Қолдарына қару алып, Сирияға аттанған қазақстандықтар ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төнгенін білдіреді. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Бақытбек Смағұл Үкімет басшысы мен ҚР Бас прокурорының атына жолдаған сауалында осылай мәлім етті.
«Соңғы кездері ел азаматтары үлкен радикалды бағытпен қаруланған топтардың экспериментіне айналып, оларға азық ретінде пайдаланып кетіп жатқаны қатты ойландырады. Қазіргі бір-бірімен тығыз байланысқан әлемде терроризм қаупі шекара ұғымын жойды. Қай құрлықта болмасын терроризмнен төнетін қауіп әлемдік бейбітшілікке бірдей әсер етеді. Осы тұста 15 қазан күні француз баспасөзінде «Қазақстаннан 150 адам Сириядағы қасиетті джихадқа қосылды» деген мақала көп адамды алаңдатқаны мәлім. Аталмыш геосаяси қақтығыста бейбітшілік пен бірлікті ту еткен біздің елден топ адамдардың қатысуы еліміздегі радикалды діни тармақтардың әлі де белсенді жұмыс істеп жатқанының көрінісі деп қабылдамай, ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп деп бағалаған орынды болар», - деді сауалы барысында депутат Бақытбек Смағұл.
Оның айтуынша, аталған мәселе Қазақстанның аумағында өз елін туған Отаны емес, болашақ ислам халифатының бір бөлігі ретінде қарастыратын топтардың да белсенді әрекет жасап жатқанын көрсетеді. «Бұл тұста еліміздің көп бөлігіндегі белсенді қызмет етіп жатқан Дін істері агенттігі мен басқа да мемлекеттік органдардың жұмысын жоққа шығара алмаймыз, олардың қызметі қуантады. Алайда, бұл үлкен теңізге тамған тамшы іспеттес. Ел жастарын дұрыс жолда тәрбиелеуге бір ғана мемлекеттік орган емес, бүткіл мемлекеттік аппарат атсалысуы қажет», - дейді депутат.
Сонымен қатар, сауалын сабақтай келе депутат Сирияға кеткен қазақстандықтар туралы ақпараттың мән-жайын анық білгісі келетінін алға тартты. «Бұл ақпарат шындыққа жанаса ма? Бұл шындыққа жанасса, біздің елде болашақ соғыс ошақтарына әлі де қаншама жастардың тәрбиеленіп жатқанын көрсете ме? Бұл сіздердің тараптарыңыздан қалай бағалануда? Елімізде Таяу Шығыс елдерінде білім алған жастардың қай салада жұмыс атқарғаны, қандай білімнің иесі екендігі тексеріліп жатыр ма? Дін істері агенттігі мешіттердегі жастардың қандай идеологияда тәрбиеленіп жатқандығын қарастыра ма? Қаншама отбасы бүлініп, қаншама білімді жастар экстремистік топтарға өтіп жатыр. Ендеше жастармен діни тақырыптағы ықпалдастық жолы қалай өрбуде?», - деді Үкімет пен Бас прокурор атына қаратып жолдаған сауалында Бақытбек Смағұл. Сауалға мәжілістің бір топ депутаттары қол қойған.
Естеріңізге сала кетейік, қазан айының басында 150 қазақстандықтың джихад жариялап, Сириядағы қарулы қақтығысқа аттанғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарап, youtube арқылы олар жайында бейнероликтер де пайда болған еді.
Дереккөз: ҚазАқпарат