Атырау, 9 шілде 17:56
 дождьВ Атырау +23.3
$ 467.98
€ 533.87
₽ 6.11

Аудандардағы әрбір екінші әйел босану үшін Атырауға келеді

109 рет қаралды
Көрнекі сурет/ ӨКҚ
Көрнекі сурет/ ӨКҚ

Атырау облысының барлық аудандарында перзентхана бөлімшелері жұмыс істейді. Алайда ресми мәліметтер көрсеткендей, аудан тұрғындарының жартысынан көбі облыс орталығына келіп босанады. «АЖ» аймақтағы босануға көмек көрсету жүйесінің бүгінгі жай-күйін түсіну үшін мемлекеттік органдардың жауаптары мен ресми статистиканы зерттеп көрді.

Бұл материалдың жазылуына жақында полиция таратқан ақпарат түрткі болды. Жыл басынан бері патрульдік полиция қызметкерлері жүкті әйелдерді медициналық мекемелерге дейін 17 рет жеткізуге атсалысқан. Бастапқыда біз бұған жолдың нашар болғаны немесе ұзаққа созылған жөндеу жұмыстары себеп болуы мүмкін деп болжадық. Осы нұсқаны тексеру үшін редакция денсаулық сақтау басқармасына, облыстық перинаталдық орталыққа, сондай-ақ Атырау қаласы мен барлық аудан әкімдіктеріне сауал жолдады.

Бірақ алынған жауаптар бізді мүлдем басқа тақырыпқа жетеледі.

Барлық әкімдіктер жол жөндеуіне байланысты ауруханаларға жете алмау мәселесі бойынша медициналық ұйымдар мен шұғыл қызметтерден ешқандай шағым түспегенін хабарлады. Денсаулық сақтау басқармасы да мұндай жағдайлардың тіркелмегенін айтты.

Есесіне, сандар босану көрсеткішінің аудандар мен облыс орталығы арасында іс жүзінде қалай бөлінетінін көрсетіп берді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінде аймақта босануға көмек көрсететін 9 ұйым жұмыс істейді: облыстық перинаталдық орталық, қалалық перзентхана және 7 аудандық перзентхана бөлімшесі.

2025 жылы облыстық перинаталдық орталықта 7 360 әуел босандырылса, қалалық перзентханада 4 251 әйел босанған. Әйелдердің босануы бойынша аудандар арасында ең көп көрсеткіш Жылыой орталық аудандық ауруханасында тіркелді — 1 072 әйел. Одан кейін Құрманғазы аудандық ауруханасы — 400, Мақат — 188, Индер — 155 әйел босандырған. Махамбет аудандық ауруханасында 71, Қызылқоғада — 70, ал Исатай ауруханасында небәрі 14 әйел босандырылған. 

Осымен нүкте қоюға болар еді. Бірақ облыстық перинаталдық орталық тағы бір статистиканы ұсынды — аудандардан нақты Атырауға келіп босанған әйелдердің саны.

2025 жылы мұндай азаматшалардың саны 2 229-ды құраған. Оның ішінде:

  • Жылыой ауданы — 583;

  • Құрманғазы ауданы — 366;

  • Махамбет ауданы — 351;

  • Исатай ауданы — 345;

  • Индер ауданы — 321;

  • Қызылқоға ауданы — 146;

  • Мақат ауданы — 117.

Міне, осы тұста сандар ерекше қызықты сипат алады.

Мысалы, Исатай ауданында бүкіл 2025 жыл ішінде небәрі 14 әйел босандырылған. Бұл ретте аталған ауданның 345 тұрғыны облыстық перинаталдық орталықта босанған.

  • Махамбет ауданында — аудандағы 71 босанған әйелден бөлек Атырауда 351 әйел босанған. 

  • Индер ауданында — 155-тен бөлек 321.

  • Қызылқоға ауданында — 70-тен бөлек 146.

Ал Жылыой ауданындағы жағдай мүлдем басқаша. Онда аудандық перзентхана негізгі босану орны болып қала бермек: 1 072 әйел Құлсарыда босанса, тағы 583-і облыс орталығына барған.

Егер аудандық перзентханалар мен облыстық перинаталдық орталықтың мәліметтерін қоссақ, 2025 жылы аудан әйелдері кем дегенде 4 199 баланы дүниеге әкелген болып шығады. Олардың ішінде 2 229 әйел, яғни жартысынан көбі Атырауда босанған.

Денсаулық сақтау басқармасы бұны қазіргі өңірлендіру жүйесімен түсіндіреді. Жүкті әйелдер жүктіліктің барысына, ана мен баланың жағдайына, сондай-ақ қажетті көмекті ала алатын медициналық ұйымның деңгейіне қарай медициналық көрсеткіштер бойынша облыстық перинаталдық орталыққа жіберіледі.

Бірақ бұл сандарды зерттегеннен кейін басқа сұрақ туындайды. Неліктен кейбір аудандарда әйелдердің көпшілігі өз үйінде, өз ауданында босанады, ал өзге аудандарда болашақ аналардың басым бөлігі облыс орталығына аттанады? Бұл тек медициналық көрсеткіштерге байланысты ма, әлде басқа да себептері бар ма?

Алынған жауаптардан бұны түсіну мүмкін емес. Сондықтан редакция денсаулық сақтау басқармасына қосымша сұрақтар жолдады. Себебі, бір қарағанда осындай құрғақтай сандардың артында әдетте жүйенің іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні жасырынып жатады.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Бүгін, 16:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.