер мен жабдықтар әрі қарай Баутинодағы базаға жеткізіліп, сол жерден тазартылып, тек тазартылған күйде ғана СКЭӘБ-ге қайтарылатындығы қарастырылған. СКЭӘБ-ді пайдалануға келер болсақ, бұл сұрақ жиі туындайды. Біз базаның меншік иесі ретінде NCPOC-тың арендаторымен бірге оның бүкіл қызметі қоршаған ортаға әсерсіз жүргізілетін болады деп сендіреміз.

NCOC-тың корпоративтік қызметі жөніндегі директоры Мұрат Мұқашев мұнай төгіндісі қысқы уақытта, яғни мұз қатқан кезде орын алған жағдайда әрекет ету жоспары жөнінде айтты:

- Әдетте, қысқы уақытта төгінді көп таралмайды, дегенмен де, төгіндіні жою керек. Осы база жұмылдырылатын болады, бірақ бұл ол орын алған жерге байланысты болмақ. Айтып өткенімдей, бұл база мұнай төгіндісі туындауының алдын алатын түрлі нысандар тізбегінің бір бөлігі болмақ.

Кейінірек бұл сұрақты мен NCPOC-тың мұнай төгінділеріне әрекет ету жөніндегі менеджері Марк КРАУЗЕРГЕ қойдым:

- Қатқан мұздың артықшылығы – мұз жағалаудан теңізге қарай түзіледі де табиғи түрде бөгейтін бон пайда болады. Мұз қатқан кезде төгінді болған жағдайда біз Аджип ҚКО компаниясындағы әріптестерімізге хабарлаймыз. Олар терең сулы жерлерден өтуге арналған кемелермен келіп, мұзжарғыштармен мұздан мұнайды жинап алады. Тағы бір жайт, мұз жабдықтың салмағын көтере алатындай қалыңдықта қатқанда оның бетінен төгілген мұнайды жинауға болады.

 

ҚОРШАП, ЖОЮ КЕРЕК

Ресми бөлімнен кейін NCPOC қызметкерлері бондарды жаю жөніндегі демонстрациялық оқу-жаттығу өткізді. Оған NCPOC-тың бірнеше кемесі қатысты.

Бұл жаттығу арқан бекітілетін бассейнде өтті (ол жерден канал арқылы теңізге шығатын жер қарастырылған). Тайызсулы жеті кеме үлкен барабанға оралған 600 метрлік бондарды жаза бастады. Мақсат – төгіндіні таратпау.

Онымен қатар катерлер іске кірісіп, сарғыл түсті кедергілер орналасқан жерлерге зәкірлер орнатты. Зәкірлер бондар арасындағы бекініс қызметін атқарады. Бізге түсіндіргендей, жел бағытының ауысуына қарай бондарды айналдыруға, олардың бағытын өзгертуге болады екен.

- Бұл бонның ұзындығы шамалы, біздің операциялық базада 13 км бон бар, - деді Марк Краузер. – Осындай мөлшердегі сіңіруші бондармен Солтүстік Каспий секторының жағалау аймағының 10 пайыздай беткі қабатын жаба аламыз.

Оның айтуынша, жел бағытын есепке ала отырып, компьютердік модельдеу көмегімен мұнай дағының қозғалыс траекториясын есептеп, бондарды дәл орналастыруға болады екен.

- 3 метрден астам тереңдікте қолданылатын тереңсулы бондар Баутинодағы базада, ал бұл жерде, Атырауда тайызсуларға арналған бондардың ені 45 см, - деп сөзін жалғастырды М. Краузер.  Абсорбенттер ретінде кремний қосылыстары қолданылады. 

Мұз қатқан кезде мұнай төгіндісі орын алған жағдайда қалдықтарды кәдеге жарату мәселесіне оралған М.Краузер:

- Қашаған кенішіндегі мұнай төгіндісін жою жоспарында «Сол жерде өртеу» деп аталатын әдіс бар. Бұл әдісті Қазақстанның мемлекеттік органдары толықтай мақұлдап, қолдаған. Яғни, Баутиноға кәдеге жаратуға жібермей-ақ, сол жерде, мұз бетінде мұнайды өртей аламыз, - деді.   

Осы әдісті қолданған кезде экологиялық салдар проблемасы туралы Марк Краузер былай дейді:

- Бұл өте күрделі техникалық мәселелер, оны шешумен көптеген агенттіктер пен ұйымдар айналысуда. Өз кезегінде, біз мемлекеттік органдар мен Қазақ мұнай және газ институтымен бірігіп, баламалы әдістерді табуға әрекет жасаудамыз. Жалпы, бұл әлемдік масштабтағы проблема. Онымен Солтүстік теңізіндегі және Арктикалық белдеудегі ұйымдар айналысады.

Кәдеге жаратудың осы түрінің экологиялық тұрғыда басқаларға қарағанда қауіптілігі төмен. Біз бондарды тазартуды, содан кейін кәдеге жаратуды жөн көреміз, алайда сол жерде өртеу әдісі де ұлттық және біздің жоспарымызда ескерілген.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

6 қараша 2013, 11:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.