Соңғы жылдары ел тарихын зерттеу барысында көрші елдер мұрағаттарынан тарихымыз туралы тың мәліметтерді, тіпті, кезінде Қазақ жерінде жазылған кітаптарды да тауып жатамыз. Осындай тың туындылардың бірі – 15 ғасырда жерлесіміз, Әз-Жәнібек ханның сарайында тұрған халық емшісі Өтейбойдақ ТІЛЕУҚАБЫЛҰЛЫ (1388-1478) жазған ортағасырлық кітап.
ОТТАН ДА, ҚАБІРДЕН ДЕ АМАН ҚАЛҒАН
«Шипагерлік баян» - шағатай тілінде (бір кездері Орталық Азияда кең таралған, қазір өлі тілге айналған түркі тілі. Шағатай тілі араб әліпбиін пайдаланған өте дамыған мәдени тіл болған. Сонымен бірге оған көшпенді түркілердің тілі де қатты ықпал еткен. Сол себепті шағатай тілі Орталық Азияның халықаралық тілі ретінде қолданылған. Шағатай ақындарының ішіндегі ең атақтысы Әлішер Науаи болып саналады. Сол себепті шағатай тілі «Науаи тілі» деп те аталады) жазылған кітап. Ол 1994 жылы қазіргі қазақ тіліне аударылып, Қытайда жарық көрген. Кітап Қытай Халық Республикасының «Үздік ұлттық кітап» деген 1-санатты сыйлығына ие болған. Қазақстанда «Шипагерлік баян» 1996 жылы «Жалын» баспасынан қазіргі қазақ әліпбиімен басылып шықты.
Менің қолыма бұл кітап кездейсоқ тиді. Бірде халық емшісіне барған кезімде үстел үстінде тұрған қалың кітапқа көзім түсті. Бұл талайға шипа берген «Шипагерлік баян» еді. Жәдігерге көңілім ауғаны соншалық, парақтап отырып, емшіден осы кітап және оны жазған адам туралы айтып беруін өтіндім. Қытайдан Атырауға келген Үрімші медициналық университетінің шәкірті, невропатолог дәрігер Қадылбек ТОҚАН (суретте) өтінішімді қуана құп алды.
- «Шипагерлік баян» Қытайға қалай кетіп қалған?
- Мыңнан аса парағы бар қолжазбаны Өтейбойдақтың ұрпақтары революция кезінде Қазақстаннан қашқанда өздерімен бірге ала келген. Кезінде бұл жәдігер Өтейбойдақтан кіші інісі Топайға өтіп, содан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тапқан. 1932 жылы Түменбай Ыстанбайұлы қолжазбаны Қытайға алып келіп, ол Текес ауданы Шиліөзек ауылында сақталған. 1952 жылы Түменбай немере інісі Қатиппен бірге кітапты шағатай тілінен қазіргі қазақ тіліне аударған. Оны соңғы рет мұра ретінде қолына алған Түменбайдың ұлы – Нұртай болды. 1968 жылғы «мәдени төңкеріс» кезінде қытайлық хунвейбиндер қолжазбаны тәркілеп, отқа тастайды. Нұртай оны жалындаған оттан суырып алып, аман сақтап қалады. Ол оны әкесінің қабіріне тығып тастайды. Ал 26 жылдан кейін елдегі режим өзгергенде, араб әліпбиімен Үрімші қаласында басып шығарды. Екі жылдан кейін кітап қазақ тілінде Алматыдағы «Жалын» баспасынан жарық көрді. Міне, бұл кітаптың тарихы осындай. Оттан да, судан да аман қалған қолжазба біздің дәуірімізге дейін жетіп отыр.
- Өтейбойдақ шешекке қарсы шипа тапқан алғашқы адам деп естіп едім...
