Курчатов қаласының әкімі, " Атом Электр Станциясы менің жерімде салыну керек",- дейді. Дегенмен, Қазақстан бойынша АЭС болатын үш орынды таңдап жатқан комиссия шешім шығармастан, шенеуніктің бұл асығыс ұсынысына не түрткі болғанын халық түсінбей дал.
40 жыл Семей полигонының зардабын тартқан көпшіліктің арасында қарсылық білдіргендер көп. Бірақ Курчатов әкімі айтқанынан қайтар емес.
Тура он бес күннен соң, АЭС салынатын Қазақстанның үш облысының атауы аталады, арнайы комиссия шешімімен. Әзірге Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласы, Ақтау мен Алматы облысының бір ауылы назарға іліккен. Алайда толық таңдау әлі жасалмағанына қарамастан, Курчатов әкімі, барлық талаптарға шығыс жерінің сай екенін айтып, жарнамаға көшкен.
"Егер станция бізде салынбаса, өкінішті. Он екі жыл бойы құрылысы жүріп, қолдауға беріледі. Ал бұл дегеніңіз инфрақұрылымды қайта қалпына келтіру деген сөз. Оның үстіне бізде АЭС салынатын орын да дайын", - деді Курчатов қаласының әкімі Дмитрий Гариков.
Шенеуніктің сүйіншілеген жаңалығы, жұрттың көңілінен шыға қоймады. Станцияның болашағына сенгенімен, бұқара "атомсыз әлемге" қауіппен қарайды.
АЭС құрылысы басталатын орынға қатысты халықтың пікірі комиссияның шешім қабылдауында ескерілетін болады. Сондай-ақ, техникалық мүмкіндіктерден өзге, сейсмологиялық және табиғи-климаттық факторларға байланысты тұрғындар арасында сауалнама жүргізілмек.
"Бұл нысан бізде болса, Семей көркейеді. Өндірістік қала жанданатын еді. Шағын және орта бизнес инфақұрылымы да алға басатын еді", - Курчатов қаласының әкімі.
Жарты айдан соң арнайы комиссия АЭС орнын атайтын болады. Халық қарсылығына қарамастан, атом станциясының Қазақстанда бой көтеретінін сөзсіз. Шығыс Қазақстан, Маңғыстау мен Алматы облыстарының ақ жағалылары құрылысқа құйылатын қомақты қаржы мен келешекке сеніммен қарайды.
Сондықтан станцияның жақсы жақтарын айтып қалуға тырысып бағуда. Алайда көпшілік екі жыл бұрын Жапонияда болған жер сілкінісінен соң болған Фукусима апатының қайталауынан қорқады.
Дереккөз: 31 арна