Жергілікті кәсіпкер Артур ДӘУЛЕТОВ (суретте) жаңа бизнесті бастауды жоспарлап отыр. Бұл – құрттар өсіру. Әрине, олар балықшыдан басқа кімдерге керек деп таңырқауыңыз әбден мүмкін. Бірақ, құрт атаулы басқа да қажеттіліктерге жарайды екен.
БАУЫРЛАС ҚҰРТТАР
Оларды медицинада, фармакологияда, косметологиялық өнеркәсіпте пайдалануға болады. Бірақ ең алдымен құрттар – ауыл шаруашылығы үшін өте пайдалы. Ертеде шаруалар топырақтың құнарлылығын жер телімінде тіршілік ететін қызыл құрттардың мөлшерімен бағалайтын. Жерді өңдеген кезде құрттарды сақтап қалуға тырысатын, олар қай жерде көп болса, сол жерде көкөністер, жеміс-жидектердің мол болатынын білетін. Өздеріне індер салатын жауын құрттар топыраққа ауа мен судың енуіне сеп болып, шіріндідегі ірі массаны өңдейді. Қазылған жерлер арқылы топырақтың бетіне үймек түрінде құрамында гумус пен кальций мол болатын копролиттер шығарады.
Құрттар, айтпақшы, топырақ құрамының өзгерісіне, пестицидтер мен минералды тыңайтқыштардың қолданылуына өте әсерленгіш боп келеді. Сондықтан оларды саяжай және үй іргесіндегі учаскелерден, әсіресе ірі шаруашылықтардан табу қиын.
Соңғы жылдары көптеген елдерде құрт өсіру («вермикультивирование» - «Vermes» құрт деген сөз) кеңінен белең алған. Құрт өсіру Батыс Еуропада, Шығыс Еуропаның кейбір елдерінде (Венгрия, Польша), АҚШ, Жапония, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде кең таралған. Ол жерлерде әуесқойлықпен балық аулау және үй жануарларына азық ретінде, сондай-ақ, бау-бақша шаруашылығы үшін жауын құрттарды өсіретін көптеген шағын және орта кәсіпорындар жұмыс істейді.
– Жауын құрттарды өсіру – органикалық қалдықтарды кәдеге жаратудың келешегі бар тәсілдерінің бірі. Органикалық заттардың шіруін әлденеше есе жылдамдататын жауын құрттары аз уақыт ішінде органикалық қалдықтарды экологиялық таза әдіспен бағалы қара шірінді тыңайтқышқа айналдыруға мүмкіндік береді. Құрт өсіруден алынатын екінші өнім – жауын құрттарының биомассасы. Ол жануарлар мен құстардың азықтарына ақуыз қоспасы ретінде қолданылады, – дейді Артур Дәулетов.
Көкөністер мен бау-бақша дақылдарын өсірумен айналысатын кәсіпкердің өзі шаруашылығындағы өнімділікті көбейткісі келген кезде алғаш рет құрт өсіруді ойға алған екен. Ал Атыраудан жауын құрттарды жеткізушілерді таба алмады. Оларды бізге көрші Оралдан әкеледі, ал ол жаққа Самарадан жеткізіледі екен. Өнеркәсіптік өндіріс, әдетте, калифорниялық қызыл құрт пен «Старатель» құрты қолданады. Калифорниялық қызыл құртты американдық Баррет 50-ші жылдары кәдімгі қи құртының негізінде өсірген. Басты артықшылығы: тез көбейеді, «кезбелікке» бейімділігі жоғалған (құрттың қалған түрлері қорек іздеп, өсіретін жерді тастап кетуі мүмкін), ұзақ өмір сүреді. Бірақ бір едәуір кемшілігі - өзін сақтау түйсігінің жоқтығы. Тіршілік ету ортасы салқындаған кезде бұл құрт топырақ тереңдігіне бармай, көп болып бір жерге жиналып, үсіп кетеді.
«Старатель» құрты да қи құртының негізінде кеңес ғалымы Анатолий ИГОНИННІҢ еңбегінің нәтижесінде пайда болған. Ол біздің климаттық ерекшелігімізге сай келеді. Оның шетелдегі бауырласынан айырмашылығы - салқын температурада өзін сақтау түйсігі іске қосылады. Өсіп-өну жылдамдығы бойынша біздің «старатель» американдықтан кем түспейді. Есесіне анағұрлым кең ауқымдағы температурада жұмыс істейді.
