Атырау, 26 желтоқсан 01:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Мешітте ұрланған машина

5 372 просмотра

Өткен жұмалардың бірінде Құспан молда мешітіне намазға келген мұсылмандардың бірінің көлігі қолды болды. Оны заңсыз айдап кеткен 19 жастағы атыраулық жас жігіт қамауда отыр.

Сөз жоқ, дін мен ұрлық бір-біріне сәйкес келмейтін ұғымдар. Бірақ түскі намаз осындай кәсіп иелері үшін ең оңтайлы сәт көрінеді.

Атыраудағы Орталық мешіттің бас имамы Нұрбек қажы ЕСМАҒАМБЕТТІҢ айтуынша, ұры намазханның намазға ұйып жатқан сәтін пайдаланып, оның курткасының қалтасынан машинасының кілтін алып шығып кеткен. Оны бірден құрықтауға мешіттің айналасындағы камералар да көмектесе алмапты. Бірақ имам көліктің ұрлануына оның иесі тікелей кінәлі деп санайды.

- Ұры бәрін алдын-ала жоспарлағаны көрініп тұр. Камераның қасынан басын салбыратып өтіп кеткендігін кейін кассеталарды қарау барысында көрдік. Бірақ намазханның өзі де кінәлі, өйткені ол сырт киімін киім ілгішке өткізбей, арт жағына қойған. Неге ол киімін арнаулы орынға өткізбеген, не намаз оқығанда алдыңғы жаққа, көзі шалатын тұсқа қоймаған?

Қалалық ішкі істер тергеу бөлімінің бастығы Берік ЖАНҰЗАҚОВқазір күдіктінің қамауға алынғанын айтады.

-  Тексеру барысында бұрын сотталған жас жігіт ұсталды. Ол түсініктемесінде өзінің кінәсін толық мойындады. Оған Қылмыстық кодекстің 185-бабының 2-тармағына сай «бөтеннің мүлкін заңсыз иеленді» деген айып тағылып, іс сотқа қаралуға берілді, - дейді ол.

Дегенмен, Берік Жанұзақов мешіттің айналасында мұндай ірі көлемдегі ұрлық бұрын болмаған дейді.

-  Мешітке келушілердің аяқ киімдерінің жоғалып кетуі бірен-саран кездесіп қалып жүрді. Онда да көбіне әдейі емес шатастырып киіп кетеді.

Нұрбек қажы Есмағамбеттің айтуынша, мешіт қоғамдық орын болғандықтан әркім өз затына өзі жауапты болуы керек. «Алланың үйіне келген адам өз киіміне өзі жауапты болғаны жөн. Мешітке қымбат киіммен келудің қажеті жоқ» деп кеңес береді бас имам. 

- Намаз оқыған адам  басқа нәрсеге көңіл бұрмайтыны белгілі. Сондықтан 5 минутқа бола киімді шешпесе де болады. Ал киім ілетін орыннан жоғалған затқа біз жауап береміз. Мәселен, былтыр бір қыздың аяқ киімі жоғалып, төлеген едік.

Әрине, мешітте аяқ киім, т.б. келушілердің затына немесе кейде кездесіп жататын шіркеудегі қасиетті икондарға (бұл жайт әрине біздің өңірде бола қойған жоқ) қол жүгіртушілер ресмиден бөлек рухани қатаң жазаға лайық. Сондықтан осы орайда шариғатта осындай ұрыларға қандай жазалар жазылған деп сұрадық Атыраудың бас имамынан.

- Құранның Маида сүресінің 38-аятында «басқаларға үлгі болу үшін ұрлық істеген ерлер мен әйелдердің қолдарын кесіңдер» деп жазылған, - дейді имам.

Қазақстан - зайырлы мемлекет, адамдардың қылмысы мен жазасы оның ресми заңдарымен шешіледі. Дегенмен, шариғат заңдары үстемдік құратын мұсылман елдерінде ұрлық жасағандар Шариғат заңдарымен қалай жазаланады? Интернетті парақтай келе мынадай мәліметтер алдым: егер адамның ұрлаған затының мөлшері динардың төрттен бір бөлігі болса, яғни 0,86 гр алтын шамасында ол шариғат бойынша жазаланады. Егер ұры біреудің затын белгілі мөлшерде ұрлап алса оның оң қолының алақаны мен бас бармағынан басқа төрт саусағы кесіледі. Егер ол ұрлығын екінші мәрте қайталаса оның сол жақ аяғының табанының жартысы кесіледі. Егер ол ұрлығын үшінші рет қайталаса ол өмір бойы абақтыға қамалады. Түрмеде жатып ұрлық жасаса өлім жазасында кесіледі. Ал ұрының ұрылығы екі әділ ер адамның куәлігімен және ұрының өзінің мойындауымен анықталады.

Сәния ТОЙКЕН

9 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.