
Құрманғазы ауданының Кудряшево ауылдық округінде терапевт дәрігер жоқ. Ауыл тұрғындары бұл мәселеге алаңдап, дабыл қағып отыр. Олар өзге созылмалы ауруларды айтпағанда, шұғыл медициналық көмек қажет ететін кезде не істейміз деп уайымдайды.
Мәселе ауылдық округ құрамындағы екі ауыл - Кудряшево мен Жаңаауылға да қатысты. Жергілікті тұрғындар екі ауылдағы екі дәрігерлік амбулаторияның жабылып, фельдшерлік-акушерлік пункт ашылғанын жақында білген. Осыған байланысты терапевт дәрігер штаттан алынып тасталған.
Ауылға дәрігер тұрақтамай тұрғанын айтқан тұрғындардың сөзінше, бұған дейін жұмыс істеген терапевт зейнетке шыққан. Оның орнына келген маман аудан орталығына кетіп қалған. Кейін оның орнына отырған дәрігер декреттік демалысынан соң жұмысқа кері шығады деп күтіп жүргенде штат қысқарып қалған.
Бұл туралы бізге Жаңаауыл тұрғыны Айзада Жайғалиқызы айтып берді. Оның сөзінше, Кудряшевода бұған дейін үш медбике, бір терапевт дәрігер, бір акушер, бір санитар маман мен бір күзетші болған. Ал жаңадан салынып, биыл пайдалануға берілген фельдшерлік-акушерлік пунктіде қазір тек екі медбике мен бір акушер жұмыс істесе, Жаңаауылда бір акушер мен бір медбике бар дейді.

Тұрғындар Кудряшово ауылдық округі әкімінен дәрігер мәселесін шешіп беруді сұраған. Бұл мәселе бойынша екі рет жиналыс та өткен. Бірінде ауыл әкімі қатысуымен, екіншісінде аудан емханасы директорының қатысуымен. Бірақ, екі жиналыста ештеңе өзгермеген.
– Тұрғындардың әкімдікке сенімі азайғаны сонша, әкіммен кездесуге көп адам бармады. Санаулы адам ғана жиналдық – 20 шақты. Негізгі мәселеміздің бірі – бөгеттің жарылып, судың көтерілуі болса, екіншісі – медицина мәселесі. Ауылда зейнеткерлер, орта жастағы адамдар мен балалар көп. Қалғандары қалада жұмыс істейді, – дейді ауыл тұрғыны Айзада Жайғалиқызы.
Ол жергілікті тұрғындардың саны екі мыңнан асып жығылатын Кудряшево мен Жаңаауылында жалпы тәжірибелік дәрігердің қысқартылғанын түсінбей отырғанын айтады.
- Ауыл әкімі округ халқы 2100-ді құрайды деп отыр. «Халық саны жеткіліксіз» деген себеппен дәрігерді алып тастады дейді әкім. Сонда терапевт дәрігер бөлуге бұл жеткіліксіз бе? Әкімнің жауабы көңілден шықпады. Бізге дәрігер көмегі қажет болғанда не істейміз? Бізге ауылға дәрігер керек. Ауыратын үлкен кісілеріміз бар, балалар бар, - дейді Айзада
Оның айтуынша, ауылда қант диабетімен ауыратын адамдар да көп, гемодиализ алып жүрген науқастар бар.
– Менің енем 90 жаста. Жүрегі ауырады, қан қысымы бар. Ауылда дәрігер болмаса не істейміз? Ол кісі жол көтере алмайды. Аудан орталығына таксимен тасу да оңай емес, – дейді Айзада Жайғалиқызы.
Облыстық денсаулық басқармасы бізге Құрманғазы аудандық ауруханасының директоры Саида Зулхашеваға сілтеп, мынадай жауап берді:
“Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің №49 бұйрығына сәйкес, халық санына қарай алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдардың түрлері белгіленеді. Атап айтқанда, халық саны 500–1500 адам аралығындағы елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) ұйымдастырылады, ал халық саны одан жоғары болған жағдайда дәрігерлік амбулатория қызмет етеді.
Аталған елді мекендердегі халық саны: – Арна ауылында – 753 адам; – Кудряшево ауылында – 1102 адам. Осыған байланысты елді мекендердегі медициналық қызмет көрсету қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес ұйымдастырылған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, халыққа алғашқы медициналық көмекті фельдшерлер мен кеңейтілген практика бойынша бакалавр деңгейін тәмамдаған медбикелер көрсетеді. Сонымен қатар, медициналық қызметтің сапасы мен сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында көршілес Байда дәрігерлік амбулаториясының дәрігері куратор ретінде бекітілген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Құрманғазы ауданында жалпы тәжірибелік 30 дәрігер жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Сондай‑ақ медициналық қызмет көрсету тұрақты бақылауда екені айтылды.
Алайда ауыл тұрғындары қағаздағы есеп пен ресми мәліметтен гөрі күнделікті өмірде дәрігердің жанында болғанын қалайды. «Бізге дәрігердің ауылда болуы қажет. Қалаға сабылу қиын, әсіресе қарттар мен балалар үшін. Қағаздағы есепке емес, нақты өмірге назар аударса екен», – дейді тұрғындар.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +29.3