
«Атырау» футбол клубының бұрынғы бас бапкері Виталий Жуковский командадан күтпеген жерден кеткеннен кейін алғаш рет пікір білдірді.
Белорус маман Sports.kz порталына берген сұхбатында шығармашылық үзілісінің себебін түсіндіріп, «Ордабасы» мен «Оқжетпестің» биылғы маусымдағы ойынын бағалады.
Жуковскийдің айтуынша, Қазақстанда екі жарым жылдық қарқынды жұмыс оны эмоционалды және физикалық тұрғыда шаршатқан.
«Бір сәтте тоқтау керек екенін түсіндім. Отбасыммен, табиғатта, достармен болғым келді. Маған бірден ұсыныстар түсті, бірақ мен бәріне демалыс қажет екенін айттым. Бапкер жұмысты сағынуы керек», — деді ол.
Маман «Атырауды» әлі де бақылап отыратынын, қазіргі бапкер Владимир Чебуринмен жылы қарым-қатынаста екенін және жергілікті жанкүйерлерді сағынатынын айтты.
«Ордабасы» мен «Қайрат» арасындағы бәсеке
Жуковскийдің пікірінше, «Қайрат» әлсіреген жоқ, керісінше «Ордабасы» сапалы күшейіп, жаңа инвесторлар клубтың құрылымын сақтап, нақты трансферлер жасаған.
«Олардың чемпион болуға үлкен мүмкіндігі бар», — деді ол.
Алматылық клубқа да құрмет білдірген бапкер «Қайрат» өз тәрбиеленушілеріне сенім артып, Лига чемпиондарында жақсы нәтиже көрсетуге қабілетті екенін атап өтті.
Маусымның сенсациясы — «Оқжетпес»
Жуковский биылғы маусымдағы басты жаңалық ретінде Көкшетаудың «Оқжетпесін» атады. Оның айтуынша, команданың табысы Павлодардағы «Ертіс» жобасынан бастау алған, ал жас бапкер Ринат Алюетовтың еңбегі зор.
Қостанайдың «Тобылы» болса, маманның пікірінше, уақытша қиындықты бастан кешіп отыр.
«Инфрақұрылымы мен дәстүрі бар клуб міндетті түрде жағдайды түзетеді», — деді ол.
Сөз соңында Виталий Жуковский Қазақстан чемпионатының деңгейі төмендеп жатқан жоқ екенін айтып, болашақта елге оралуға дайын екенін, бірақ тек өз сенімді жаттықтырушылар штабымен жұмыс істейтінін мәлімдеді.
В Атырау +30.5