-Бұл шындық. Бұл індет шипагердің талай отандастары-ның өмірін жалмады және бұған дауа таба алмағаны оның қабыр-ғасына қатты батты. Көптеген ізденістер мен сынақтардан кейін ол қарапайым халық емін ойлап тапты. Емші шешек жарасының іріңін алып, тананың шабын тіліп, соған жақты. Бір аптадан кейін ол жерде ісік пайда болады және оның сұйықтығы шешекпен ауыратын адамның терісіне жағылады. Ал аурудың алдын алу үшін бұл дәріні адамның білегіне жағады. Медицина тарихында шешекке қарсы екпені ағылшын дәрігері Эдуард Женнер алғаш рет 1796 жылы ашты деп есептеледі. Ал Өтейбойдақ осы қауіпті індетке қарсы емді Женнерден көп уақыт бұрын ойлап тапқан.
ҚЫТАЙДАҒЫ ХАЛЫҚ ЕМІ
- Қазақтың халық емі Қытайда қаншалықты әйгілі?
- Қазір Үрімші қаласындағы Синьцзян медициналық университетінде қазақ халық медицинасы факультеті бар. Колледж ашылды, тек қазақтың ескі ем-домымен емдейтін зертхана мен аурухана салынды. Ө. Тілеуқабылұлы ілімі мен қазақ халық медицинасын зерделеу үшін Қытайда2 мемлекеттік медицина орталығы құрылды және бұған қытай билігі үлкен қаражат салуда. Жалпы, Қытайда науқас адамды алдымен халық емшілері қарап, ем жасайды. Тек содан кейін ғана еуропалық медициналық білім алған дәрігерлермен ақылдасады. Ол жақта бізде дәстүрлі емес аталатын қытай халық медицинасына үлкен басымдық беріледі. Қазақстанда, өкінішке орай, қазақ ұлттық медицинасына көп мән берілмейді, мемлекеттің де қолдауы шамалы.
БАБАЛАР СЫЙЫ
- Өтейбойдақтың өмірі туралы мәліметтер қайдан алынды?
- Ө. Тілеуқабылұлының өмір деректері, туған уақыты және басқа да мәліметтер оның «Шипагерлік баян» кітабынан алынды. Онда ол 1397 жылы Жетісуда туғанын, Албан руынан шыққандығын жазады. Кітапты 1467 жылы Жәнібек ханның өтінішімен 79 жасында жазып бастағанын, 1475 жылы, яғни, хан көз жұмғаннан кейін аяқтағанын айтқан. Өтейбойдақ 90 жасында бақилық болғаны жөнінде де деректер бар.
Дәрігерлік, емшілік қасиет Өтейбойдаққа аталарынан дарыған екен. Бабалардың бай тәжірибесін терең меңгерген емші бұл іске бар өмірін арнайды. Бұл жолда ол әл-Фараби сияқты атақ-даңқ, байлық қумады, өмір бойы емшіліктің терең сырларын зерделеумен болды.
Ол өз өсиеттерінде: «Мен өз емімді асқан байға да, тақыр кедейге де жасадым», - деп жазды. Яғни, ол адамның байлығы мен мәртебесіне қарамастан, барлығына да шипа жасаған.
Бұл кітап қазақ ұлттық медицинасы тәжірибесінен баға жетпес мәліметтер береді. Оның түрлі қоспаларды пайдаланып, мыңнан аса дәрі, төрт мыңнан аса шипа түрлерін ұсынғаны бізге Өтейбойдақтың ұлы емші және үлкен ғалым болғанын тағы бір дәлелдейді.
...Ғаламтордан осы ғажап адам туралы мәліметтер іздеп отырып, мен 2002 жылы Алматы облысы Райымбек ауданының Шалкөде ауылында бұл кісіге ескерткіш орнатылып, Алматыда көше аталғаны туралы деректер таптым. Бүкіл әлем Ибн Сина мен Әбу Насыр әл-Фарабидің ұлы туындыларын білетінін ескерсек, маңыздылығы жағынан олардан қалыспайтын еңбек жазған Өтейбойдақтың есімі осы уақытқа дейін елеусіз болғанына әлі де таңмын.
Зинат ОРЫНБАСАРОВА
Суретті түсірген автор