ӘКІМДІК ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ БІЛДІРДІ
Құрт өсірудің еш қиындығы жоқ, мұнымен арнайы жәшіктерді немесе ені 1-2 метр болатын, бүйір қабырғалары мен түбі бар науаларды қолданып, бау-бақша учаскесінде айналысуға болады. «Старатель» өскелеңдігімен ерекшеленеді. Бір құрттан жылына 1500-ге дейін тұқым таралады. Тамақты көп талғамайды. Екі шаршы метрден жылына бір тонна биогумусқа дейін алуға болады. Бірақ біздің кәсіпкерлеріміз құрт өсіруге асығар емес. Бәлкім, бұл жұмыс лас болғандықтан шығар, оның үстіне «құрт өсіремін» деп айтудың өзі құлаққа біртүрлі естілетін болар. Бірақ органикалық тыңайтқыштардың болашағы барына Дәулетов сеніммен қарайды.
–Құрттармен әлек болғанша, сол пестицидтерді қолданған оңайырақ әрі тиімдірек емес пе? Біздің шаруа қожалықтары сізден биогумус сатып алғылары келер ме екен?
– Тек бір қарағанда ғана оңай көрінеді. Бірақ химия есебінен топырақтың құнарлылығын арттыру әрекеті тұйыққа тірейді. Бәрі де біртіндеп химикаттардан бас тартуда, өйткені бұл тек зиянды ғана емес, тиімсіз де. Мұндай тыңайтқыштарды қолданғаннан кейін жер екі жылға дамылдауы тиіс, демек, оларды отырғызу кезінде кезектестіру үшін шаруашылықта кем дегенде үш учаске болу керек. Ал биогумус, керісінше, топырақта өзінің пайдалы қасиетін сақтай отырып, бір учаскені екі жыл қатарынан пайдалануға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, ол ауыл шаруашылығы өнімдерінің құрамындағы нитраттарды азайтады, өнімділікті 10-нан 30 пайызға дейін арттырады.
Қала әкімі жанындағы инновациялық комиссия осы жобаны мақұлдап, тіпті кәсіпкерге Ноғай бейітінің маңынан 37 сотық жер бөліпті. Қазір Артур сол жерде органикалық заттарды жинауға арналған ғимарат салуда. «Старательдің» «төлі» кез келген тағамға бейімделеді, сондықтан кәсіпкер ағашқа, шөпке және қағазға ерекше мән беріп, азыққа қатысты тәжірибе жасап көруді ойға алған. Қазіргі уақытта Атырауда санитарлық тазарту жөніндегі екіайлық өтуде. Кәсіпкер шабылған шөптер мен кесілген бұтақтарды өзінің учаскесіне әкелуді өтінген екен. Құрттарды көң қосып, көкөніс қоймаларындағы және көтерме базарлардағы органикалық қалдықтармен де қоректендіруге болады. Жазда шөп және ағаш қалдықтарын жинап, оларды қысқа дайындауға болады.
Біздің өңірімізде де, жақын облыстарда да оған бәсекелестер жоқ. Сондықтан өткізу нарығында проблема болмайтынына кәсіпкер сеніммен қарайды.
Ықтимал сатып алушылар қатарында – ірі шаруа қожалықтары, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін гумус сатып алуы мүмкін қалалық қызметтер мен кәсіпорындар, саяжайшылар мен гумусты бөлме гүлдеріне пайдаланатын адамдар бар. Дәулетовтің құлпынай мен қияр өсіретін өз жылыжайы бар. Қыста ол жерден құрттар салынған жәшіктер үшін бұрыш бөлуге болады.
– Келесі жылы өз учаскемдегі топырақтың құнарлылығын қалпына келтіргім келеді. Ал егер Бизнестің жол картасы бойынша грант алсам, құрттарды жануарлар мен құстар үшін құрттардың биоқоспасын өндіретіндей мөлшерде өсіретін боламын, - дейді кәсіпкер.
Жануарлар мен құстардың рационына құрттар биомассасын қосу өнімнің көп болуына және оның сапасын жақсартуға көмектеседі. Тауықтардың жұмыртқа салғыштығы шамамен 20 пайызға, сауылатын сүт мөлшері 22 пайызға артады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