
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі артериялық гипертензиясы (қан қысымының жоғарылауы) бар пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін өзгертетін түзетулер жобасын әзірледі. Олар үшін елімізде алғаш рет «бірге төлеу» механизмін енгізу жоспарланып отыр.
Құжатқа сәйкес, бұдан былай қан қысымы жоғары қазақстандықтардың өзіне тиесілі медикаменттерді қалай және қайдан алуды таңдау мүмкіндігі пайда болады.
Жаңа механизм қалай жұмыс істейді?
Ереже жобасы бойынша пациенттерге екі түрлі таңдау нұсқасы ұсынылады:
1-нұсқа (Бұрынғы тәртіп): Пациент бұрынғыдай өзі тіркелген емханадан дәрігердің рецепті бойынша тиісті дәрі-дәрмекті толықтай тегін ала алады.
2-нұсқа (Жаңа тәртіп): Егер емделуші емханада жоқ нақты бір шетелдік брендтің өнімін (дженерик емес, түпнұсқа дәріні) алғысы келсе, ол рецептпен кез келген жеке дәріханаға бара алады. Бұл жағдайда мемлекет бекіткен тегін дәрінің құны шегеріліп, пациент тек баға айырмашылығын ғана өз қалтасынан қоса төлеп, қалаған бәсі жоғары дәрісін сатып ала алады.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл жаңашылдық халықтың бұған дейін тегін пакет шеңберінде қолжетімді болмаған импорттық препараттарға сұранысын қанағаттандырады, сондай-ақ емхана дәріханаларындағы ұзын-сонар кезек мәселесін шешеді деп есептейді.
Ведомство өкілдерінің пайымдауынша, қоса төлеу механизмі жүйені барынша икемді етеді: пациенттер қаржыны үнемдеуді немесе нақты өндірушіні таңдауды өздері шешеді. Сонымен қатар бұл қадам жеке дәріхана желілері арасындағы бәсекелестікті ынталандырып, қызмет көрсету сапасын арттыруға тиіс.
Айта кетсек, аталған түзетулер жобасы «Ашық НҚА» (Открытые НПА) порталында орналастырылған және 2026 жылдың 8 маусымына дейін қоғамдық талқылауда болады.
В Атырау +22.3